АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлікпен қаланы аралады

Add2pve88dzXEZvr-lgШымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлікте БАҚ өкілдерімен бірге қаладағы көлік инфрақұрылымы мен коммуналдық шаруашылық саласындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен қаланың даму жоспарына сай, Қонаев даңғылының жобасымен танысты. Айта кетейік, аталмыш даңғыл жолы жоспарға сай алдағы бірер жылда Ташкент тас жолына дейін жалғасып, ондағы көне үйлердің орнын қаланың сәулеттік келбетін арттыратын зәулім тұрғын үй кешендері алмастырмақ. Осы бағытта қала әкімі жауапты сала мамандарына тиісті міндеттерді жүктей отырып, алдағы қаңтар айында даңғыл жолдың ұзарту мерзімі мен бағытын айқындау үшін арнайы жиын өткізетінін ескертті.

Мұнан кейін қала әкімі Терешкова көшесінің №50 үйінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар қала басшысына  ең алдымен жедел сатының қызметіне мұқтаж екендігін жеткізді. Айта кетейік, осыдан 25 жыл бұрын пайдалануға берілген жедел саты бүгінде әбден тозығы жетіп, ұзақ уақыт істен шығып қалған еді. Осы жағдаймен танысқан қала әкімі тиісті сала мамандарына 54 жанұя мүшелері мекен еткен 9-қабатты үйге алдағы екі ай уақыт мерзімінде жаңа жедел саты орнатып беруді тапсырды. Сондай-ақ, қала аумағында мұнан өзге де 4-көпқабатты үйдің тозығы жеткен жедел сатысын келер жылдың алғашқы тоқсанында толығымен ауыстыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша, жауапты мамандарға аталмыш көше бойын толығымен жарықтандыру мәселесін де тапсырды.

Мұнан кейін қала әкімі Есіл көшесінің бойында орналасқан жылу беру станциясының жұмыс барысымен танысты. Айта кетейік, 2009 жылы пайдалануға берілген аталмыш станция бүгінде қала тұрғындарын жылумен қажетінше қамтып отыр.