Өмірде әртүрлі апатты жағдайлар орын алады. Бірақ тосын оқиғалардың бәрі сәтті болады деу қиын. Ажал құштыратын апаттан сақтасын! Бірақ адам бәрін біліп тумайды. Алдағысын болжауы бек мүмкін. Бірақ апаттың жақсысы жоқ. Биылғы жылдың басында Ресейдің Красноярск маңына құлаған метеориттің жер-жаһанды алаңдатқаны мәлім. Адам шығыны болмаса да, бірталай ғимараттар мен үйлер зақымданды. Тіпті метеориттің сынығын сатып, аяқастынан пайдаға кенелмек болғандар да кездесті. Ондайларға Ресейдің құқық қорғау органдары тосқауыл қойды. Бірақ ғарыштық апаттың жөні басқа. Жер дүниені өзіне қаратып, көк аспанды тіліп ұшқан жер серігінің ұшу сапарының барлығы сәтті аяқтала қойған жоқ. Оған мысалдар да жеткілікті.
1967 жылдың 27 қаңтарында Кеннеди атындағы ғарыштық ұшу орталығында «Аполлонның» Айға ұшу бағдарламасы бойынша жаттығу жұмыстары болып жатқан сәтте ғарышкерлер Вирджил Грисс, Эдвард Уайт және Роджер Чаффидің экипажы отқа оранды. Ракета тасымалдаушы «Сатурнның» басқа бөлігінде арнайы жаттығу бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан үш ғарышкердің кабинасының іші кең, еркін қозғала алады. Біреуі жұмыс істесе, екінші өз ісімен шұғылданып, үшіншісі көз шырымын алады. Сынақ жұмыстары жаттығуға арналғандықтан жер серігі жанар-жағармаймен жабдықталмады. Сондықтан алаңдауға да еш негіз жоқ еді. Алайда «ажал аяқастынан». Ғарышкерлердің жұмыс істеп жатқан кабинаның ортаңғы бөлігінде кенеттен от жалын лап етіп, оны сөндіру мүмкін болмай қалды. Қас-қағым сәт. 90 секундқа ғана созылған өртте үш ғарышкерді аман алып қалу мүмкін болмай қалды. Оларды құтқаруға бірнеше секунд қана жетпеді. Лап ете қалған, көз ілеспес жылдамдықпен болған өртте қосымша есікті ашуға да қол жетпей қалған. Сөйтіп қысқа, бірақ трагедиямен аяқталған от-жалын ешқандай нәтиже бермеді. Өрттің шығу себебі неде? Оны анықтау да мүмкін болмады. Арнайы құрылған комиссияға да шешім шығару қиынға соқты. Тек алдын ала болжам айтылды. Өрт электр сымдарының тұйықталуынан орын алған. Осы оқиғадан кейін америкалық басшылар өздерінің ғарыш саласына қатысты тұжырымдамаларын қайта қарауға мәжбүр болды. Отқа төзім-ді, өртке берік жер серігі «Аполлонды» қайта жабдықтауды қолға алды. Айға арналған арнайы бағдарламаны жүзеге асыру да уақытша тоқтатылды. Тек бірнеше жыл өткен соң ғана, 1968 жылдың 11 қазанында «Аполлон» ғарыш кемесі көкті тіліп, жоғары қарай ұшты. Бірақ америкалық емес, КСРО ғарышкерлерінің де ұшу сапарының барлығы сәтті аяқтала қойған жоқ. 1967 жылы кеңестік космонавтика үшін ауыр жыл болды. Осы жылдың 23 сәуірі ұмытылмастай болып қалды. «Байқоңыр» айлағынан «Союз-1» ғарыш кемесі ұшқаны белгілі. Сынақ мерзімі іспетті ұшырылған жер серігі кеңестік өте тәжірибелі ғарышкер полковник Владимир Комаровқа сеніп тапсырылды. Қалай айтқанда да, америкалық «Аполлон» секілді бұл жерде бәрі сәтті болады» деген сенім бола қойған жоқ. Бұл сынақ түрінде болғандықтан күмән қоюлау болғаны рас. Алайда ұшу барысы ойдағыдай өтті, барлығы бағдарлама бойынша өтіп жатты. Полковник Комаров барлығының сәтті жүзеге асып бара жатқаны жөнінде «Жерге» хабарлап жатты. Ғарыш кемесі «басқаруға» көніп, атмосфераның қалың қабатына шықты. Тежегіш құралдары да іске қосылды. Барлық операция ойдағыдай орындалды. Тек соңғы кезеңде ғана ешкім күтпеген жағдай орын алды. Жер серігі атмосфераға шыққан сәтте, парашют ашылуы тиіс еді. Бірақ парашюттік жүйе істен шықты. Мұнан соң «Союз-1» ғарыш кемесі снарядтың жылдамдығымен жерге қарай 644 шақырым жылдамдықпен құлдилап келе жатты. Соңында от жалын қалдырып, зымыраған жер серігі мен ғарышкерді аман сақтап қалуға еш мүмкіндік болмады. Құлдилаған күйі келіп, ғарыштық аппарат жерге соғылды. Полковник Комаров бірден қайтыс болды. Ен далаға түсіп, жермен-жексен болған жер серігі құлаған жерге кейіннен ескерткіш белгі орнатылды. 1967 жылы орын алған екі-үш апаттан кейін АҚШ-тың да, КСРО-ның да ғарыштық ұшу бағдарла-масы кейінге қалдырылды. Бірақ бағдарлама жалғасын тауып жатты. Әсіресе, америкалық ұлттық ғарыш агенттігі айды бағындыру саясатын одан ары табысты жалғастыра берді. Америкалық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, мұнан кейін бірде- бір апат орын алған жоқ. Бірінен соң бірі 12 ғарыш кемесі ұшырылды. Алайда аяқастынан пайда болатын оқиғаның кейбір құпия сырлары әлі күнге дейін толыққанды ашылмай келеді. «Аполлон» жер серігінің кислородтық атмосферадағы жарылысының себебі әлі белгісіз күйінде қалып отыр. «Союз-1» ғарыш кемесінің парашюттік жүйесінің ашылмай қалуы да бүгінге дейін түсініксіз күйінде қалды. Тіпті «Союз-1» жер серігінің орбитада болу уақытын да мамандар әртүрлі көрсетеді: америкалық ғалымдар «Союз-1» кемесі атмосферада 25 сағат 12 минут ұшты десе, халықаралық ғарыштық энциклопедияның авторы К.Гэтланд 26 сағат 45 минут деп көрсетеді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас. 1971 жылдың 6 маусымында «Союз-11» ғарыш кемесінің бортында болған ғарышкерлер Георгий Добровольский, Владислав Волков және Виктор Пацаевтың тағдыры өліммен аяқталды. Барлық бағдарламаны орындап, жерге оралып келе жатқан сәтте олар бақилық болды. Іздеушілер құлдилау аппаратын тапқан сәтте ғарышкерлердің жүзінде тіршіліктің ізі де жоқ еді. Ал мұның себебі неде? Мұны тәжірибелі ғарышкер Алексей Леонов анықтап бергендей болды: «Қателік құлдилау аппаратының құрылымдық бөлігінде болған. Құрастыру кезінде арнайы мамандар аппараттың ауа кіретін бөлігіндегі клапанды қатты бұрамаған. Жерге құлдилап келе жатқан шар тәрізді домалақ пішінді аппараттың клапандық бөлігі қысымға шыдамай жыртылып кеткен. Жоғары қысымды ауада аяқастынан орын алған осындай оқиғадан кейін 20 мм-тік жыртықтан кейін ғарышкерлер естерінен айырыла бастаған. Негізі штаттық кесте бойынша жерге 4 шақырым ғана қалғанда ашылуы тиіс болатын клапан сөйтіп өте жоғарыда, мерзімінен бұрын вакуумда жыртылып кеткен. Аппараттағы ауа сөйтіп бірер минуттың ішінде вакуумдық кеңістікте сыртқа шығып кеткен. Мамандар «22 мм-лік жыртықты саусақпен немесе алақанмен болса да жабуға болатын еді» деген дәлелді алға тартады. Айтуға ғана оңай ғой. Жыртылған клапанға жету үшін кем дегенде 52 секунд керек. Бірақ оған уақыт жетпеді, 80 секундтан кейін ғарышкер Волковтың, 100 секундтан соң Пацаевтың, 120 секундтан кейін Добровольскидің жүрегі тоқтап қалған. Сол бір кезеңде ғарыштық апат бірінен соң бірі орын алып жатса да, АҚШ пен КСРО арасындағы ғарыштық тайталас одан ары жалғаса берді. 1969 жылдың 21 шілдесінде ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне қонып, бүкіл америкалықтар шат-шадыман көңілмен қуанышын тойлап жатқан тұста, кеңестік ғарыш саласында бірінен соң бірі апаттар қайталанып жатты. Ресми Мәскеу-дің Айға арналған бағдарламасының жолы болмады. Кеңестің Н-1 ракетасы ұшу алаңында немесе көкке көтерілген сәтте жарылып, отқа оранып жатты. Н-1 70 секундтан соң ауада жарылды. Екінші ракета да соның жолын құшты. Арада шамалы уақыт өткен соң Н-3 ракетасының да құйрық жақ тұсы отқа оранып, істен шықты. Н-4-тің де двигателі 70 секндтан соң өртеніп кетті. Айда Армстронгтің табанының ізі қалған сәтте, орыстың ғарыш саласы осылай апатқа ұрынып жатты. Ақыры болмаған соң ресми Мәскеу Айға арналған бағдарламаны уақытша тоқтатты. Ал бұл уақытта Америка ғарышқа 12 жер серігін ұшырып, бәрі де сәтті аяқталды. Алайда ғарышқа ұшу барысында әртүрлі қызықты оқиғалар орын алатынын да жасыруға болмайды. Мамандардың бағалауы бойынша, істен шыққан жер серігінің сынған қалдықтарымен қатар, әртүрлі құралдар әуеде жерді айналып жүр. Олардың 20 мыңнан астамы қазір арнайы радармен қадағаланып отыр. Америкалық ғарышкер Суни Уильямс 2007 жылы ашық ғарышқа шыққан сәтте қолындағы бейнекамерасын түсіріп алған. Ашық кеңістікке шыққан сәтте тағы АҚШ ғарышкері Скоп Паразински күн қуаты бар батерейкасынан айыры-лып қалған. 1965 жылы алғаш рет ашық кеңістікке шыққан Эдда Уайт өзінің қолғабын түсіріп алған. Ғарышта бір айға жуық уақыт бойы қалқып жүрген қолғап ақыры атмосферада жанып кеткен. Жалпы, мұндай жағдайлар АҚШ ғарышкерлерінде жиі орын алатын көрінеді. 2008 жылдың қараша айында америкалық Хайдемари Стефанишин-Пайпер құны 100 мың доллар тұратын құрал-саймандарын ашық ғарышқа шыққан кезде қолынан түсіріп алған. Деректерге жүгінер болсақ, апатты жағдай орын алса да, орын алған жайтты дереу түзеп, ары қарай ұшуын жалғастырып кеткен оқиғалар да бар. 1969 жылдың 14 қарашасында АҚШ-тың жерден көтерілген «Аполлон-12» ғарыш кемесінің жылу, қуат элементтері істен шыққан. Ғарышкерлер мен ұшуды басқару орталығы дереу бұл апатты жағдайды түзеп үлгерген. Кейіннен орын алған оқиғаны тексере келгенде, «Аполлон-12» ғарыш кемесін екі рет, яғни 36 секундта және 52 секундта найзағай ұрғаны белгілі болған. Ең қуаныштысы сол, мамандар мен ғарышкерлер апатты оқиғаны тез арада қалпына келтірді. Ғарыш саласына қатысты ең соңғы апат 2003 жылдың 1 ақпанында тіркелгені белгілі. 15 күндік ұшудан кейін құрамы 7 адамнан тұратын «Columbia» ғарыш кемесі атмосфераның қалың қабатына кіргеннен кейін жоғалып кетті. Берік Бейсенұлы |