Жыл сайын жаңа оқу жылының қарсаңында Алматы қаласындағы аралас мектептердің қазақ сыныбына оқушы қабылдамай, ата-аналардың редакциямызға хабарласып, шу шығаруы үйреншікті жағдайға айналды. Бір емес, бірнеше рет қайталанып отырған жағдайға кімді кінәлайтының да белгісіз. Елімізде жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алуға ынталы оқушылардың қатары жыл санап артып келе жатыр. Тіпті баласын мемлекеттік тілде оқытқысы келетін өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Бұл түбінде қазақ тілінің өз елінде қанатын кеңге жайып, нағыз өз мәртебесіне ие болатынына деген халықтың сенімі болса керек. Әйтсе де осыған қарамастан, кейбір білім ордалары басшыларының қазақ тілінде білім алғысы келетін балаларды кеудесінен кері итеріп отырғанын қалай түсінеріңді білмейсің.
Түрксібтік мектептер қазақ сыныптарын неге түртпектейді?!
Осыдан үш жыл бұрын Түрксіб ауданына қарасты №49 жалпы білім беретін аралас мектепке қатысты газетіміздің 28 мамыр күнгі №87 санында «Қазақ сыныптарын жабу туралы әңгіме қайдан шықты?» атты мақала жарық көрген болатын.
Редакциямызға хабарласқан бір топ ата-ана: «Түрксіб ауданына қарасты №49 жалпы білім беретін аралас мектептегі қазақ сыныптарын себепсізден себепсіз жауып жатыр. «Жаңа оқу жылынан бастап қазақ бөлімінің 1-сыныбына балалар қабылданбайды» деген хабарландыруды мектеп алдына іліп қойған. Мұндағы қазақ сыныптарының өзі бір-бір сыныптан ғана, тоғыз жылдық болатын. Ашылғанына он шақты жылдан асса да, тоғыз жылдықтан әрі аспай қойған қазақ сыныптарын 11 жылдық болар деп күтіп жүргенімізде оның өзін қысқартып жатыр. Алдағы уақытта 1-сыныптан бастап балаларды қабылдамау арқылы жыл сайын қазақ сыныптарын азайтып, қазақ бөлімін мүлдем жауып тастамақшы», – деп шырылдаған.
Жаңа оқу жылынан бастап қазақ сыныбының 1-сыныбына балалар қабылдамайтынын айтқан мектеп басшысы біздің газетіміздің араласуынан кейін ғана қазақ сыныбына балалар қабылдайтынын жеткізген. Айта кетерлігі, алғашында «аралас мектепті орыс мектебіне айналдыру жөнінде жоғарыдан нұсқау келді» деген мектеп басшысы, артынан ол сөзінен айнып шыға келген. Білім басқармасы да ешқашан аталмыш мектепке ондай нұсқау бермегенін айтып ақталған-ды. Қазақ бөліміне оқушы қабылдамау арқылы аралас мектепті орыс мектебіне айналдыру жөніндегі ұсыныстың қайдан шыққанын анықтай алмасақ та, соңында мектеп басшысының қазақ сыныбына бала қабылдамау жөніндегі жоспарын жүзеге асыруға жол бермегенімізге қуанғанбыз. Артынан мәселе шешілгенімен, аралас мектепті қазақ сыныптарының есебінен бір тілді мектепке айналдыру жөніндегі ұсыныстың нақты қайдан шыққанын сол күйі анықтай алмаған едік.
Биыл тағы да…
Биыл тағы да Түрксіб ауданына қарасты №83 мектептің қазақ сыныбына балалар қабылдамай жатқаны туралы ата-аналар редакциямызға арызданды.
Рауза, ата-ана:
– Осыдан екі жыл бұрын Түрксіб ауданындағы ата-аналардың өтініші бойынша №83 мектептен қазақ сыныбы ашылған болатын. Бұл мектеп – өнер мектебі. Ата-аналар «біздің де баламыз өнерлі болса екен» деген тілекпен жоғары жаққа бірнеше рет хат жазып жүріп, қазақ сыныптарын әзер аштырған болатын. Сол кезде қабылданған балалар қазір 2-сыныпты бітірді. Орыс сыныбына биыл бірінші сыныпқа жеті сынып, дайындық сыныбына төрт орыс бөлімін қабылдады. Ал қазақ сыныбы толып қалды деген сылтаумен қазір қазақ сыныбына бала қабылдамай отыр. Бергің келсе, балаңды орыс сыныбына бер дейді. Біз баламыздың қазақ тілінде білім алғанын қалаймыз. Түрксіб аудандық білім бөліміне арызданып барсақ, қасында тұрған басқа мектептерге берсеңдерші дейді. Неге біздің баламыз өнер мектебінде оқымауы керек?! Сондай білікті, алдыңғы қатарлы гимназиядағы балалар санын неге 50 пайыз орыстілді, 50 пайыз қазақтілді жасамасқа?! Қазір олар қазақ бөлімінің дайындық сыныбына бала қабылдамай, былтырғы дайындық сыныбын бірінші сынып қыламыз деп отыр. Олар осылайша бала жоқ деген сылтаумен қазақ сыныптарын жауып тастайды. Рас, қасында қазақ мектептері бар. Бірақ олар жай мектептер. Біз баламызды гимназияға, өнер мектебіне бергіміз келеді. Жыл сайын көктемде орыс сыныбына балалар қабылдаймыз деп есіктерінің алдына хабарландыру жазады, ал қазақ сыныптарын көрсетпейді. Себебі бала саны толмады деген сылтаумен қазақ сыныптарын жауып тастауды көздейді. Біздің тілегіміз қазақ сыныптары көбейсе екен. Сонда олар бір-бірімен қазақ тілінде сөйлеуге де ұмтылар еді. Сыныпта ғана емес, мектеп ауласында да қазақша сөйлер еді.
Аталмыш мектепке ата-ананың кейпіне еніп біз де бардық. Мектеп директоры мен орынбасарларын таба алмадық. Вахтада отырған апай «қазақ сыныбына бала қабылдамаймыз, тек орыс сыныбына. Қазақ сыныптарына бергіңіз келсе, көрші қазақ мектептеріне барыңыз» деді. Сондай-ақ бүгінгі күні қазақтілді бірінші сыныпқа 37 бала қабылданғанын, одан артық қабылдай алмайтындарын жеткізді. Осы мәселеге орай Алматы қалалық білім басқармасының бастығына хабарластық.
Рахат ШИМАШЕВА, Алматы қалалық білім басқармасының бастығы:
– Мен бұл мәселені сіздерден естіп тұрмын. Қазір аудандық білім бөліміне хабарласып, мән-жайды анықтап, қайта хабарласамын.
Шамалы уақыттан соң Түрксіб аудандық білім бөлімінің бастығы хабарласып, былай деді.
Мекебай ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ, Түрксіб аудандық білім бөлімінің бастығы:
– Сіз Рахат Сейдахметқызына хабарласқан екенсіз. Осы мәселе жөнінде №83 мектептің директорымен сөйлестім. 1 тамызда мектеп директоры еңбек демалысынан келеді, сосын тағы бір қазақ сыныбын ашады.
Айта кетер жайт, Түрксіб ауданында бұл мәселенің бір емес, екінші рет қайталанып тұрғанына қарамастан, аудандық білім бөлімінің бастығы бұл мәселе жөнінде мақала жазбауымды өтінді. Тіпті қазақ сыныбын ашу өзінің тікелей міндеті екеніне қарамастан, «мен сіздің айтқаныңыздың бәрін орындап отырмын ғой, сіз де бұл жайлы газет бетіне мақала жарияламаңыз» деп сілкінді.
Жалпы…
Биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында Алматы қаласындағы жалпы орта білім беретін мектептерді санамалап шықтық.
Максима НҰРИҚЫЗЫ, Алматы қалалық білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бастығы:
– Биылғы оқу жылының мәліметі анық болмағаннан кейін, былтырғы оқу жылының мәліметін бере аламын. 2012-2013 оқу жылында Алматы қаласы бойынша 163 478 оқушы білім алған. Оның ішінде қазақ тілінде білім алған оқушылардың саны 73 782 болса, 85 956-сы орыс тілінде білім алған. Ал мектептер санына келетін болсақ, Алматы қаласы бойынша жалпы саны 185 мектеп болса, оның 59-ы – қазақтілді, 62-сі – орыстілді, 61-і –аралас, 3-еуі – ұйғыр мектебі.
Оңтүстік Астанада әлі де болса орыс мектептерінің саны басым болып тұр. Тәуелсіздік алып, Қазақ елі дербес ел атанып, қазақ тіліне үстемдік берілгеніне жиырма шақты жыл болса да, қазақ тілінің кең қанат жаюына бірден-бір әсер етер қазақ мектептері санының көбеймей отырғаны өкінішті. Қазақ тілін үйретудің негізі балабақша мен мектептерде қалыптасатынын ескерсек, неге қазақтілді білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер санын көбейтпеске? Осы орайда «тіпті қазақ мектептерінің санын көбейтуге жағдай жасалып жатыр ма» деген сұрақ еріксіз туындайды. Бұған да күмәніміз бар… Мәселен, жыл сайын қаламызда табиғи өсіммен қатар, ішкі миграция әсері, оның ішінде күнкөріс қамымен ауылдық жерден қалаға көшіп келіп жатқан қазақтілді отбасылардың көптігі байқалады. Ендеше, осыған сай қазақ мектептерінің саны неге көбеймейді? Олардың санын көбейтудің орнына, керісінше, қазақ сыныптарына бала қабылдамай қою секілді жайттардың тіркеліп жатуы қалай? Мәселен, қаламыздағы кейбір мектептерде, мысалы, 9-сыныптың алтау-жетеуге дейін жеткенін көріп жүрміз. Ендеше, бір сыныпта 30 балаға дейін қысылып-қымтырылып оқып жатқан қазақ сыныптарын орыс мектептерінің әсерінен неге көбейтпеске?! Арифметикаға салып көрсек, өткен оқу жылында Алматы қаласы бойынша 73782 бала қазақ тілінде білім алса, 85956 оқушы таза орыс тілінде білім алған. 2010 жылы 68 157 бала қазақ тілінде, 89532 оқушы орыс тілінде білім алғанын ескерсек, статистикадан жыл өткен сайын қазақ тілінде білім алатын оқушылар санының көбейіп, орыс тілінде білім алатындар қатарының азайғанын байқауға болады. Ендеше, неге қазақ мектептерінің санын көбейтпеске? Бүгінгі күні қазақ мектептерінің саны орыс мектептерінен де, аралас мектептерден де аз екенін жоғарыдағы статистика байқатып отыр. Егер қазақ мектептері көбейсе, баласын мемлекеттік тілдегі білім ошақтарына бергісі келетін ата-аналардың саны әлі де болса артар еді. Алдымен қазақ мектептерінің санын арттыра алмай отырып, ата-анаға «балаңды неге қазақ сыныбына бермейсің» деп ренжудің, ал қазақ баласына «неге қазақша сөйлемейсің» деп кінәлаудың реті бар ма?!
Алматы қаласында ғана емес, қазақ сыныптарының санын арттыру жалпы елімізде өте баяу жүруде. Еліміздегі қазақ мектептерінің көбінде оқушы саны қалыпты деңгейден артық. Тіпті оқушы санының көптігіне байланысты оқушыларын үш ауысыммен оқытып жатқан қазақ мектептері де баршылық. Оның үстіне, жыл өткен сайын балаларын қазақ мектептеріне бергісі келетін ата-аналар санының еселеп өсе түсуі де қазақ мектептеріне деген сұранысты өсіре түсуде. Әйтсе де қоғамның бұл сұранысын дер кезінде өтей алмай отырмыз. Тіпті іргетасынан бастап жаңадан қалап, қазақ балаларына жаңа қазақ мектебін салып бермесек те, бала санын толтыра алмай отырған орыс мектептері есебінен қазақ мектептерінің санын неге арттырмасқа?! Әсіресе бұл мәселе Солтүстік облыстарға тікелей қатысты.
Дос КӨШІМ, саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:
– Қазір елімізде қазақ мектептерінің саны жеткіліксіз. Әйтсе де қазақ мектептеріне деген сұраныс күн өткен сайын өсіп барады. Баласын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар санының өсе түсуі де қуантып отыр. Біз халықтың осы ынта-ықыласына сай қимылдап, дер кезінде қазақ мектептерінің санын көбейтуге, оларды сапалық тұрғыдан жақсартуға күш салуымыз керек. Бірақ дәл қазір осыған батыл бетбұрыс жасау жетіспей тұр. Мәселен, Риддер қаласында 17 мектеп бар екен. Оның біреуі ғана – таза қазақ мектебі. Қалғанының барлығы – орыс мектептері. Ал жалғыз қазақ мектебіне қазір балалар сыймай жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері «жаңадан қазақ мектебін саламыз» деген құр уәдемен ғана құтылуда. Өз басым есептеп көргенімде орыс мектептерінде 5 мың оқушының орны бос тұрғанына, сол орыс мектептерін біріктіру арқылы 16 мектептің ең болмағанда бір-екеуін қазақ мектебіне айналдыруға болатынына көз жеткіздім. Тіпті кейбір орыс мектептері 30-40 пайыз ғана толық. Демек, бізге жаңадан мектеп салудан гөрі әлгі жартылай бос тұрған орыс мектептерін қазақ мектебіне айналдыру әлдеқайда арзанға түсер еді. Мен өз бетімше орыс мектептерін біріктіру арқылы қазақ мектебіне айналдыруды бала санына қарай есептегенімде жеті қазақ мектебін ашуға мүмкіндік барына көз жеткіздім. Бұл – бір ғана Риддер қаласындағы жағдай. Еліміздің басқа да облыстарындағы мектептерде осындай өзгерістер жасасақ, қазақ мектептерінің санын арттыруға мүмкіндік туар еді. Қазір елімізде балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар қатарының артуына орай, осындай батыл шаралар жасалуы керек және ата-аналардың өтінішіне қарай қазақ сыныптарын толассыз аша беруіміз керек.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ