АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Газет оқымайтын «оқырман» интернеттен бар керегін таба ала ма?[:]

[:kz]

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f-3Америкалық NOP  World компаниясы жуырда әлем халықтарының ақпарат арналарына деген қызығушылығын салыстырып,  ең оқымысты елдердің ондығын атады. Көш басында – Үндістан. Үнділер аптасына 10 сағат уақытын кітап, газет-журнал оқуға арнайды екен. Өкінішке қарай, оқу мәдениеті дамыған елдердің қатарында Қазақстанның аты атаусыз. Қазақ баспасөзінің дәурені аяқталуға жақын деген «көреген» болжамдардың болашағы қандай?

NOP  World жүргізген зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, адамдар бір аптадағы 16,6 сағат уақытын – теледидар көруге, 8,9 сағатын – ғаламторға, 8 сағатын – радио тыңдауға, 6,5 сағатын – басылымдарды оқуға жұмсайтын көрінеді. Оқымысты елдер рейтингінде Үндістаннан кейінгі орынға Тайланд жайғасты. Аптасына 9,5 сағатын оқуға арнайтын тайлар мерзімді басылымдардан бөлек, поэзияға ерекше ден қояды. Тайландта заманауи тілде жазатын Ангкарн Калаянапонг, дәстүрлі бағытты ұстанатын Наовоат Фонгпэйбун секілді авторлардың шығармашылығына қызығушылық зор.

Үшінші орында – Қытай. Қытайлар көбіне ҚХР тарихына қатысты кітаптар, Мао шығармалары, сонымен қатар, XII-XVIII ғасырдағы оқиғаларды арқау еткен тарихи романдарды оқығанды құп көреді. Өзге тілден аударылған шығармалар ішінде қытайлық оқырмандар Стив Джобстың өмірбаянын сүйіп оқиды. Ал рейтингтің төртінші орнына тұрақтаған Филиппин халқы жұмасына орта есеппен 7,6 сағатын кітап, газет-журнал оқумен өткізеді.  Оқымыстылардың үздік бестігін мысырлықтар тәмамдаған.  Бір аптадағы 7,5 сағат уақытын оқуға жұмсайтын Египет халқының басым бөлігі діни әдебиетке құмар. Мысырлықтардың 29 пайызы көркем әдебиетті ұнатса, 10 пайызы саяси әдебиетті көбірек оқиды.

Сонымен қатар, оқуға көбірек көңіл бөлетін мемлекеттер қатарына Чехия (7 сағат), Ресей (7,1 сағат), Швеция (6,9 сағат), Франция (6,9 сағат), Сауд Арабиясы (6,8 сағат), Венгрия (6,8 сағат) және Гонконг (6,7 сағат) еніп отыр. Аталған мемлекеттердің қай-қайсысы да оқуды тұлға мәдениетінің негізгі көрсеткіштерінің бірі деп біледі. Ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы бұл мемлекеттерде мерзімді басылымдар мен әдеби кітаптарды оқырмансыз қалдырған жоқ. Жұмыс күнін газет-журналдардың жаңа нөмірімен бастайтын, қоғамдық көліктегі, мейрамханадағы бос уақытында бірден басылымдарға шұқшиятын, кітабын заманауи гаджеттерге айырбастағысы келмейтін қауымды олар біздегідей ескіліктің табынушысына баламайды. Керісінше, жоғары мәдениеттің өкілі деп құрмет тұтады.

Жуырда белгілі журналист Қуат Әуесбайдың «Фэйсбуктегі» мына бір жазбасына көзіміз түсті: «Қай елге барсам да ең әуелі сол жердің баспасөзін іздейтін әдетім бар. Осы көктемде Еуропадағы 7 елде болып, бір құшақ газет арқалап қайтқам. Басқалар сувенир, киім-кешек, техника т.б алып жатса, мен ақшамды газетке жұмсаймын. Байқағаным, мұнда «газет оқылмайды, газет өледі» деп жатқан ешкім жоқ. Метрода, аялдамада, парктерде, кафелерде газет-журнал, кітап оқып тұрған жандарды көресің. Біз неге «газеттің күні өтті» деп дүрлігіп жүрміз сонда?». Журналистің сөзінен ұққанымыз – баспасөздің ертеңі біз айтып жүрген компьютерлік технологиялардың даму деңгейіне емес, оқырманның оған деген көзқарасына тәуелді. Газеттің қадірін қашыратын да, құндылығын арттыратын да – оның тұтынушысы, яғни оқырман. Десе де, ең мықты деген басылымдардың өзі бүгінгі оқырманды сандық дәуірдің ықпалынан оқшау ұстауға қауқарсыз екенін уақыт дәлелдеді. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың бәсекесіне құрылған ақпарат нарығында біріншісінің емес, кейінгісінің бәсі басым тұрғаны сондықтан.

«La Gazzete»-ден бүгінге дейін

1631 жыл. Бұл уақыт заманауи үлгідегі тұңғыш газет – француздың «La Gazzete» басылымы жарық көрген жыл ретінде тарихқа алтын әріптермен жазылды. Содан бері ең сенімді әрі ықпалды ақпарат көзі ретінде газет қоғам үшін маңызын жойған емес. Әйтсе де, ғаламтордың үстемдігі артқан сайын баспасөздің ақпарат нарығындағы рөлі кеміп бара жатқаны жасырын емес. «Газеттің өзі солай деген», «Бұл туралы тіпті газеттер де жазыпты» деп бұрынғыдай мерзімді басылымдардың сөзін басшылыққа алатын оқырман азайған. 2015 жылдың соңында Швецияның әлемге әйгілі «Ericsson Mobility» компаниясы жариялаған 2020 жылға қатысты болжамдар баспасөздің болашағына күмәнданушылар қатарын тіпті арттырып жіберді. Газеттің келешегіне байланысты долбарлар қаншалықты қисынды, баспасөздің өлшеулі өмірі қалды деген жорамал ақиқаттан алшақ па?

«Ericsson Mobility» компаниясы жүргізген зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, 2020 жылы жер бетінде ғаламдық желіге жалғанған қондырғылардың жалпы саны 26 миллиардқа, ал смартфон қолданушыларының саны 6,1 милииардқа жетеді. Нәтижесінде мобильді интернеттің даму қарқыны қазіргіден бетер күшейіп, оның ғаламшарды қамту көрсеткіші 90 пайызды көрсетпек. Швед компаниясының есептеулері бойынша, 2014 жылы әлемде 2,6 миллиардқа жуық смартфон қолданушы болса, 2015 жылдың алғашқы жартысында ұялы телефон сатылымындағы «ақылды» гаджеттердің үлесі 75 пайызды құраған. Өткен жылдың қаңтар-наурыз айларының өзінде мобильді байланысқа 107 миллионға жуық құрал қосылып, ұялы байланыс ғаламшардың 99 пайызын қамтыды. «Ericsson Mobility» ұсынған бұл сандық деректер қазірдің өзінде біраз қауқарын жоғалтып үлгерген баспасөздің ертеңін дүдамал ете түсті.

Газет оқымайтын адамды рухани өлгендердің қатарына қосу керек деп есептеген Остап Бендердің ұстанымы бүгінде естір құлаққа оғаштау тигенімен, өз заманында өзекті болатын. Метро мен автобус жолау­шылары бұрын жұмысқа немесе оқуға бара жатқанда газет-журналдан бас көтермесе, қазір жас та, кәрі де смартфон мен планшетті компьтерлерге шұқшияды. Сондықтан сандық дәуірде газет-журналдардың баспа нұсқадан түбегейлі бас тартуы немесе өз контенттерін интернет қолданушылары үшін де қолжетімді етуі заңдылық. Батыс Еуропа және АҚШ газеттерінде жарнамадан түсетін кірістің күрт азаюы, кадрлардың қысқартылуы және баспасөздің интернет қолданушылары арасында кең таралған әлеуметтік желілерде белсенділік таныта бастауы мерзімді басылымдардың келешегін расында да бұлдыратып жіберді.

Аптасына бір мәрте шығатын америкалық басылым «Newsweek»-тің 2012 жылдың қазанында баспа нұсқада таратылуды тоқтататынын жариялап, 2013 жылдың қаңтарынан бастап сандық форматқа көшуі ақпарат нарығының ойыншыларын бейжай қалдырмады. Журнал басшылығы экономиканың жаңа талаптарына төтеп берудің бұдан басқа жолын таппады. 2012 жылы «Newsweek»-тің қарызы 50 миллион долларға жетіп, басылымның жыл сайынғы шығыны 40 миллион долларға жуықтады. Соңғы он жылда журналдың таралымы екі есе, яғни 1,5  миллион данаға дейін қысқарды. Басылымның бас редакторы Тина Браунның айтуынша, «Newsweek»-тің интернет-аудиторияға лайықталуы журнал материалдарын қағаздан оқығысы келетіндер үшін қиындық тудырғанымен, бұл құбылыс «ұлы басылымның қайта түлеу үрдісін жеделдетті». Десе де, журнал бұрынғы оқырмандарының небәрі 100 мыңын өз соңынан ілестіре алды.

«Newsweek» баспа нұқсада жариялануды тоқтатқан АҚШ-тың алғашқы басылымы емес. Одан бұрын, 2010 жылдың қарашасында танымалдығы жөнінен үшінші орынды иемденіп келген  «U.S. News & World Report» апталығы түбегейлі сандық форматқа ауысты. Мамандардың айтуынша, «Time»-ның да жағдайы мәз емес. Соңғы жеті жылда журналдың таралымы 19 пайызға, яғни 3,3 миллионға қысқарған. Бұл – америкалықтардың баспасөзге қызығушылығы кемуінің тағы бір дәледі.  «Pew Research Center» зерттеу орталығының дерегі бойынша газет-журналдарды қағаздан оқитындардың үлесі соңғы он жылда 41 пайыздан 23 пайызға дейін құлдыраған. АҚШ оқырмандарының журнал оқу көрсеткіші 2015 жылы 2006 жылмен салыстырғанда 7 пайызға кеміді. Десе де, басылымдардың онлайн-нұсқасынан ақпарат алушылар тұрақты түрде көбейіп келеді. «New York Times» оқырмандарының 55 пайызы, «USA Today» оқырмандарының – 48 пайызы, ал «Wall Street Journal»-ды тұрақты оқитындардың 44 пайызы басылымдарды интернет арқылы оқығанды құп көреді екен.

Батыс басылымдары бабында ма?

Дәл осындай құбылысты Батыс Еуропаның ақпарат нарығынан да байқауға болады. Мәселен, Ұлыбританияда танымалдығы жөнінен үшінші орында тұрған «The Guardian» газетінің басшылығы басылымды толығымен сандық форматқа ауыстыру мүмкіндіктерін қарастыруда. «Guardian News & Media»  компаниясына тиесілі «Observer»-дің жағдайы да мәз емес. Тек 2012 жылдың өзінде «Guardian News & Media» баспа нұсқаның шығыны салдарынан 44 миллион фунт жоғалтты. Сарапшылардың болжамынша, ағылшын басылымдарына онлайн жобалардан түсетін табыстың үлесі бүгінде 8 пайыз шамасында болса,  2017 жылы бұл көрсеткіш 15 пайыздан асуы тиіс.

Газет пен журнал таралымдарының күрт азаюы, жарнамадан түсетін табыстың кемуі сынды жағымсыз үрдістер XV ғасырда кітап басу ісін әлемде бірінші болып қолға алған Германияны да айналып өткен жоқ. 2012 жылдың қарашасында елдегі танымал басылымдардың бірі, күнделікті шығатын «Frankfurter Rundschau» газеті өзінің банкротқа ұшырағанын жариялады. Оның ізінше шығынға белшесінен батқан «Financial Times Deutschland» та жабылып қалды. Неміс басылымдарының да таралым аясын тарылтқан – сандық технологияның даму қарқыны. Германиядағы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтардың арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша, неміс жастарының тек 1 пайызы ғана баспа түріндегі  газет-журналдарды ақпараттың ең сенімді көзі деп санайды.

Француз баспасөзіне де жаңа техно­логиялардың дамуы нәтижесінде туындаған қайта құру үрдістеріне бейімделу оңай болған жоқ. Соңғы 10 жылда елдегі жетекші газеттердің бірі – «Liberation»-ның таралымы 25 пайызға, 19 мың данаға дейін қысқарды. Таралымы жөнінен екінші орындағы «La Tribune» 2012 жылы жаңа қожайынның қолына өтіп, қағаз нұсқасынан бас тартуға мәжбүр болды. Оқырман санының азаюы салдарынан банкротқа ұшырап қалмас үшін француздың ірі басылымдарының бірі «Le Monde»-ге де өз басшылығын және форматын өзгертуге тура келді.

Шығыстың «шырағы» енді маздады

Батыстың дамыған елдерімен салыс­тырғанда Азия-Тынық мұхиты аймағы, Таяу Шығыс пен Африканың дамушы мемлекеттері мерзімді басылымдарын сандық нұсқаға көшіруге асығар емес. Азияның бірқатар елдерінде, әсіресе Қытай мен Үндістанда газеттердің таралымы ғасырымыздың жаңа онжылдығынан бастап айтарлықтай көбейген. Әлемдегі таралымы ең көп 15 газеттің тізіміне үнділердің 5, қытайлардың 5 басылымы енгені кездейсоқтық емес. Үндістанның баспа нарығы соңғы жылдары қарқынды өсімге ие. 2005-2010 жылдары бұл мемлекетте күнделікті шығатын газеттердің саны 1,5 есе өсті. Тіпті, 2010 жылы Үндістан газеттердің сатылымы жөнінен (күн сайын 110 млн дана) осы көрсеткіш бойынша көш бастап келген Қытайды басып озды. Елде газетке деген сұраныстың артуын мамандар үнділердің сауаттылық деңгейінің өсуімен түсіндіруде. Соңғы төрт жылда бұл көрсеткіш шамамен 10 пайызға артып, мемлекеттегі сауатты халықтың үлесі 5 пайызға жетті. Оның үстіне, Үндістанда интернеттің таралу қарқынын дамыған елдермен салыстыруға келмейді. Мәселен, 2013 жылы үнділердің тек 10 пайызы ғана ғаламдық желінің тұрақты қолданушылары болды.

Осы және өзге де деректерді басшылыққа ала отырып, баспа ісінің мамандары дәстүрлі баспасөздің «өлімі» жайлы болжамдардың негізсіз екенін алға тартуда. Дүниежүзілік газет және ақпарат қауымдастығының (WAN-IFRA) мәліметі бойынша, әлем халқының үштен бір бөлігі әлі де ақпаратты қағаздан алғанды жөн көреді. Оның үстіне, өз мақсатты аудиториясына ықпал етуді көздейтін жарнама берушілер ақпарат ұсынудың сенімді әрі тиімді арналарының бірі болғандықтан басылымдардың баспа түріндегі нұсқасынан бас тартқысы келмейді. Мысалы, Ресейдің жарнама берушілері әзірге өз бюджеттерінің тек 20 пайызын ғана интернет-жарнамаға жұмсаса, Украинадағы барлық жарнаманың тек 7,1 пайызы ғана ғаламтор арқылы таратылады. Бұл елдегі медиа бюджеттің 16,5 пайызы тұрақты түрде баспасөзге бағытталып келеді. Сондықтан мерзімді басылымдардың болашағына қатысты үзілді-кесілді пікір айту мүмкін емес.

«Смартфон сараптаманы қамти алмайды»

2014 жылдың қарашасында Ресейде өткен «Пресс-саммит-2014» жиынында осы елдің «АиФ», «Комсомольская правда», «Коммерсант» сынды жетекші басы­лым­дарының басшылары баспасөздің бола­шағын талқылаған болатын. Басқосуда маман­дар бірауыздан газет-журналдың жаңа техно­ло­гиялармен бәсекеге төтеп беруге қауқары жетеді деген қорытындыға келді. «Metro international» өкілі Борис Коношенконың айтуынша, «қағаз  жол талғамайтын көлік іспетті, ондағы жазуды оқу үшін арнайы білім-біліктің қажеті жоқ. Сондықтан оны ешқандай планшет алмастыра алмайды». Жарнама берушілердің жаңа технологиялар мен digital-бағыттың мүмкіндіктерін әдбен сынақтан өткізгеннен кейін дәстүрлі медиаға, әсіресе газет-журналдар бағанына қайта оралуы баспа материалдарының аудитория үшін ақпарат көздерінің өзге түрлеріне қарағанда әлдеқайда сенімді әрі ықпалды екенін айғақтайды емес пе?

Әйтсе де, дәстүрлі ақпарат құралдарының жаңа медианың жетістіктерін, ақпарат нарығының дамуына қосқан үлесін мойындамауға қақы жоқ. Ғаламдық желіні өз мақсаттарына тиімді пайдалана білгеннің асығы түгел екенін уақыт дәлелдеп отыр. «Forbes-Kazakhstan» журналы жобасының жетекшісі, белгілі медиа-бизнесмен Арманжан Байтасов газетімізге берген сұхбатында ақпараттық кеңістіктегі әлеуметтік желілер мен блогерлердің белсенділігі баспасөз бен оның журналистеріне бөгет емес, керісінше қосымша көмек екенін айтқан болатын. «Әлеуметтік желілердің дамуы, блогерлер белсенділігінің артуы журналистерге үлкен көмек. Айтар ойы бар, жақсы жаза алатын адамдар әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, өз парақшасын масс-медиаға айналдыра алады. Қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ғаламторда отырады, әлеуметтік желілерді қолданады. Мәселен, бүгінде «Фэйсбукта» немесе «Инстаграмда» көп оқырман жинап, кең танымалдылыққа ие болған азаматтарға жарнама берушілерден көп өтініш түседі. Өйткені ондағы жарнамалар елеусіз қалмайтыны анық. Яғни танымал блогерлер әлеуметтік желідегі аккаунттарының көмегімен-ақ табыс тауып отыр. Сіз журналиссіз, ойыңызды тартымды әрі оқылымды етіп жеткізудің тәсілдерін меңгергенсіз. Оның үстіне, қолыңызда сапалы контент даярлаудың барлық құралы бар. Ендеше, сіз де белсенді блогерге айналып, аудиторияға ықпалдылығыңызды арттырып қоймай, қосымша табыс табуға мүмкіндігіңіз бар», – дейді А.Байтасов.

«Аbai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуаттың 2014 жылы «Алаш айнасында» жарияланған пікірі де бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. «Интернет күн сайын дамып, қолданушылар саны артып келеді. Дегенмен, жаңа медианың дәстүрлі медианы алмастыруы қиындау. Өйткені жаңа медиа тек құрал, ақпаратты тез, жылдам жеткізудің тәсілі. Осы тұрғыдан жаңа медиа сұранысқа ие болады. Бірақ дәстүрлі медиа өмір сүре береді. Себебі, ақпараттың негізгі мазмұны өзгерген жоқ. Бар болғаны оны жасау тәсілі жаңарды. Дәстүрлі БАҚ болашақта салалық болып бөліне бастайды. Ал жаңа медиа салалық басылымдарды алмастыра алады деп ойламаймын. Смартфонмен немесе интернетпен берілген ақпарат сараптаманы қамти алмайды. Сондықтан салалық газеттер немесе аймақтарда жергілікті газеттер әлі де негізгі ақпарат көзі болып қала бермек», – деген еді ол.

Бәріне уақыт төреші. Болжам жасаудың қайырлы іс емес екеніне күн өткен сайын көзіміз жете түсті. Кезінде кино пайда болғанда дуалы ауыздар театр өледі деп даурыққан еді. Газет шыққанда кітап келмеске кетеді деген болжам айтылды. Ал интернет ақпарат нарығын жаулай бастағанда баспасөз құрдымға кетеді деп шуласты жұрт. Бәрі де жел сөз екенін уақыт дәлелдеді. Театр көрерменін, кітап тұрақты оқырмандарын жоғалтқан жоқ. Ал телевизия мен баспасөз жаңа ғасырға бейімделу сатыларынан өтіп жатыр.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген Міржақып атамыздың сөзі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Мемлекеттік тілде шығатын басылымдар – ұлттық қауіпсіздігіміздің иммунитеті. Ол әсіресе, қорғанысымыз әлсірейді. Ендеше, иммунитетіміз сыр бермесін!

Анар ЛЕПЕСОВА

http://turkystan.kz/

[:]