АЛТЫНОРДА
Новости

Газсыз қалған Украина қыстан қайтіп шығады?

Киевте былтыр қыс қатты болды. Тәуелсіздік алаңында қалың қар жатты.Қыс келе жатыр. Экономикасы шатқаяқтап тұрған Украинаға қыстан шығу қиынға соғатын түрі бар. Кремльдің Киевке арзан газ сатуды доғарғаны белгілі.

Украинада Донбастағы жағдайға байланысты ұлттық валюта (гривень) күрт құнсызданып кетті. Оның үстіне, Ресейдің арзан бағамен газ сатудан бас тартуы да қыстыгүні үлкен проблемаға айналатын түрі бар.

Киев тұрғындары пәтерлерін қымтап, жылылап жатыр. Билік газды үнемдеу үшін пәтерлерді жылыту температурасын бірнеше градусқа төмендететінін жаз кезінде-ақ хабарлаған.

ЖЫЛЫТУ ҚИЫН

Шілденің ортасында Ресейден келетін газ тоқтады. Бұдан соң Киевтің көптеген аудандарында ыстық суды өшті.

Қала тұрғындарының 35 пайызы, әсіресе, Оболонск және Троещина аудандары әлі күнге ыстық сусыз отыр. Киевтің Дарницкий ауданының тұрғындары ғана мұндай қолайсыздықтан аман. Бұл ауданға қызмет көрсететін ЖЭС (жылу электр станциясы) газ тоқтаған соң, көмірге көшкен.

Былтырғы қыс Виталий Кличко Майданда өткізді.Биылғы қыс та оған оңай тиейін деп тұрған жоқ.

Ресей Украинаға газ беруді тоқтатқан кезде Киев мэрі Виталий Кличко қала халқын «ыстық су мәселесін шешу үшін бойлер сатып алуға» шақырды.

Бірақ кейін жұрт жаппай бойлер қосқан кезде көптеген үйлердегі ескірген электр желісінің істен шығып, бұл амалдың да қол болмайтыны білінді. Мәселе бұлай шиеленісе берсе, Киев тұрғындарының сусыз, жарықсыз қалуы да ғажап емес.

Қала билігі мен тұрғындарының қысқа дайындығы туралы «Қала институты» қоғамдық ұйымының директоры Александр Сергиенко:

— Киев тұрғындары жағдайдың қиын екенін түсініп, өз беттерінше қам жасап жатыр. Есік-терезелерін қымтап, үйдің сыртқы қабырғаларын қаптады. Киев халқы қыстың қатты болатынын түсініп, шама-шарқынша әзірленіп жатыр, — дейді.

Сергиенконың айтуынша, қазіргі жағдай бұрынғыдан мүлдем басқа — мемлекет соғыс жағдайында өмір сүруге мәжбүр. Барлық ресурс қорғанысқа кетіп жатыр. Киевтің түрлі мұқтаждықтарына тіпті орталық бюджеттен де қаражат бөлінбейді. Сондықтан, жергілікті биліктің қолында көп мүмкіндік жоқ. Бірақ осы жағдайдың өзінде мэрия қолынан келгенін жасап-ақ жатыр. Билік пәтерлердің жылыту маусымына дайындығын мұқият тексеруге кірісті.

Киев мэрінің орынбасары Пантелеев аудандарды аралап, тұрғын үй кешендерінің коммуналдық жүйесін тексеріп жүр. Оған қоса, қала мэрі Кличко қаладағы электр желісіне назар аударып, 500-ден аса көпқабатты үйдің тозығы жеткен электр желілерін жаңартуды тапсырды.

Қазіргі жағдай бұрынғыдан мүлдем басқа — мемлекет соғыс жағдайында өмір сүруге мәжбүр. Барлық ресурс қорғанысқа кетіп жатыр.

Киевте 11 мыңнан астам көпқабатты үй бар. Билік «Киевэнерго» компаниясымен бірігіп, мазут сатып алмақ. Александр Сергиенко «90-жылдары бұның бәрі басымыздан өткен, қазір газ жетпей жатқандықтан, сол жылдардағы тәсілдерге қайта ораламыз» дейді. Оның айтуынша, газ болмай қалған жағдайда Киевтің негізгі жылыту нысандары — ЖЭС-5 пен ЖЭС-6 мазутқа өтеді. Ол «Дарницкий ауданының жылу электр станциясы көмірмен жұмыс істейді, егер өзіміздің көмірді жеткізу қиындап жатса, басқа елдерден аламыз» дейді.

Донбастағы қақтығыс кесірінен Украина шахталарының біразы жұмыс істемейді, сондықтан үкімет ЖЭС-терге Украинаның өзінде шығатын көмірден әлдеқайда қымбат шетелдік көмірді Оңтүстік Африка мен Жаңа Зеландиядан сатып алмақ.

Жер асты қоймаларында Еуропадан алған газ қорына қарамастан, қысқа қажетті жанармайды толық жинау мүмкін болмаған. Сондықтан қыс ішінде кез келген аймақта жұрт суыққа ұрынуы мүмкін.

АҚША ДА ҚҰНСЫЗ

Украиналықтарға қаржы нарығындағы тұрақсыздық та батып тұр. Гривень құнсызданған сайын тауар мен қызмет те қымбаттайды. Жыл басында бір доллар сегіз гривень еді. Ұлттық валютаның долларға шаққандағы құны қазір 15 гривеньге жетті. Ел дүрлігіп, жаппай доллар ала бастағандықтан, қазір күніне бір адамға 220 доллардан артық сатылмайды.

Андрей Блинов

Ұлттық валютаның құнсыздану себебін «Қаржылық даму лигасы» жобасының жетекшісі, экономист Андрей Блинов «Гривеньнің күрт құлдырауының экономикалық себептері бар. Екіншіден, девальвация туралы ақпараттан ел дүрлігіп кетті. Дегенмен бұл жерде экономикалық себеп басым — елімізде қаржы тапшы» деп түсіндіреді.

Оның айтуынша, «Бюджетте ақша жетпейді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметі бойынша, экономикаға биыл жалпы ішкі өнімнің 11 пайызы көлемінде қаражат жетіспеуі мүмкін. Оған төлем балансының тапшылығы қосылады».

Экономист «Украинаның орталық банкі есебі бойынша, жеті айда елден 4 миллиард доллар шетелге шығып кеткен. Екінші себеп – Донбастағы соғыс. Украина әскерінің жеңіліп жатуы да гривень құнына әсер етті» дейді.

Психологиялық жағынан алғанда, бұл биліктің Донецк және Луганск облысын, ондағы кокс-химия зауыттары мен экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындардың көпшілігін қадағалай алмайтынын білдіреді.

Яғни, ол кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалмауына әрі олардың экспортынан келген пайда Украина бюджетіне түсетініне кепілдік жоқ деген сөз.

Гривень шамамен ай сайын 10-15 пайызға дейін құнсызданып келеді.

Екінші жағынан алғанда, Украина армиясын қаруландыруға, Донбасты жартылай қалпына келтіруге және Ресеймен арадағы шекараға қорғаныс дуалын тұрғызуға қаражат керек.

Бұл ақпараттар қоғамға кеңінен тарап, жұрт көңілін күпті етіп қойды. Осылайша, гривень шамамен ай сайын 10-15 пайызға дейін құнсызданып келеді.

Гривеньнің қазіргі жағдайын осылай түсіндірген экономист Андрей Блинов «90-жылдардағыдай жұрт гривеньді шетелдік валютаға айырбастауға тырысады. Өйткені ақшаларының нақты құнын сақтаулары керек» дейді.

(Владимир Ивахненконың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

www.azattyq.org сайтынан алынған

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sabaktar/gazsyiz-kalgan-ukraina-kyistan-kaytp-shyigadyi-54827/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі