БК(б) П Қазақ өлкелік комитетінің 1933 жылғы шілденің 10-16-сы аралығында болып өткен VI пленумы орақ науқаны және мемлекетке астық тапсыру, ауыл мен деревнядағы партиялық жұмыс, мал шаруашылығын дамыту туралы үш мәселені қарап, талқылады. Бұл Л.И.Мирзоянның басшылығымен өткен бірінші пленум еді. Онда «Ауыл мен мал шаруашылығын дамыту туралы» басты баяндаманы республика Совнаркомының төрағасы Ораз Исаев жасады. Ол «бұрынғы басшылықтың» өкілі ретінде пленумның алдында ашаршылық пен жұт қасіреттерінің себеп-салдарлары мен оған басты кінәлілер туралы айтып, есеп беруге тиіс болатын. Шындығына келсек, дәл осындай есеппен ашаршылықтың басты прорабы Голощекиннің өзі сөйлеп, қатал үкімге ұшырауы керек еді.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Голощекиннің Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен ауыстырылуына және Қазақстанға жоғарғы жақтан белгілі бір көмек арнасының бұрылуына қалың бұқараның жаппай қарсылығын білдірген басқа да арыз-шағымдардан бөлек, қазақ халқының бір туар перзенті Тұрар Рысқұлов пен Совнарком төрағасы Ораз Исаевтың Сталинге жолдаған хаттарының да үлкен ықпалы болғаны – тарихи шындық. Сталиннің О.Исаев жөнінде: «Ол – Қазақстандағы өз қызметіне өте лайық басшы. Ол Голощекинмен бірге асыра сілтеулер жіберіп алды. Енді сізбен (Мирзоянмен – Т.К.) бірге қателерді жөндеуге қатыссын», – дегені О.Исаевтың өз қызметінде қалу-қалмауы туралы екіұшты мәселені түпкілікті шешіп берген болатын. Бұл жағдайда Сталин Голощекинді басынан сипағандай (ол оған Мәскеуде жоғары лауазымды қызмет берді, дәл осындай жоғары қызметті көп жыл өткен соң М.Горбачев тағы бір айыбы ашылып қалған эмиссар Г.Колбинге де ұсынған болатын) болғандықтан, Исаевты да жазалай алмаған. Ал Голощекинді жазалағаны жеке басқа табынушының Қазақстанда жүргізген саясатының кедір-бұдырларын мойындағанымен бірдей болатын. Бұл арада бірінші скрипканы Голощекиннің ойнағанын жақсы біле тұрып, оның орнына мүлде бөтен адам – Л.Мирзоянды жібере отырып, Сталин өзінің жаңа өкілі республикада орнығып алғанға дейін О.Исаевтың бай тәжірибесін пайдаланғысы келді.
О.Исаев пленумда жан-жақтан соққан соққының бәрін – бұрынғы басшылыққа деген наразылық пен қарсылықты да, Голощекиннің «оң қолы» ретінде өзінің атына айтылған сынды да жалғыз өзі қабылдап алды. Ол пленумда барынша ашық болуға, мәселені жан-жақты қарастыруға тырысты.
1933 жыл. Шілденің 12-сі. Кешкі мәжіліс.
Сөз Исаев жолдасқа беріледі.
… Мен жауапкершіліктен жалтармақшы емеспін. Қателеріміздің барлық ауыртпалығын бұрынғы басшылықтағы кейбір жолдастарға, солардың ішінде Голощекин мен Құрамысовқа аудара салу ниетінде де болғаным жоқ. Олай етудің өзі партия жолына сыйымды іс те бола қоймас еді. Өзін кіп-кішкентай, моп-момын ғана адам етіп көрсетіп, бұрынғы басшылықтан жәбір шеккен қызметкер ретінде бейім тұратын, сөйтіп, ептеп-септеп қиыншылықтарда қателерден сытылып кетуге ұмтылатын адам мен емеспін. Баяндамамды да, қорытынды сөзімде де тек сын ғана деп есептемей, нағыз сын деп білемін: оның ішінде де өзімді баса сынағаным деп білемін.
Бәріңізге мәлім, бұрынғы басшылықта менің орным оңай орын болған жоқ. Шынында да, мен «шабақ» немесе қатардағы артельші ғана болсам, онда үкімет адамы болғаным қайсы?! Ірі бай-шонжарлардың шаңырағын ортасына түсіріп, белін сындырған дәуірді де, Қазақстан партия ұйымында болған ұлтшыл уклондарды, жіктерді қиратқан дәуірде де мен аз жұмыс атқарғаным жоқ…
Алайда осындай даусыз игі істеріммен қатар, менің Қазақстандағы соңғы екі-үш жылдың ішінде болған асыра сілтеу, бұрмалаушылықтардағы орным да шағын болмай шықты. Сондағы менің қателеріме келсек, мынадай бір жайды еске түсіру керек. Мен жас қазақ коммунистерінің (солшыл) тобының ішінен шыққандардың бірімін.
…Атап өтуімді міндет деп білемін: өлкелік комитеттің отырықшыландыруды шапшаңдату жолындағы бірсыпыра қаулыларын, солардың ішінде отырықшыландыру ісін жалпы алғанда 1933 жылдың ақырына дейін аяқтау жайындағы қаулыны жазып, ұсынған менмін. Мұнан басқа, шамасы, 1931 жылдың орта кезінде бір жасаған баяндамамда мал шаруашылығы аудандарын колхоздастыруды шапшаңдату деген мәселені өз басым ашық көтердім.
…Қатеміз сол, біз мал шаруашылығын ойсыратып отырған түпкі, негізгі себептерді ұғынбадық. Ол енді, міне, қазір ғана алақандағыдай ап-айқын болып отыр: көшпелі, жартылай көшпелі аудандарда мал басының азаюын тоқтату үшін отырықшыландыру мен колхоздасуды шапшаңдатуды қоя тұрып, қателер мен асыра сілтеулерді тежеу керек еді.
…Өткен кездегі қателерімде, Құрамысов айтқандай, айғайшы ғана болып қана қойғаным жоқ, мен кейбір мәселелерді өз бетіммен өзімше ойластырып шығарып та жүрдім.
…Қатеміз сол, ауылды үлкен қиыншылықтарға ұшыратқан, малдың басын кеміткен шын себептерді ұқпадық, содан дұрыс қорытынды шығара алмадық, сондықтан, әрине, теріс істер істеп, ағаттықтарға жол бердік.
Мен басшы болдым, басшы орында болмасыма әддім жоқ еді. Өйткені мен өкімет ағасымын, партияның белсенді қызметшісімін, бірақ қандай болсам да, осы дәуірдің ішінде Қазақстанда болған барлық игі істі де, жаман істі де қолымнан жалғыз өткізіп отырдым деп ойламаймын. Басшылықтағы ең басты орын (роль) ұйымның бірінші хатшысы Голощекиндікі болды; солай болған соң, әрине, айыптың адам айтқысыз мол жағы сонда, бұл даусыз нәрсе. Әрине, қазірде де, басшылықта менің орным бірінші хатшымыз Мирзоян жолдастың орнымен бірдей емес. Мирзоян жолдас ұйым басшысы болғандықтан, саясат пен басшылыққа алдымен жауапты, әрине, менің мұным жауапкершілікті өз мойнымнан түсіргендік емес. Менің мұны ерекшелей айтып тұрғаным, кейбір жолдастар өзімнің бұрынғы басшылықтағы орнымды айта келіп, ұйымның бірінші хатшысы болған Голощекиннің айыбын да, жауапкершілігін де бүркеп, қымтап кеткісі келеді.
(Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты, 141-қор, 1-тізбе, 5748-іс, 112-бет)
Ең үлкен қателігім – қателігімді мойындамау болды
БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Ізмұхан Құрамысовтың пленумда сөйлеген сөзінен:
...Мен бүгінгі күні тап болып отырған өкінішті нәтижелердің себебіне айналған өзімнің рөліме, өзімнің қателіктеріме, өзімнің кемшіліктеріме тоқталуға міндеттімін, – деп мәлімдеді Құрамысов. – Менің рөлім басқалардың бәрінен де бөлек, бұрынғы басшылықтың жүйесін танымалды насихаттайтын арнайыландырылған роль болатын. Бәрінен бұрын, бәрінен белсендірек, бәрінен жиірек және бәрінен көбірек қателесіп, осы мәселені мен қойып едім. Мен осылай деп мәлімдеуді өзімнің парызым деп санаймын. Бірақ мен мынаны да атап өтуге міндеттімін:
Менің қателіктерімнің бәрі, өзімнің жұмысымды тексеріп, ой сарабынан өткізген кезде бұрынғы өлкелік партия комитетінің басшылығы ұстанған жүйенің ықпалынан шыға алмағанымнан. Мен өзімнің жұмысымнан бұрынғы басшылықтың жүйесімен сәйкес келмеген бірде-бір қағидалы қателікті таба алмадым.
Мен жіберген кемшіліктердің бірде-біреуі өлкелік партия комитеті жүргізген саясатқа қарама-қайшы келмейді, олардың бәрі де бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктерінен негіз алады. Мені бұрынғы басшылықтың кең иығының қалқасына бой тасалағалы тұр деп ойлайсыздар ма? Әрине, жоқ. Жекелеген жолдастардың қателіктеріне бұрынғы басшылықтың құрамымен бірдей қарауға болмас. Олардың әрқайсысының қателігіне жеке тұрғыдан қараған дұрыс. Исаев жолдастың да осы қателіктердегі рөлі аз емес. Бірақ Исаев жолдас бұл қателіктерін мойындады және оларды жөндеуді бәрімізден бұрын қолына алды.
Бірінші парызым – мына шындықты айту: Мен Голощекин жолдасты үлкен бедел санадым. Ал жеке мәселелерге байланысты айтарым: бюро мүшелерінің өрескел қателесіп тұрғандарын көре тұрып, олардың алдында өзімнің жеке көзқарасымды білдіруге, пікірімді қорғауға батылдық таныта алмадым. Менің ең үлкен қателігім – Орталық комитеттің 17 қыркүйектегі шешімін мен ОК тарапынан өлкелік комитеттің саясатын қолдағандық деп түсіндірдім. Ал бір жетіден соң Голощекин баяндама жасады және ол дәлме-дәл менің қателіктерімді растады. Бюроның басқа мүшелері менің қателіктерімді көріп тұрып, ешқандай әрекет көрсетпеді. Бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ: ол – бұл қателіктердің, сөз жоқ, бұрынғы басшылықтың қателігінен шығып отырғаны.
Егер де ОК бұл жағдайдан бұрынырақ хабардар болғанда, Голощекинді де бұрын алар еді қызметінен. Біздерді де алатын еді. Ал бұл жағдайдың ертерек түзелуіне көмектесер еді. Міне, істің соншалықты тереңдеп кетуіне, яғни қателіктердің асқынуына осындай кешірімсіз әрекеттер басты себеп болып отыр. Менің ең үлкен қателігім, жолдастар, осы уақытқа дейін өз қателіктерім мен бұрынғы басшылықтың жіберген қателіктері туралы ашық мойындамағандығым деп санаймын.
Сондықтан да мен былай деп мәлімдеуді өз парызым деп санаймын: жаңа басшылық, әсіресе Мирзоян жолдас бұрынғы басшылықтың осы қателіктерінің бәрін тез меңгеріп, зерттеп үлгерді және тез арада ерік-жігерін жұмсап, жіберіп алған мүмкіндіктердің есесін қайтаруға және қателіктерді жоюға құлшына кірісіп жатыр. Орталық комитетке дұрыс мәлімет, ақпарат берудің бір дәлелі – ОК республикаға орасан зор көмектер беріп жатыр. Бұл үлкен көмектің басы да емес, соңы да болмас. Әрине, әлі көп нәрсе істелінген жоқ, әрине, бұл тек үлкен істің басы ғана (Мирзоян: Дұрыс айтасыз).
Әлі алда бұдан да көп қиындықтар, күрделі міндеттер тұр. Ал оларды жеңу үшін Мирзоян жолдас бастаған жаңа басшылықтың төңірегіне топтаса білу керек. Сөйтіп, білекті сыбанып көмектесу қажет, онда да тек сөзбен ғана емес, нақты іспен көмектесу қажет. Мен мұны жан-тәніммен қолдаймын әрі өз мойныма барынша жауапкерлікпен ала отырып, өлкелік партия комитетінің жаңа басшылығының жүйесімен өз келісімімді сөз жүзінде емес, нақты ісіммен дәлелдеуге әзірмін. Әрбір таза да адал коммунист, ойлай білетін коммунист айналада болып жатқан ұлы өзгерістер үшін өз-өзіне есеп бере білуге тиісті. Мәселені басқаша қоюға болмайды…
(ҚР Президентінің мұрағаты, 141-қор, 1-тізбе, 5725-іс, 559-560 бб.)
Голощекинге қазақтың тұрмыс-тіршілігін түсіндіру мүмкін емес еді
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы сталиндік зобалаң қазақтың талай боздақтарын қуғын-сүргінге ұшыратты. Солардың бірі қоғам қайраткеріҰзақбай Құлымбетов еді. Ұзақбай Құлымбетов ВКП Қазақ өлкелік комитетінің аштық жылынан кейін өткен пленумында шындықты былай деп жеткізген еді:
– 1926 жылы Қызылордада болған III пленумнан соңғы өлкелік комитетінің екінші тарихи пленумы осы пленум деп айта аламын. III пленум Қазақстан ұйымын жегідей жеп, кері сүйреген жікшіл, оңшыл, солшыл уклондармен күресудегі ірі, маңызды саясаттық іс болса, қазіргі VI пленум ауыл шаруашылығы, ауылдың жай-күйі, бұған бұрынғы басшылықтың істеген қателері көп сөз болып отыр. Бұл – өте дұрыс әңгіме. Өйткені ол кемшіліктердің бетін ашпасақ, олардан қорытынды шығармасақ қатенің өзін түзей алмаймыз, ол олқылықтардың зардабын жоя алмаймыз.
Мен де өлкелік комитеттің мүшесімін. Мен де Голюдов пен Кұрамысұлы секілді қызметшімін. Бірақ «Арбакештің атындай» болдым, не бұйырса соны ғана істедім. Айыптың бәрі Голощекин мен Исаевта. Бізде кінә жоқ» дей алмаймын. Ашығын айтайын, Голюдов және оны жақтаушылардың: «Біз бала емеспіз, қатені істеп кеткен басқалар. Біз айтқанды орындаушылар ғана болдық» деуінің өзі адалдыққа сыймайтын сөз. Менің ойымша, баяндама жасаған Ораз Исаев жолдас та, жарыссөзде сөйлеген басқа жолдастар да, олардың ішінде Пинхасик, Сәдуақасұлы, Сегізбайұлы және басқалары қателерді, олардың себептерін саясаттық жағынан дұрыс талдап берді.
Ізмұхан Құрамысұлы жолдас бұл бағытта қатені көп жібергендігін, қатені дәл өзіндей көп істеген қазақ коммунисі жоқ екендігін айтты. Оның бұл сөзі рас сөз. Осы жағынан алып қарағанда ол Голощекиннен кейінгі екінші адам болды. Өйткені ауылда жолсыздық болып жатыр деген дыбыс естілсе, аудан ұйымдарынан осы туралы бір хабар келсе, Голощекин алдымен Ізмұханмен ақылдасатын. Көбінесе сол екеуі бір-бірінің көңілін жұбатып: «Мұның бәрі де байдың қылығы, кейбіреулердің ісі», – деп қоя салатын.
Елден түскен ондай хабарлардың бірде-біреуіне ешқандай мән бермейтін. Ізмұхан бұл жөніндегі айыбын дұрыс мойындады. Өзінің жауаптылығы ешкімнен кем еместігін, қайта Ораздан анағұрлым екендігін айтты. Ораз және басқа жолдастар Голощекиннің пікіріне қосылмаған уақытта Ізмұхан ылғи бірінші хатшы жағына қарай жығыла кететін еді. Ол сонда: «Мұның өзі сендердің қиыншылықтан қаймыққандарың, бұл кеңес мекемелеріне ұлтшылдардың ықпалы жүре бастағандығының салдары», – деп жеңістік бермейтін. Алайда Ізмұхан жолдастың еңбегі сол, ол кеш те болса өз қателерін мойындауға мықтап тырысып көрді.
Өлкелік комитеттің соңғы пленумында Ораз екеуміз Голощекинмен табандатқан үш күн бойы айтысып, әуре болдық. Пленумнан кейін обком хатшыларының арнаулы мәжілісін шақырайық, сонда олардың ауылдың қамын жемей отырғандарын айтайық дедік. Әрине, бұл бағытта Шығыс Қазақстан обкомы там-тұмдап, Батыс Қазақстан обкомы ептеп жұмыс жүргізгені болмаса, басқалары ауылдың халін оңдау қамын ойламай отыр дедік. Осының бәрін обком хатшыларының өздеріне әдейілеп ескертейік деп қолқа салдық. Амал не, мұндай мәжілістің шақырылу қажеттігіне Голощекиннің көзін жеткізу өте қиын болды. Ақыры оның бізге айтқан сөзі мынадай болды. Маған не қыл дейсіндер? Көшпенділік – бұл елдің ежелгі тұрмыс-салты. Мұны бір мәжілісте сөз еткенмен, оны тоқтата аласыңдар ма? – дегені ғой оның. Қайдағы ежелгі салт десеңізші?
Қазақ малын айдап, дүние-мүлкін артып алып, көшіп жүрсе бір сәрі. Ал енді тамақтан тарығып, аштықтан азып-тозып қала-қаланы, теміржол стансыларын, базар-базарды кернеп тентіреп жүрсе ол ежелгі тұрмыс-салты емес, қиыншылықтан ғой. Ежелгі тұрмыс-салтымен мұның үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны анық. Бірақ, амал нешік, сонда Голощекиннің оң тізесін басып отырған Ізмұхан жолдас та бұл мәселені нағыз большевикше қоя алмады, Голощекинге осының мәнісін жақсылап түсіндіре білмеді.
Л.И.Мирзоянның пленумда сөйлеген сөзінен
…Жолдастар, мен бұрын қателіктер мен асыра сілтеулер жіберген ескі мамандардың бәрі жарамсыз, ескі мамандардың ешқайсысы да бізге керек емес деп мәселе қойғысы келетіндердің бәріне соққы беруге тиіспін. Мәселені осылайша қою өлкелік партия комитетінің саясатымен ешқандай да үйлеспейді. Өлкелік партия комитеті мынадай көзқарас ұстанады: ол өздерінің қателіктерін терең сезіне алатын, өздерінің жұмысын, ұйымның жұмысын қайта құра алатын және істі алға қарай жүргізе алатын, тексерілген, партиялық ұстанымды қызметкерлердің бәрін сақтап қалуға ниетті.
Жарыссөз кезінде кейбір жолдастар, шамамен, мынадай мәселе қойды: егер де өткеннің асыра сілтеулері мен қателіктеріне қатыстың ба, биік мінбеден сөз алып, күнәларыңа халық кешірім бергенге дейін кешірім сұрап, жалына бер. Мәселен, Исаев жолдасты алайықшы. Әлдебіреулер оның бұрынғы басшылықтың тұсында көрнекті қызмет атқарғанына бола өзара сынды өткірлеуге әуестік танытып отыр. Мен мұны дұрыс ұстаным деп санамаймын. Исаев жолдас бүгінгі пленумнан көп уақыт бұрын-ақ өзі қатысқан Қазақстандағы қателіктерді ашық түрде мойындаған болатын. Ал бүгінде ол адал ниетімен, большевиктік күш-жігерімен, басқалармен, бізбен бірге сол қателіктерді түзету үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда.Исаев жолдас өзінің баяндамасында ол қателіктерді қалай түзету керектігін, өзара сынның негізінде партия ұйымдарын жаңа жеңістерге қалай жұмылдыру жолдарын және қолбасы ретінде өзі қалайша күресетінін ешқандай бүкпесіз ашық атап көрсетті.
Құрамысовтың сөйлеген сөзіне қатысты. Мен Құрамысов жолдастың жартыкештігі үшін сөккен жолдастардың сыны дұрыс деп ойлаймын. Оның сөзінде дәл осы сәтте зәрулігі сезіліп тұрған нақтылық пен ашықтық жетпей қалған сияқты. Құрамысовтың мәлімдемесінде өткендегі жіберілген қателіктері мен асыра сілтеулерді мойындап, терең сезінемін дегені, асыра сілтеулер мен қателіктерді түзету үшін өзгелермен және барлық партиялық ұйымдармен бірге жұмыс істеуге келетіні – тек қолдап, құттықтауға ғана лайық.
(ҚР ПМ, 141-қор, 1-тізбе, 5725-іс, 575-578 бб.)
1933 жылдың 13 шілдесінде Л.Мирзоян БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті пленумының жұмысы туралы Сталинге хабардар етті:
…Пленум мынадай маңызды шешімдер белгіледі. Мен бұл туралы қысқаша болса да, Сізге хабарлау қажет деп санаймын.
Біріншіден, көшпенділікпен күрес саласында 1933-1934 жылдары біздегі бар оралмандардың бәрін орналастырып, олардың шаруашылық тұрмыстарын орнықтыру қажеттілігі туралы шешім қабылданды.
Отырықшылық мәселесі ескіше сөз мағынасында шынында болған емес. Нақтырағын айтқанда, бүгінгі күні Қазақстанда мұндай қоныс ауыстыруға ұмтылмайтын көшпелі және жартылай көшпелі халық жоқ. Тұтас алғанда, ескі көшпелі және жартылай көшпелі халық бүгінде мүлде көшіп кететіндей жағдайда отыр. Сондықтан да отырықшылыққа деп бөлінген де, бөлініп жатқан қаржының бәрін де біз қоныс аударушыларды отырықшыландыруға және олардың тұрмысын орнықтыруға бағыттап жатырмыз.
Аппаратты түпкілікті орнықтыру бағытында біз биылдың өзінде Халық ағарту, Денсаулық сақтау, Жер халық комиссариаттары сияқты наркоматтарды, қазақ аудандары мен бірен-саран орыс-қазақ аралас аудандарда аудандық кеңес аппараттарын түбегейлі іске қосу жөнінде шешім қабылдадық. (ҚР ПМ, 160-қор, 1-тізбе, 92-іс, 147-148 бб.)
Енді Л.И.Мирзоянның Қазақстан өлкелік партия комитетінің VI пленумының шешімдерін орындау барысында атқарған іс-әрекеттерін көрсететін мұрағаттық құжаттарды ақтарсақ. 1933 жылдың 13 шілдесінен 25 желтоқсанына дейінгі аралықта Л.Мирзоян қол қойған баяндама, партия мен үкімет басшыларына жіберілген ақпараттар мен жеделхаттар сияқты бірқатар құжаттардың тізімі тым ұзын. Бұл қызмет бабындағы материалдар кең ауқымды өзекті мәселелердің қалай шешімдер тапқаны туралы нақтырақ білуімізге мүмкіндік береді: атап айтқанда, мамандарды таңдау мен оларды өз шептеріне бекіту, партия құрылысы, көшпенділерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мен оларды жұмыстандыру, Орта Азия мен Қытайдан келген босқындарды жайғастырып, олардың тұрмысын орнықтыру, республикадағы байланыс саласын дамыту, ауыл шаруашылығын техникамен жарақтандыру және механизатор мамандар дайындау, Алматы қаласында тұрғын үйлер тұрғызу, электростансы салу, тұрғындарды өнеркәсіп тауарларымен қамтамасыз ету, жоғары оқу орындарын және қойылымдар көрсететін мекемелер ашу т.б. Левон Мирзоян Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатының құрылысына шұғыл жәрдем сұрайды. Ол Серго Орджоникидзеден Магнитогорға қалай қол ұшын берген болса, Балқашқа да дәл сондай көңіл бөліп, көмек көрсетуін өтінеді. Қарағандыны көтеріп, оның бай мүмкіндіктерін пайдалану үшін, – деп жазады Л.Мирзоян, – Қарағандыға құмтас жеткізу жөнінде қазірден бастап айрықша шаралар қабылдау қажеттігін, Қарағандының жұмысшыларын, сондай-ақ ауруханалардағы балаларды сүтпен қамтудың айрықша қажеттілігін ескере отырып, орталықтандырылған дайындау арқылы жылдың соңына дейін 2500 тонна сүт, оның ішінде, Қарағандыда 1750 тонна сүт жұмсауға рұқсат сұрайды.
БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Л.И.Мирзоянның барлық аудандық партия комитеттеріне жеделхаты.
Ұжымшарларда Қытайдан қайтып оралған көшпенділерді қамтамасыз ету қорларын құруға рұқсат
беру туралы
Орталық комитеттің мына қаулысын хабарлаймын: «Кеңшілік жасау тұрғысынан 1933 жылғы көктемгі егістік науқаны кезінде және одан кейінгі қабылданған көшпенділерді қамтамасыз ету үшін ұжымшарларда қорлар құру жөніндегі Қазақ өлкелік партия комитетінің кепілдемесі қанағаттандырылсын және құруға рұқсат берілсін».
Қордың мөлшері әрбір ұжымшардың астық түсіміне, көшпенділердіңсанына байланысты ұжымшаршылардың өздерінің жалпы жиналысының қаулысы бойынша белгіленеді.
БК(б)П Қазөлкеком хатшысы Л.Мирзоян. 1933 жылдың 26 тамызы. (ҚР ПМ, 241-қор, 9-тізбе. 2725-іс, 42-бет)
Мәскеу. Одақтық совнарком – Молотовқа
Синьцяндағы оқиғалардың басында біздің мекен аумағымызға 11 889 адам босқындар өтті. Босқындардың бір бөлігі кері қайтарылды. Біздің мекенімізде 9614 адам, олармен бірге 5226 ірі қара, 37434 ұсақ мал қалды. Олардың ішінде 1112 адам жол жұмыстарына тартылды. 4352 адам орналастыру бөлімшелеріне қарай жылжып барады. 5262 адамды орналастыру мәселесі күтіп тұр. Босқындардың азық-түлік жағдайларының қиындығын ескеріп, өлкенің ресурсынан бүгінге дейін 100 тонна нан бөлінді. Бүгін босқындарды жол-жөнекей және орналастырылатын жерлерде 1 қаңтарға дейін қамтамасыз ету үшінқосымша 278 тонна астық бөлуге дайындау бөлімшелеріне нұсқау берілді.Қорлар инспекцияларының Ком СТО нарядына рұқсат беруіңізді сұраймын.
БК(б)П Қазөлкеком хатшысы Л.Мирзоян 1933 жылдың 30 тамызы. (ҚР ПМ, 241-қор, 9-тізбе, 2725-іс, 45-бет)
Күздің жақындап қалуына байланысты күрделі мәселе алдан шықты.РСФСР кәсіпорындарында жұмысқа орналастырылған қоныс аударушы қазақтардың одан әрі орнығуымен Қазақстаннан 25 мың адамды сыртқа шығару мәселесін не істеу керек?
Кейбір өлкелер РСФСР совнаркомнан Қазақстанға қайтқысы келетін қазақтардың мәселесін қалай шешеміз деп сұрап та жатты. Жекелеген қазақ топтары ұйымдаспаған түрде Қазақстанға қайтып кетіп жатқан оқиғалар да болды. Олар тұп-тура өздерінің туған ауылдарының мекен аумағына қарай жолға шығып, ешкімнен де ешқандай көмек күтпегендіктен көптеген қиындықтарға тап болды. Осыған алаң болған Тұрар Рысқұлов Л.Мирзоян мен О.Исаевқа хат жазды.
Тұрар Рысқұлов Қазақстанға жиі келіп тұрған. Егін ору мен Отанға астық тапсыру науқаны кезінде де, кәсіпорындарды іске қосу кезінде де, мемлекеттік мәселелер шешілетін сәтте де келген. Торапты стансыларда, залға лайықтап жасалған (жасақталған) арнайы вагондарда ол жергілікті басшылармен жиналыстар өткізген. Республика кәсіпорындарында, мекемелері мен жоғары оқу орындарында болып, сөз сөйлеген. Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы келеңсіздіктерді жою үшін Т.Рысқұлов шешкен тәжірибелік мәселелер оны еңбекші бұқараның жақсы өмірі жолындағы күрескер ретінде де шынықтырды.
Мемлекеттің көмегімен ұштастырылған Л.И.Мирзоян бастаған Қазөлкеком қызметінің Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы асыра сілтеудің зардаптарын жою үшін шешуші маңызы болды. 1933 жылдың өзінде республикада жаппай сою мен талан-таражға салудың есебінен мал басының кеміп кетуі күрт тоқтатылды, ал бірқатар аудандарда мал шаруашылығы өсіміне қол жеткізілді де. Халық арасында азық-түлік тапшылығы жойылды. Қазақ шаруаларының жаппай көшіп-қонуы тыйылды, олар өздерінің бұрынғы жерлеріне оралып, тұрақтанды. Өкімет көшпенділерді отырықшылыққа көшіру мен оралмандарды шаруашылық тұрмысқа одан әрі орнықтыру жөніндегі үлкен шараларды жүзеге асыруға кірісті.
Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі
Толығырақ: http://alashainasy.kz/tari/genotsidke-km-knal-nemese-tarihi-jauapkershlk-iesn-zdegen-jiyin-33915/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі