АЛТЫНОРДА
Новости

Грибаускайте: Украина Ресейден қысым көріп отыр

8918819F-1EDF-4C2D-8D67-178720C65A06_w640_r1_s_cx0_cy4_cw0Литва президенті Даля Грибаускайте Азаттыққа сұхбатында Еуропа Одағымен тығыз байланысты көздейтін «Шығыс серіктестік» ұйымына мүше алты ел «өздеріне пайдалы істерді» атқарып жатқанын айтады.

Литва президенті Даля Грибаускайте. Страсбург, 3 шілде 2013 жыл.

Литва президенті Даля Грибаускайте. Страсбург, 3 шілде 2013 жыл.

Қарашаның 28-29-ы күндері Литва астанасы Вильнюсте Еуропа Одағы (ЕО) жетекшілері мен оның «Шығыс серіктестік» ұйымына мүше алты ел басшылары кездеседі. Бұл жолғы кездесу тарихи саммит ретінде есте қалады деген үміт бар.

Литва президенті Даля Грибаускайте Азаттыққа берген сұхбатында ЕО-мен келісім жасасу үшін Украинаның қандай қадамға баруы керегі туралы, Беларусь президенті Александр Лукашенконың саммитке кепу-келмеуі жайлы, «Шығыс серіктестік» елдерінің ЕО-ға мүше болуына қатысты пікір білдірді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес жиынында. Минск, 25 қазан 2013 жыл.Беларусь президенті Александр Лукашенко Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес жиынында. Минск, 25 қазан 2013 жыл.

Азаттық: — Кейбір деректерде Беларусь президенті Александр Лукашенко ЕО-ның «қара тізіміне» енгеніне қарамастан саммитке шақырылғаны туралы айтылады. Енді біреулер Минск атынан елдің сыртқы істер министрі Владимир Макей барады дейді. Жиын өтетін ел басшысы ретінде сіз қайсысының келгенін қалар едіңіз?

Грибаускайте: — Мәселе менің қалауымда емес, олардың мүмкіндігіне байланысты. Біз елге шақыру жібердік. ЕО-ның «қара тізімінде» жоқ адамның ғана Вильнюске келе алатыны түсінікті.

Азаттық: — 2011 жылы Варшавада өткен «Шығыс серіктестік» саммитіндегі жағдай қайталанып, Беларусь өкілдеріне бөлінген орын бос қалады деп алаңдамайсыз ба?

Грибаускайте: — Мәселе бос орындыққа тіреліп тұрған жоқ. Саммитке келгені Беларусьтің өзіне тиімді болатын еді. Бірақ Вильнюстегі саммитте тек Беларусьтің мәселесі қаралмайды. Көптеген істер атқарған Украина, Молдова және Грузия сияқты елдер бар. Солардың Еуропаға кірігу мәселесін ары қарай жылжытуымыз мүмкін. Молдава және Грузиямен еркін сауда жасау туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатырмыз, Украинамен келісім-шарт жасасуға да жақындап қалдық.

Азаттық: — Егер Украинамен келісім-шарт жасасу жүзеге аспаса, саммиттің жұмысы сәтсіздікке ұшырады деп айтуға бола ма?

Грибаускайте: — Олай ойламаймын. Себебі еркін сауда келісімі ғана емес, визалық режимді оңайлату мақсат еткен елдер бар. Бұл елдер өз ішінде құқықтық жүйесін реформалау мен адам құқығын қорғау мақсатында көп жұмыстар атқарды. Бұл мемлекеттер демократияландыру, адам құқығын қорғау, экономикалық реформалар мен құқық қорғау жүйесінде көптеген пайдалы істер атқарғандықтан олармен келісім-шартқа отырудың мүмкіндігі бар.

Украина қандай шешім қабылдаса да, тіпті ол қажетті қадамдарды орындауға дайын болмаса да (оған күмәнім бар), оң нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз көбірек деп ойлаймын. Украина реформа жолына түскендіктен, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген сенімдемін.

Азаттық: — Егер Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенкоға Германияға барып, емделуге рұқсат етсе, бірақ толық кешірім бермесе, Украинамен келісім жасауға соның өзі жеткілікті ме?

Грибаускайте: — Алдын ала болжам жасауға тырыспайық, себебі қарашаның 5-і күні Украина парламенті – Жоғарғы Радада Тимошенкоға қатысты арнайы құқықтық ұсынысқа сай дауыс беру өтпек. Сол кезде Украинамен бірге ЕО-ға мүше елдер келесі қадамды анықтайды.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес жиынында. Минск, 24 қазан 2013 жыл.Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес жиынында. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

Бірақ Украинаға Ресей қатты қысым жасап отырғанын естен шығармайық. Ресей Украинаның экономикасына қысым көрсетіп, кейбір азық-түлік өнімдеріне тыйым салды. Мысалы, Литваның сүт өнімдерін де елге енгізбей тастады. Украинаға қатысты энергия бағасына да қысым жасап отыр, бұның әсері қатты байқалады. Осының бәрі Украина мен Еуропадағы қоғамдық пікірге және Украинаның шешім қабылдау жылдамдығына ықпал етеді.

Азаттық: — Молдова ЕО елдері арасында визасыз режимге қосыла алуы мүмкін бе? Вильнюсте осындай шешім қабылданады деп күтесіз бе?

Грибаускайте: — Молдова визалық жол картасы деп аталатын процестің екінші сатысына өтті. Визалық режимді жеңілдету үшін келесі қадамдар барынша тез аяқталады деп үміттенеміз. Молдова үшін барлық есік ашық, сондықтан жыл соңына қарай бұл істе ілгерілеу байқалуға тиіс. Молдованың жол картасы нақтыланған: алдағы жылдары ол ел азаматтары еуропалық кеңістікте еркін жүреді.

Азаттық: — «Шығыс серіктестік» ұйымына мүше алты ел күндердің бір күнінде ЕО-ға бірігеді деген еуропалық талпыныс бар деп айтуға бола ма?

Грибаускайте: — Оны сөзбен айтқаннан көрі, соған келу жолының маңызды екенін нақтылай кеткен жөн. Олар өздеріне пайдалы реформалар жүргізіп жатыр. Демократияландыру, нарықтық реформалар, адам құқығын қорғау, құқықтық реформалар – соның бәрі өздеріне тиімді. Қазір оларға бірден мүшелікке өту емес,  интеграция процесі маңызды.

Азаттық тілшісі Рикард Йозвяктің сұхбатын аударған – Динара Әлімжан