АЛТЫНОРДА
Новости

Гүлбаршын Тергеубекова, әнші: БОЙЫМДА НЕМІС ҰЛТЫНЫҢ ҚАНЫ ЖОҚ ДЕП ОЙЛАЙМЫН

Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы дейді сізді…
– Ол рас. Қаз дауысты Қазыбек бидің жетінші ұрпағымыз. Анам неміс ұлтынан, әкем қазақ. Бойымда неміс ұлтының қаны жоқ деп ойлаймын. Анамның қазаққа келін болғанына 60 жылдан асқан. Ұлты өзге болса да қазақ болып кеткен. Салт-дәстүрді мықтап ұстанады. 11 баланың тоғызыншысымын

Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ән айтуды бес жасымнан бастасам керек. Бүгінде шығармашылық жолда жүргеніме 20 жыл болды. Кештерім біраз облыстарда өтіп жатыр. Жолдасым көлік апатынан қайтыс болды. Бір қыз, бір ұлым бар. Жолдасым қайтқанда Нұрболым 8 айлық қана болатын. Қызым төрт жаста еді. Балаларыма көп көңіл бөлуге тырысамын. Уақыттан таршылық көрсем де. Балаларымның әкесі де, анасы да өзіммін.
 Әу баста халыққа дәстүрлі әнші ретінде танылдыңыз… 
– Мені халыққа танытқан қазақтың қасиетті қара домбырасы дер едім. 1 сыныпта жүргенімде Бәкір Тәжібаевтың «Ақ бұлақ» әнін айтатынмын домбырамен. Әліппемен қоштасқанда ән айтып, газетке шығып жүрдім. Кейіннен Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыкалық училищеге түсіп, сонда «Қарқаралы» атты ансамбльде жұмыс істедім. Одан Алматыға келіп Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Қайрат Байбосыновтың класында оқыдым. Бүгінде дәстүрлі әнмен бірге эстраданы да қатар алып жүрмін. Ешқашан домбыраны тастаған емеспін, тастамаймын да. Екеуін де бірге алып жүремін.
 «Қасымның әндері-ай» атты кешті ұйымдастырғаныңыз есте. Неліктен таңдау басқа ақынға емес Қасымға түсті?
– «Қасымның әндері-ай» атты кешті былтыр Алматы қаласында өткізген болатынмын. Одан қараша айында Қарағанды қаласында өткіздік. Қазақ халқы Қасымның мықты ақын екенін мойындаған. Аудармалары бар. Оның өзі бір төбе. Қасымның жүрегімді қозғаған әні «Өзім туралыны» мен бала жасымнан айтып келе жатырмын. Ақиық ақынның әндері ешкім қозғамай жатқан тұп-тұнық мұхит қой. «Қазақфильм» түсірген Қасым Аманжолов туралы деректі фильмді көргеннен кейін үлкен толғаныста болдым. Көзіме жас алдым. Ол кісінің кереметтей әндері көп. Неге салиқалы кеш өткізбеске деген ойдан туған. Екі кешінде де зал толы болды. Билет жетпей қалды. Бастысы халық разы болды. Арда туған асыл азаматтарын артында қалған ұрпақтары ұмытпаса екен деймін. Еске алып, арнайы кеш өткізіп тұрса. Соларды үлгі тұтып ізін біз жалғастыруымыз керек.
 Әншілердің көбісі той арқылы табыс табатыны белгілі. Тойға өтімді әншісіз бе?
– Кереметтей табыс табамын деп айта алмаймын. Бірақ, шүкір жаман емес. Бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Сұраныс бар. Шақырып жатады. Маған сұмдық гонорар бермедің деп тағы өкпелемеймін. Мені халық ешқашан ренжіткен емес.
 Сосын көп әншілер өздерін жан-жақты қырынан көрсетіп жатыр қазір. Бірі тележүргізуші, енді бірі асаба...
– Бір фильмге «Қазақфильм» кастинг жариялап, соның сүзгісінен өткен едім кезінде. Кейіннен ойлана келе «мені қинамай-ақ қойыңдаршы, мен актриса болмай-ақ қояйын. Осы әнімді айтып жүре берейін» дедім. Негізі жүргізушілікке де шақырған. Бас тарттым. Әркім өзінің саласында бесаспап маман болуы керек. Әрнәрсенің басын бір шалмай. Әнімді халқыма сыйлап, ізденіп, жаңа әндерді орындап жүрсем сол жетеді маған.
– Балаларыңыз өзіңіздің жолыңызды қуғанын қалайсыз ба?
– Балаларым өнерге өте бейім. Қызым Сандуғаш өте талантты. Ән айтады. Биге де икемі бар. Би үйірмесіне қатысады. Бір жылдай ұлттық арнадағы «Еркетай» бағдарламасын жүргізген болатын. Қазір ол бағдарламаны жауып тастады. Соны көргендер мақтап жатады. Менің Алматыдағы «Айналдым елім» атты жеке шығармашылық кешімде ән айтқан болатын. Сонда байқағандар «Қызың өте талантты екен. Дауысы да әсем, сахнаға да икемі зор. Бірінші рет шығып тұрса да жиі сахнаға шығып, ысылған балаға ұқсайды» деп бағасын беріп жатты. Ұлым спортқа жақын. Футбол ойнағанды ұнатады.
– Хоббиіңіз не?
– Ән айту. Өкінішке қарай көбіне бос уақыт бола бермейді. Қолым қалт еткенде тренажер залдарына барамын. Өзімді күтуге тырысамын. Өйткені маған күш қайрат керек, орнын толтыруым керек. Шаршамауым керек. Екі баламды жеткізуім, жетілдіруім қажет. Өнерім де тұр. Бәріне үлгеруім керек.
 Оқытушылық сияқты тұрақты жалақы түсіп тұратын жұмысыңыз бар ма?
– Ондай жұмыс жоқ. Осыдан он бес жыл бұрын Өнер академиясында оқытушылық қызмет атқарған болатынмын. Жолдасым қайтқаннан кейін көбіне екі балама көңіл бөлдім. Бос уақыт деген болмайды менде. Оқытушылық деген де оңай жұмыс емес. Бір баланы дайындасаң мәселен оған үлкен жауапкершілікпен қарауың керек. Өнерге жауапкершілік керек. Өнерге обал жасамауың керек. Ал айлық алсам болды деп жүрдім-бардым қарау менің қаныма бітпеген қасиет.
Әңгімелескен – Нұрбақыт Бегімбет

Халық сөзі