АЛТЫНОРДА
Новости

HRW «Құрманғазы-Пушкин» ісіне алаңдаулы

Havas Worldwide Kazakhstan агенттігі салдырған постер эскизіХалықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Құрманғазы мен Пушкиннің суреті бар даулы постер шығарған жарнама агенттігіне қарсы түсірілген шағымды қайтаруға шақырды.

Пікір айту мен шығармашылық еркіндігін сыйлау — Құрманғазы мен Пушкиннің «сүйісіп тұрғанын» бейнелейтін постер эскизін салған жарнама агенттігіне қарсы шағымды қайтарудың қозғаушы күші болуы тиіс. Қазанның 2-сы күні Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы осындай мәлімдеме таратты.

— Плакатта, сөз жоқ, арандатушылық бар. Алайда арандату да пікір еркіндігінің бір бөлігі, мүмкін шығармашылық дизайнның ажырамас бөлігі де шығар, — дейді  Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша бөлімінің өкілі Мира Ритман.

Дәл бүгін Алматының Алмалы аудандық соты да аты аталған жарнама агенттігіне қарсы Құрманғазы атындағы консерваторияның 34 адамнан құралған ұжымдық шағымын қарай бастаған еді. Шағым берушілердің әрқайсысы соттан моральдық шығын ретінде бір миллион теңге (шамамен 5,5 мың доллар) өндіріп беруді сұрап отыр. Шағым берушілердің тұжырымдауынша, «әдепсіз» постер тек композитордың ұрпақтарының ар-абыройына ғана емес, сонымен бірге «өнерге бейжай қарай алмайтын барлық адамдардың» да абыройына нұқсан келтіреді.

Халық композиторы, күйші Құрманғазы бейнеленген теңге банкнотыХалық композиторы, күйші Құрманғазы бейнеленген теңге банкноты

Даулы постерді шығарған Havas Worldwide Kazakhstan компаниясының бас директоры Дария Хамитжанованың айтуынша, алдын-ала сот тыңдауы кезінде «заңға қайшы шағымның қабылдануына» байланысты жауапкер жақ судьяны ауыстыруды сұраған.

Қыркүйек айының соңында Алматы қаласының мамандандырылғанауданаралық  әкімшілік соты Құрманғазы мен Пушкиннің суреті бар даулы постерді шығарған Havas Worldwide Kazakhstan жарнама агенттігін кінәлі деп тауып, агенттікке 100 айлық есептік көрсеткіш (185 200 теңге) көлемінде, бас директоры Дария Хамитжановаға – 70 айлық есептік көрсеткіш (129 640 теңге) көлемінде айыппұл салған болатын. Бұл кезде шағымды Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы түсірген еді. Сот шешімімен келіспеген жарнама агенттігі қарсы шағымданатынын айтқан еді.

Қыркүйек айының басында өзін «Құрманғазының ұрпағымын» деп таныстырған Нұркен Халықберген есімді азамат та сотқа шағым беретінін мәлімдеген болатын. Алайда жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оның шағымын сот қабылдамаған.

Биылғы тамыз айында 19-ғасырда өмір сүрген қазақтың дәстүрлі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы мен орыстың классик ақыны Александр Пушкиннің «сүйісіп тұрған» бейнелері салынған жарнамалық постер жобасы әлеуметтік желілер арқылы тарап, қоғамның бір бөлігінің ерекше наразылығын тудырған еді. Бұған қатысты белсенділер арнайы органдарға шағым хат тапсырған болатын.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_human_rights_watch_banner_qurmangazy_pushkin/26617234.html