Темір тұлпардың күнделікті тұтынатын жанармайынан бөлек, түрлі майларын құйып, баптап тұрмаса тағы болмайды. Тек жеңіл көліктерінің саны 3,5 миллионға жетіп жығылатын елімізде мотор майларына деген сұраныс жоғары. Соңғы уақытқа дейін елімізде майлағыш материалдар кең көлемде шығарылған емес. Сұранысты көбіне ресейлік, белорустық, еуропалық майлар қанағаттандырып келді. Бүгінде елімізде отандық мотор майлары шығарыла бастағанына да екі-үш жылдың көлемі болды. Еліміздегі бүкіл нарықты жаулап алды деп айта алмаспыз. Дегенмен жоқтан бар, алқам шүкір деуге боларлықтай.
Әрине, автонарықтағы бүкіл майлағыш материалдарды түре қуып шыға алмасымыз анық. Олардың орнын басатындай қуаты мол көптеген зауыт ашылуы керек ол үшін. Ал оған біршама уақыт пен қыруар қаржы қажет. Әзірге Шымкенттен шығатын мотор майларымен мақтануға болады-ақ. «HILL Corporation» ЖШС-і жобаны жүзеге асыру үшін үш жылдан астам уақыттарын сарп етуге тура келіпті. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңгеден асады. Зауыт қаланың өнеркәсіп аумағында 6 гектар жерге орналасқан. Алғашқы жоспар бойынша мұнда жылына 100 мың тоннаға дейін майлағыш майларды өндіруге мүмкіндік бар делінген болатын. Одан бөлек майлағыш материалдардың 120-дан астам түрін шығару да жоспарланған. Жылына 70 мың тонна өнім шығарылса, зауыт еліміздегі сұраныстың 25-30 пайыздайын қанағаттандыра алады. Шымкенттік май шетелдікінен 15 пайыз арзан. Кәсіпорын тұтынушы сұранысына сай мотор майларының барлық түрлерін шығара алады. Тек тапсырыс болса болғаны. Зауыт толығымен заманауи жоғары технологиямен жабдықталған. Өнім сапасын анықтап отыратын зертхана да қол астарында. Мұнда дайын өнімді ғана емес, шикізаттан бастап, бүкіл технологиялық процесс үнемі қадағалануда. Кәсіпорын «HILL» маркалы майына қажетті қоспаларды Франция, Нидерланды, АҚШ елдерінен алдырады. Дайын өніммен қатар минералды майлар, жартылай синтетика да шығарады. Әлемдегі ең танымал жоғары сапалы синтетикалық материал неге аз өндіріледі дегенге келсек, мамандар «қазақстандық нарықта өте қымбат, жаңа модельді автокөліктер саны аз. Ал синтетикалық май осы көліктерге ғана арналған. Сондықтан өндірісте оның өнімділігі 10 пайызды ғана құрайды. Соның өзі сұранысты толық қанағаттандырады» дейді. Шымкенттен шыққан мотор майларын еліміздегі мүйізі қарағайдай ірі компаниялар, оның ішінде «ҚазақМыс», «ҚазМұнайГаз», «ҚазақстанТемірЖолы» тұтынады. Аталмыш компаниялар ірі тапсырыс берушілердің қатарында. Ашылғанына екі жылдан енді асса да майлайтын материалдарды шығаратын өндіріс орнының асығы алшы. Отандық өнім өндірушілердің қатары артқанына тұтынушылар да разы. Мотор майына «күні түсетін» қазақстандықтардың 70 пайызын қамтамасыз ету «хиллдіктердің» мойнында. Отандық тұтынушылардан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан, Ресеймен келісімшартқа отырған. Тағы бір қуанарлығы, май құятын құтыларды да өздері өндіреді, демек, өнімнің өзіндік құнын арзандатуға қосалқы мүмкіндік бар. Мұнда шығарылатын 1 литрлік және 5 литрлік канистрлар – экологиялық жағынан таза, сапасы жоғары. Жұмысшылар дайын ыдыстың сапасын тексеріп, сараптамаға жібереді. Канистрға сапа сертификаты берілген соң ғана май құйылады. Мұнда тәулігіне 5 мыңнан астам құты шығарылады. Ал майлағыш материалдар тәулігіне 1 тоннаға жуық өндіріледі. Өнім өндірумен қатар оның өтімділігін арттыру да күн тәртібінде тұр. Дұрыс жүргізілген маркетинг қана ресейлік компанияларды басып озуға мүмкіндік беріп отыр.
Қозғалтқыш бөлшектерінің материалдарына коррозиялық әсерінің жоқтығы, ұзақ уақыт күйін сақтауы, температуралық сипаттамаларға сай келетіндігі, тығыздау материалдарымен үйлесімділігі, төмен температурада аз көпіршуі, буға айналмауы, отын шығынын азайтып, экологиялық жағынан таза болуы – мұның бәрі де – қазақстандық өнімнің өн бойынан табуға болатын сапалық көрсеткіштер. Өндіруші тарапынан ешқандай кемшілік жоқ, ал тұтынушыға қойылар талап – отандық өндірістің өрге басуы үшін қолдау көрсетсе болғаны. Мәшинеңізге «еркелетіп» «импортный» май құя бермей, үнемі отандық майды құйып тұрсаңыз да темір тұлпарыңыз қамшы салдырмасы анық….
Алмас Жұмабеков, «HILL Corporation» ЖШС-нің маркетинг бөлімінің бастығы:
– Зауыттағы құрал-жабдықтардың барлығы да АҚШ-тан, Чехиядан, Испаниядан алдырылған. Бәрі де автоматтандырылған. Соған орай өндірген өнімнің сапасы жоғары. Әзірге сапасына сын айтқан тұтынушы болған емес. Өнімнің өтімділігін арттыру үшін сапасына көп мән береміз. Халықаралық сапа стандартына сай болуын үнемі қадағалап отырамыз.
Мұрат Доскеев, «Мотор майлары» дүкенінің сатушысы:
– Сатып алушылардың басым бөлігі шетелдік мотор майларына әбден үйреніп қалған. Сондықтан да үнемі соған жүгіретіні аян. Тіпті Шымкентте осындай май шығарылатынын білмейтіндер де басым. Тұтынушыларға үнемі «HILL» майын ұсынамыз. Отандық өнімге, осылайша, аз да болса үлес қоссақ деген ниетіміз бар. Сатып алушылар бір алғаннан кейін қайтып кеп, тағы да осы майды сұрап жатады. Өтімділігі жақсы.
Мотор майы – қозғалтқыш конструкциясының маңызды элементі. Қолданылу мақсатына қарай бұл өнімнің жанармаймен, жағармаймен тұтанатын қозғалтқыштарға арналған май, әмбебап мотор майы деп бөлінетіні белгілі. Қазіргі заманғы барлық мотор майлары базалық майдан және олардың қасиетін жақсартатын қоспалардан тұрады. Базалық май ретінде тұтқырлығы әртүрлі тазартылған компоненттер, синтетикалық өнімдер (поли-альфа-олефиндер, алкилбензондар, эфирлер) қолданылады. Қазіргі заманғы мотор майы көптеген технологиялық талаптарға жауап беруі тиіс, мұнда осы талаптың барлығы да сақталады.
Автор: Гүлжан КӨШЕРОВА
http://alashainasy.kz/