Иранның түкпір-түкпірінде тұратын әйелдер осы парақшада «оңашада», қалыптасқан ережеге қайшы келетін суреттерін жариялап жатыр.
«Иран әйелдерінің оңашадағы бостандығы» деп аталған осы парақшаны жүргізетіндердің жазуына қарағанда, олар ешбір саяси ұйымға кірмейді, ал бұл бастама заңдық және қоғамдық тұрғыдан шектелген Иран әйелдерінің талап-тілегін қанағаттандыру үшін қолға алынып отыр.
Олардың айтуынша, барлық суреттер мен оларға жазылған сипаттамаларды
Иранның түкпір-түкпірінде тұратын әйелдер жіберген. Мамырдың 3-і күні ашылған бұл парақша қазірдің өзінде 27 мың «лайк» жинап үлгерген.
Иранда қоғамдық орындарда әйелдердің ар-ұятын қорғау мақсатында хиджаб киіп жүруді ескертетін жазулар ілініп тұрады. «Мынау – Тегерандағы Yas спорт орталығында түскен суретім. Әйелдер хиджаб кию туралы ескертпелердің дәл алдына келіп неге жалаңбас суретке түседі осы деп басшылық ойлана ма екен?» деп жазады әлгіндей ескертудің алдында хиджабсыз түскен ирандық келіншек.
Персеполистің қасында орамалсыз түскен әйел суретіндегі түсіндірмеде «бірнеше секундқа созылатын бостандық» деп жазылған.
Иранда 1979 жылғы революциядан соң Ислам республикасы орнап, әйелдерге хиджаб кию міндеттелген еді. Содан бері ирандық әйелдер шаштарын көрсетпей орамал тағып жүреді. Хиджабты өз еркімен киетіндер де, айыппұлдан, тұтқындаудан қорқып киетіндер де бар.
Әлеуметтік желіде хиджабсыз түскен суреттерін жариялаған әйелдер заңды бұзғаны үшін тұтқынға алынуы мүмкін. Бірақ қобалжып отырған олар жоқ. Олар
бір сәт бостандықты сезініп, қарсылықтарын білдіргеніне марқайып қалғандай.
Консервативті қала – Исфаханда қызыл орамалын шешіп алып, тауға қарай сермеп тұрып суретке түскен жас келіншек: «Қалада кейбір ер адамдардың түр-тұлғасы хиджаб кию ережесін қадағалайтын полицейлерден де нашар. «Хиджаб кигің келмесе елден кет» дейтіндерге айтарым: менің таңдауым – хиджаб емес. Мен өз елімде еркіндік болғанын қалаймын» деп жазады.
Тебриз қаласында таудың ұшар басына шығып, орамалсыз суретке түскен және бір әйел шашын жел сипаған сәтті сезінудің қандай бақыт екенін айтады.
«Бұл бостандық тек оңашада болмаса деп тілейміз» деп жазған ол.
Гүлназ Есфандияридің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.