Ирактың Күрдістан жартылай автономиялы ауданының басшысы Масуд Барзани бірнеше айдың ішінде аймақтың тәуелсіздігі туралы референдум өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
BBC-ге берген сұхбатында Барзани «Ирак әлдеқашан тиімді түрде бөлшектеніп кеткендіктен» референдум өткізетін уақыт келгенін айтты. Ол референдумның нақты мерзімі әлі белгісіз болғанымен, мәселе бірер айда шешілетінін жеткізді.
Масуд Барзанидың сөзінше, тәуелсіздік туралы референдум өткізу туралы соңғы шешімді Күрдістан автономиясының парламенті қабылдайды.
«Америка дауысы» радиосына берген сұхбатында Барзани Ирактағы қазіргі жағдайды «хаос және үрейлі» деп атады.
«Қазір 1050 километрге созылатын шекарада біз өзімізге белгісіз террористерге және радикалдық топтарға тап болып отырмыз. Бұл — жаңа ахуал. Ирактың енді қайтып бұрынғы күйіне қайта оралатынына күмәнім бар. Не боларын ешкім білмейді» деді Барзани.
Өздерін сүннитпіз дейтін «Ирак және Шам ислам мемлекеті» ұйымының содырлары өткен айдың басында Ирактың солтүстігі мен батыс аймақтарын басып алған. Сирияның Алеппо провинциясының біраз бөлігін бақылауда ұстайтын ұйым 30 маусымда басып алған аймақтарында «ислам халифатын» орнататынын жариялаған.
http://www.azattyq.org/content/news/25442560.html