Иран Еуропаның газ нарығына кіргісі келеді, мұны Ресей экономикасына қауіп санайды
Өткен айларда Иран шенеуніктері Еуропадағы газ тұтынушы елдер мен Каспий алабындағы газбен жабдықтаушы мемлекеттерге және транзиттік ел – Түркияға аймақтағы газ нарығына кіруге әзір екенін білдірді. Тегеран «Еуропа Одағы (ЕО) елдеріне газ тасымалдауға тиіс болған «Оңтүстік дәліз» газ құбыры жобасы Ресейдің газ импорты азаюына байланысты жуық арада іске қосылмайды, тіпті мүлдем іске аспауы да мүмкін. Біз Еуропаны газбен қамтамасыз етуге дайынбыз» деген тұспал жасады.
Ресей мен ЕО арасы Украина дағдарысына байланысты ушығып тұрғаны белгілі.
«ГАЗДЫ «НАБУККО» АРҚЫЛЫ ТАСУҒА БОЛАДЫ»
Әлемде газ қоры жағынан 2-орын алатын Иранның картадағы орнына көз жүгіртсеңіз, ЕО елдеріне газ тасуға және газға бай Каспий алабы елдерін Еуропамен байланыстыруға қолайлы жерде орналасқанын байқайсыз.
Ядролық бағдарламасына қатысты дауға қалып, халықаралық санкциялар қыспағында отырған Иран әлемдік нарыққа газы мен мұнайын сата алмай, халықаралық құбыр жүргізу жобаларына қатыса алмай отыр. Иран мен әлемдік державалар (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Қытай және Ресей — ред.) арасында өткен соңғы келіссөзде Тегеран санкциялардың жеңілдейтінін, газы мен мұнайының әлемдік нарыққа шығар күні жақын екенін ұққан сияқты.
Бірақ бұл — күрделі процесс. Тегеран өз мүмкіндігін асыра бағалап отыр деп санайтындар да бар. Иран ЕО жоспарлаған газ «дәлізіне» қосылуға даяр екенін бірнеше айдан бері білдіріп келеді.
Ал тамыз айында Тегеран «Набукко» газ құбыры жобасын қайта жандандыру туралы айтып, Еуропаға емеурін жасады. Иран мұнай министрі орынбасары Әли Маджеди Тегеранның «Набукко» арқылы Еуропаға газ тасуға әзір екенін ескертті. «Набукко» жобасы 2013 жылдың маусым айында Әзербайжан газ тасымалдау үшін «Трансадриатикалық газ құбырын» (ТАР) таңдаған соң, тоқтап қалған.
«Набукко» Австрияның Баумгартен қаласына дейін [жылына] 31 миллиард текше метр газ тасиды деп жоспарланған (ол «Оңтүстік газ дәлізінің» бір бөлігі ретінде жоспарланған), бірақ бұл құбырды газбен қамтамасыз етеді деген елдер келісімшартқа қол қояр сәтте күмәнданып қалды.
Маджеди Иранның газбен қамтамасыз етуші ел болуға дайын екенін айтып: «Еуропа делегациясы Тегеранға екі рет келіп, Иран газын Еуропаға жеткізу амалдарын талқылады» деген ақпарат таратты. Оның мәлімдеуінше, «Набукко» жобасына қатыспақ болған Әзербайжанның шамасы құбырды газбен толтыруға жетпейді.
Маджедидің сөзіне сілтеме жасаған Иранның IRNA ақпарат агенттігі «Әзербайжанның Каспий теңізіндегі «Шах Дениз ІІ» кеніші… жылына 8 миллиард текше метрден астам өнім бере алмайды. Яғни Әзербайжан «Набукко» жобасына қол қойған күннің өзінде құбырды толтыруға жыл сайын 23 миллиард текше метр газы жетпей қалатын еді» дейді.
«ТРАНСКАСПИЙ ЖОБАСЫНЫҢ ШЫҒЫНЫ КӨП»
Иран президенті Хассан Роухани қыркүйек айында БҰҰ Бас ассамблеясы жиынында австриялық әріптесі Хайнц Фишермен кездесіп, ұсыныс жасады. Роухани Фишерге «Иран Еуропаға энергия тасымалдайтын сенімді әріптес бола алады» деп, «Набукко» жобасын әске қосу туралы тұспалдаған.
Роухани бұл ұсынысын жасау үшін Австрия президентін бекер таңдаған жоқ, себебі сан миллиард қаржы құйылған «Набукко» жобасы австриялық OMV мұнай компаниясы бастамасымен әзірленген еді.
Ақпан айының басында Иран ұлттық газ компаниясының халықаралық қатынастар жөніндегі департаменті директоры Азизоллах Рамазани «Еуропа елдері Иран газын «саяси себептерге» байланысты импорттамайды» деп мәлімдеді. Ол басқаша ұсыныс жасап: «Біз түркімен және әзербайжан газын Иранға жеткізуді ұсынамыз, сосын оны Түркия арқылы Еуропаға асырайық. Бұл — газды Еуропаға жеткізудің ең үнемді жолы» деді.
Рамазанидің пікірінше, «бәсекелес бағыт – Транскаспий газ құбыры жобасы қымбат әрі тиімсіз».
Транскаспий жобасы туралы 1990 жылдардың ортасынан бері айтылып келеді. Бұл жоба бойынша түркімен газын Каспий теңізі табанына төселетін құбырмен Әзербайжанға жеткізіп, одан ары Батысқа асыру көзделген. Бұл жобаға Каспий теңізі жағалауындағы елдерден Ресей мен Иран қарсы шықты.
Әзербайжан, Иран немесе Түркіменстан газын Еуропаға жеткізу жолында Түркия жатыр. Әзербайжан мен Түркия Трансанатолия құбырын (TANAP) салуды қолға алды. Салынып бітсе, бұл құбырмен шамамен 16 миллиард текше метр газ тасымалданады. Оның 6 миллиарды Түркияға сатылып, қалғаны «Трансадриатикалық газ құбырына» құйылады.
«Набукко» жобасы бойынша да әуелде Грузиядан және Иран шекарасынан Түркия арқылы Еуропаға газ тасу жоспарланған еді. Иранның Түркияға жылына 10 миллиард текше метр газ жеткізетін құбыры бұрыннан бар.
РЕСЕЙДІҢ ҚАУПІ
Әрине, Каспий алабы мен Ираннан бірнеше құбыр салуды көздеп отырған Еуропаның «Оңтүстік газ дәлізі» жобасы Ресейдің газ импортына қауіп төндіреді.
Ресей 2014 жылы Еуропаны 155 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етті (ТАР тек 10 миллиард текше метр газ тасыды). 2014 жылдың маусымында ВР-дің әлемдік энергетика саласына статистикалық шолу бойынша, Иранда 33,8 триллион текше метр газ қоры бар, ал Түркіменстан 17,5 триллион текше метр газымен әлемде 4-орында тұр.
АҚШ энергетикалық ақпарат әкімшілігінің дерегі бойынша, Ресейде әлемдегі газдың ең көп қоры шоғырланған. Ол – 48,7 триллион текше метр. Бірақ ВР есебі оны тек 31,3 триллион деп көрсетеді. Қалай болғанда да, Иран мен Түркіменстанның газ қоры бірігіп, Ресейден асып түседі. Әзербайжанның газ қоры 1 триллион текше метр деп бағаланған.
Бірақ осыған дейін Тегеран мен Мәскеу одақтас болып келген еді. Иран өзінің газын сатса немесе Әзербайжан мен Түркіменстанның газын Еуропаға тасымалдауға септессе, «Газпромның» саудасы азаяды, кесірінен Ресей бюджетіне түсім де кемиді.
Еуропаға газ тасимын деген Иран Ресеймен қарым-қатынасын нашарлатып алуы мүмкін. Иранның инфрақұрылымы да ойлантпай қоймайды. Әзербайжан мұнай зерттеу орталығы директоры Илхам Шабан ақпан айының басында «Иранда түркімен газын Түркия шекарасына жеткізетін инфрақұрылым жоқ» деп жазған еді.
Шабанның айтуынша, «Иран елдің оңтүстігінен солтүстігіне баратын газ құбырын салды, бірақ Иранның солтүстік-шығысы (Түркіменстан) мен солтүстік-батысын (Түркия) байланыстыратын құбыры жоқ». «Қазіргі жағдайды ескере отырып, Иран жақын арада Каспий газын Еуропаға тасымалдайды деу қиын» дейді ол.
(Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).
http://www.azattyq.org/content/iran_europe_export_of_gas/26863591.html