Еліміздің қоғам қайраткерлері «Ресейдің кейбір телеарналарына шектеу қойылу керек» деп санайды.
Мәселе 23 ақпан күні «Россия 24» телеарнасынан сөйлеген ресейлік ЛДПР партиясының серкесі, мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Владимир Жириновскийдің Қазақстан және Орта Азияны Ресей Федерациясының құрамына қосу керек деген сөзінен кейін туындап отыр. Ол Украинадағы жағдайды сөз ете келе, Ресей шекарасын оңтүстікке қарай созу керек. Ортаазиялық федеральдық округ құрып, оның орталығы Верный (Алматының ескі аты) болуы тиіс деп көкіген.
Бұдан сәл бұрын ресейлік оппозиционер, саясаттанушы Эдуард Лимонов «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосу керек» деген пікір білдірген болатын. Қоғам қайраткерлері «бұл жақсылықтың нышаны емес, «екі елі ауызға, төрт елі қақпақ керек», яғни ойына келгенін айтатын азаматтарға сөз беріп жүрген кейбір ресейлік телеарна хабарларын шектеу керек деседі. Осыдан бірнеше күн бұрын Януковичті тақтан ысырып, Украина билігін қолға алғандар да: «Ел территориясында Ресейдің кейбір телеарналарының жұмысын тоқтату керек. Олар Украинадағы жағдайда өрескел бұзып, шерушілерді бас бұзарлар етіп көрсетті» деп мәлімдеме жасаған. Ендігі кезек бізге келген сияқты. Бұл туралы қоғам қайраткерлері не дейді?
Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және Халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, Мәдениет қайраткері, профессор:
– Бізге етек-жеңімізді жинайтын кез келді. Әйтпесе, ойына келгенін айтатындардың алаңына айналып кетеміз. Өзіміздің ақпараттық кеңістікті қорғау керек. Өйтпесек белгілі бір деңгейде тәуелсіздігімізге қатер төнері анық. Сондықтан Ресейлік бір-екі ресми телеарналарды қалдырып, өзгесінің жұмысын шектеген жөн.
Жириновский осындай сандырақ сөзді бірнеше рет айтты. Өткенде Лимонов деген біреу осы тәрізді шатпағын жария еткен болатын. Ұмытпасам, осыдан 16-17 жыл бұрын ойы бұзық бір топ адам Шығыс Қазақстан облысын Ресейге қосамыз деп әрекет еткен. Бұлардың бәріне билік болып, ел болып тойтарыс беру керек. Тіпті бұларға нон-грант жариялау қажет деп білемін. Демек, баса бір назар аударатын нәрсе ол еліміздің ақпараттық кеңістігін қорғау болып табылады. Расында, Жириновскийдің айтқанындай біз Ресейдің бір округіне айналып бара жатқан сияқтымыз. Тағы да сол еліміздің ақпарат кеңістігінің 60-70 пайызы – Ресейдікі. Қазір Астанада не болып жатқанын емес, Мәскеуде не болып жатқанын бірден білетін кезге жеттік. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан осы жағын мықтап қолға алатын кез келді.
Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы:
– Бұл мәселе тек бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Өйткені өз ақпараттық кеңістігімізді қорғамасақ, өзге елдің күл-қоқысына көміліп отыра береміз. Ар-намысымызға тиетін жағдайлар жиі кездесе береді. Біз әзірбайжандардан үлгі алғанымыз жөн. Олар шектеу қойды. Ресей ештеңе дей алған жоқ. Өйткені өзге елдің ішкі шаруасына араласуға болмайды. Сол Ресей телеарналары Украинадағы жағдайды «бандера, содырлардың төңкерісі» ретінде көрсетті. Мәселе олай ма, бұл халықтың билікке деген наразылығы емес пе? Ақпарат құралдарының көмегімен ел арасына іріткі салу оңай. Демек бізге де сөзден іске көшетін кез жетті.
http://www.aikyn.kz/articles/view/43355