Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация Мысыр Араб Республикасынан оралды. Каирде өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының XII саммитінде Е.Ыдырысов ислам әлемінде қалыптасқан жағдай: қанды қақтығыстар мен саяси шиеленістерді шешудің «қазақстандық» жолын көрсетіп, бірқатар бастамаларымызды жариялады. Ұйымға мүше 57 мемлекет ол ұсыныстарды қолдады.
Саммит Қазақстанның бастамаларын қолдады
Бүгінде мұсылмандар арасындағы көптеген текетірестер, көп жағдайда сыртқы күштердің ықпалымен болатындығы белгілі. Халық осыны жете түсінбей жатады. Сондықтан елдің білімін барынша көтерген абзал. Ал жұмыссыздық мәселесін шешудің арқасында қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға болады. Саммит барысында Е.Ыдырысов барша мұсылман үмбетіне Қазақстанның Президенті Н.Назарбаевтың осы идеясын жеткізуге тырысты. «Ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, ең алдымен, қарапайым халықтың қажеттіліктерін ескеру керек. Ислам әлеміне даму мен жаңғырудың жаңа стратегиясы қажет. Ал жаңғыру процесі кезінде жасампаз еңбек үшін тиісті жағдай жасалуы шарт. Халықтың энергиясын дұрыс арнаға бағыттаған дұрыс. Әйтпесе, кез келген ұлт жалған лозунг пен ұрандардың құрбанына айналады», – деді министр. Осы сөздер Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларына ой салды. Саммит кезінде олар Қазақстанның барлық бастамаларын тағы бір мәрте қарап, бұған дейін айтылған ұсыныстарға қолдау білдірді.
Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР сыртқы істер министрі:
– Негізі, Қазақстанның Ислам ынтымақтастық ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағалығы кезінде біз біраз ұсыныстар жасаған болатынбыз. Ұйымға мүше мемлекеттер оның барлығын сол кезде және осы жолғы саммит кезінде қолдады. Оның ішінде Ислам ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі штаб-пәтерін Астанада құру, сол жерде ұйымның аймақтық өкілділігін ашу, Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссияны жасақтау, Орталық Азия бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу сияқты нақты ұсыныстар бар. Биыл Қазақстанда біз адам құқықтары мәселесі бойынша арнайы отырыс өткізіп, Орталық Азия және Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үшін инвестициялық форум ұйымдастыратын боламыз. Жалпы, осы жолғы саммитке қатысушы елдер біздің біраз ұсыныстарымызға қолдау білдіріп, оның барлығын қорытынды құжатқа енгізді.
Шынымен де, Ислам ынтымақтастық ұйымының XII саммитінде Қазақстанның біраз ұсыныстары қолдау тапты. Атап айтқанда, Ядролық қару-жарақсыз әлем декларациясын қабылдау, Орталық Азияда ядролық қару-жарақсыз еркін аймақты құру, Ислам ынтымақтастық ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі институтының штаб-пәтерін Астанада ашу, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық байланыстарын дамыту туралы ұйымның іс-шаралар жоспарын іске асыру сияқты бастамалар саммиттің қорытынды коммюникесіне енді. Сондай-ақ Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер «G-20», Астана экономикалық форумы және EXPO-2017 сияқты халықаралық шараларға белсене қатысуға ниет білдірді. Осының бәрін Е.Ыдырысов Мысыр, Ауғанстан, Индонезия, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан және Түркияның сыртқы істер министрлерімен өткізген кездесулер кезінде кеңінен талқылап шықты.
Каирде көрген-білгеніміз…
Африка құрлығындағы ең ірі шаһар – Каир халқының саны 17-19 млн деп айтылса да, ол жерде тіркелмеген және күнделікті жұмысқа келетіндерді есептегенде, адам саны 29 миллионға дейін барады. Көшеде бірде-бір бағдаршам жоқ.
Бізді таңғалдырған тағы бір жайт, жергілікті халық баспананы өз қолымен салады. Әлбетте, 29 млн адамның барлығына баспана салып беру қиын. Содан болар, қала басшылығы бұл мәселені жерді жаппай сату арқылы шешіп отыр. Алайда жер учаскесін сатып алып, жалғыз коттедж салуға болмайды. Ол жерде кәдімгідей көпқабатты тұрғын-үй бой көтеруі шарт. Әрбір азамат пәтерді өз қолымен салады, я болмаса, арнайы құрылысшылар бригадасын жалдап, үйдің қабырғасын құйып, төбесін жабады. Каирлықтар, көбінесе, құрылысшылардың көмегіне жүгінеді. Ондай құрылыс нысандарының нақты «мерзімі» жоқ: тапсырыс түскен сайын бір қабаттың үстіне тағы бір қабат құйылып, пәтерлер салына береді.
Каирде тұратын халықтың 90 пайызы – мұсылмандар, оның ішінде сүнниттер. Мысырлықтар қыз-келіншектерге телміріп қарағанды ұнатпайды. Біз қаланы аралап жүрген кезде, делегация құрамында болған бір оператор көлік кептелісін түсіремін деп бейнекамерасын терезеден шығарып еді, дәл жанымызда тұрған мәшинеден ер адам атып шықты. Айқай-шу көтеріп, доқ көрсете бастады. Сөйтсек, бізбен қатарласып тұрған көлікте хиджаб киген екі қыз отыр екен. Жаңағы еркек бізді сол қыз-келіншектерді түсіріп жатыр деп ойлаған болуы керек, өзіне «жақтас» іздеп, мәшинемізді төңкеріп кете жаздады. Абырой болғанда, көлік кептелісі сейіліп, барлығы өз жөнімен кете барды.
Жалпы, Мысыр халқының бүгінгі жағдайы мәз емес: жұмыс аз, халықтың әл-ауқаты төмен. Ал екі жылға созылған революция «жұдырықтың үстіне жұдырық» болып, халықтың қабырғасын қайыстырды. Осының салдарынан туристер ағыны азайып, ел экономикасы құлдырай бастады. Оны біз Мысыр пирамидаларына барған кезде байқадық. Бұл жерде жол нұсқаушы қызметкерлердің саны туристерден екі есе артық. Ал түйе мінген бәдәуилер мен кәдесый ұстап жүрген алыпсатарлар әрбір туристі қаумалап, кез келген жолмен ақша шығарып алуға тырысады. Олардың біреуі Мысыр халқының өз жеріне туристердің көптеп келген кезін сағына еске алатындығын жеткізді.
Автор: Арман АСҚАР, Астана – Каир — Астана
http://alashainasy.kz
Абай ОМАРОВ (коллаж)