«Ислам мемлекетін» құрушы қарулы топтар, міне, бірнеше ай болды, Ирак және Сирия жерінде соғысып жатыр. Мақсаттары – Исламдық халифат құру. Қазір олар Ирактың 40 пайыз, Сирияның 30 пайыз жерін өздеріне қаратып алды.
Бұл қарулы топтан келетін қауіп өте зор көрінеді. Мұны АҚШ та, Еуроодақ та мойындап отыр. Әсіресе, олардың қорқасоқтап отырғаны, осы топта соғысып, діннің өзге ағымымен уланып қалған азаматтар ертең еліне оралған соң, үлкен қатер көзіне айналмақ. Өйткені қарулы топтар құра отырып, мемлекетте дүмпулер ұйымдастыруға, тұрақсыздыққа һәм тұтастығына селкем түсіруге ұмтылмақ. «Дәл осындай қауіп Қазақстанда да бар» дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев. «Әрине, қазір Ислам мемлекетін құрушы топ Сирия мен Ирак жерін басып алуға тырысып жатыр. Әлемнің әр қиырынан жиналған содырлар сол аймақта халифат құруға ұмтылыс жасауда. Сондай-ақ, сол жерде әскери тәжірибе жинақтаған «можахедтердің» кейбірі өз елдеріне оралып жатыр. Бізге үлкен қауіп осы елге оралып жатқандардан төнуі мүмкін. Олар жасырын радикалды топтарды өздеріне тарта отырып, отқа май құйғандай тірлік жасамақ. Америкалықтардың келтірген дәйегіне қарайтын болсақ, қолына қару алып қақтығысып жатқан Ислам мемлекеті тобында 25-30 мың адам бар көрінеді. Ал біздің елден барған содырлардың саны қанша болмақ? Кейбіреулер 250 дейді, тіпті бәзбірі 2,5 мың дегенді айтады. Ақиқатқа тік қарайтын болсақ, олардың санын нақты ешкім білмейді. Сарапшылар да, тіпті арнаулы қызмет орындары да». Демек, бүгін болмаса да ертең елімізге сырттан агрессия жасалмағанмен де, мысық табандап келетін бір қауіптің бары анық болып тұр. Сарапшылар не дейді?
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:
– Досым Сәтбаевтың алаңдаушылық танытуы дұрыс. Өйткені «Ислам мемлекетін» құрамын деп соғысып жүрген қарулы топтармен арамызды бірнеше мемлекет, бірнеше мыңдаған шақырым бөліп жатса да, олардан келер қауіп-қатер жоқ деп өзімізді-өзіміз алдап отыра беруге болмайды. Лаңкестік топтар үшін шекара жоқ. Соның ішінде Досым нақты санын келтіргеніндей, жүздеген қазақстандық азаматтар сол жақта жүрсе, қауіптің көкесі сол. Сириядағы қантөгісте қазақстандықтар бар екенінен жұртшылық хабардар. Оны Ұлттық қауіпсіздік қызметі де мойындады. Ертең сол жерлерде арнайы базаларда жаттығудан өткен, соғыста шыңдалған содырлар елге оралып, қарулы топтар құрмасына кім кепіл? Бәрі мүмкін. Жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан арнаулы қызмет орындарының жұмысын күшейту керек. Сыртқа шығатын еліміздің кез келген азаматын бақылауды күшейткен дұрыс. Сонымен қатар, көрші жатқан мемлекеттердің арнаулы қызмет орындарымен де байланысты күшейтіп, жүйелі түрде, бірлесе қызмет еткен жөн. Сол кезде ғана біз көптеген оқыс оқиғалардың алдын аламыз. «Әл-Қаида», ауғандық тәліптер, бүгінгі Ислам мемлекетін құрғысы келген топтардың барлығы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін қауіп ошағы болып саналуда. Бірін жойсақ, екіншісі әлемнің өзге бір қиырынан өзге атаумен бас көтеріп жатады. Былайша айтқанда, мың басы бар аждаһа секілді. Сондықтан олар бас көтеріп, халыққа зиянын тигізбес бұрын, оларды тұншықтырып отырған жөн.
Гүлшат Нұрымбетова, саясат ғылымдарының докторы, профессор:
– Әрине, қауіп-қатерді жоққа шығаруға болмас. Өйткені бірер жыл бұрын Қазақстанның батысында болған оқиғаларды алайық. Бұл – қашанда қауіп бар екенін ұмытпауымыз үшін сабақ. Дегенмен керемет үрей туғыза-тын жағдай емес. Ең бастысы, арнаулы қызмет орындары белсенді жұмыс істесе, тыйым салынған ұйымдармен байланысы бар адамдарды, пиғылы бұзық адамдарды жедел іздеп тапса, олармен қатаң жұмыс істесе, қауіптің алдын алуға болады. Бұл жерде өзге мемлекеттердегі құқық орындарымен де бірлесе жұмыс істеу керек. Бізде жоқ деректерді олардан, оларда жоқты бізден алып дегендей. Сондай-ақ халық арасында, жастар арасында бөтен ағымдардан сақ болуы үшін түрлі үгіт-насихат, іс-шаралар өткізіп, сауатын ашып отырған жөн. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бағыт-бағдарымызды анықтап алғанбыз. Сондықтан жат, әсіребұзық ағымдарға еріп кетуіміз екіталай деп ойлаймын.