АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Ислам терроризмге қарсы»

SHoykinБиылғы жылғы 15 қазанда Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары Аста­нада өткен кездесу кезінде «Ислам терроризмге қарсы» халықаралық форумын құру бастамасын көтерген болатын.

Осы жылдың қыркүйек айының аяғында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назар­баев Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас Ас­сам­блеясы аясында өткен экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөнін­дегі халықаралық саммитте сөйлеген сөзінде зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизмнің қазіргі әлемге және қауіпсіздікке қатер төндіріп, халықаралық терроризмнің кең қанат жаюына себеп болып отырғанын атап өткен еді. Қазақстан Президенті осы ретте әлемнің алпауыт елдері мен халықаралық ұйымдарды халықаралық терроризмге қарсы жұмыла күресуге шақырды.

Осы орайда, мұндай ұсыныстың әлем­дік және аймақтық деңгейдегі көп­теген интеграциялық және бітімгерлік бас­тамалардың, оның ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары съездерін өткізуді нақты іске асыра алған Қазақстан басшысы тарапынан жасалуы қисынды еді.

БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысында бірқатар өзге мемлекет басшыларының, оның ішінде Ресей Президенті В.В.Путин­нің тарапынан да ортақ құндылықтар мен мүдделерді басшылыққа ала отырып және халықаралық құқық негізінде терроризмге қарсы кең ауқымды халықаралық коалиция құру туралы ұсыныстар көтерілді.

Екі ел басшылары өз сөздерін шынайы іс-әрекеттерімен нақтылай түсу мақсатында қазіргі таңда белең алып кеткен діни экстремизмнің себептерін анықтауда, исламофобияның алдын алуда және терроризмге қарсы күресуде халықаралық кооперацияланудың жал­пыға ортақ түсінігі мен тетіктерін қалып­тастыру үшін әлем елдерінің күш-жігерін біріктіруге бағытталған «Ислам терроризмге қарсы» арнайы халықаралық форумын құруды ұсынып отыр.

Жалпы, мұндай ұсыныстың Астанада жасалуының себебі, біздің ойымызша, Қазақстанның әлемнің ірі елдерімен тең дәрежедегі әріптестік қарым-қатынастар орнатып, Мемлекет басшысының халық­аралық сахнада жаһандық бітімгерлік келіссөздер орнатудың белсенді қаты­сушысы ретінде ерекше беделге ие екен­дігімен тікелей байланысты.

Қазіргі таңда халықаралық терроризм өзінің ауқымы, қатыгездігі мен адам­гершілікке жат зұлымдығымен заманауи әлемнің алдында тұрған өткір әрі ғаламдық қауіп-қатерге айналғаны құпия емес. Өкінішке қарай, біз ақпарат құралдары арқылы әлемнің әртүрлі жерлерінде адам­дардың террорлық әрекеттердің құрба­нына айналып, инфрақұрылымдар мен әлемдік тарихтың мұрасына айналған құнды жәдігерлердің қиратылып жат­қанын күнделікті көріп отырмыз. Соны­мен қатар, діни экстремистердің мемлекеттер мен халықтардың тарихи қалып­тасқан дәстүрлі рухани-мәдени және құндылықтық тұғырларын қиратуға талпынысы да анық көріне бастауда.

Терроризм идеологтары өз әрекеттері арқылы мәдениеттер мен діндердің арасына ғана емес, сонымен бірге, мемлекеттер мен халықтар арасына да өшпенділік салуға ұмтылып отыр. Өкінішке қарай, әлемнің дамыған мемлекеттерінің өздері жеке-дара бұл зұлымдықты тоқтата алмасы анық.

Жалпы, экстремизм мен терроризм әртүрлі сипатта көрініс тауып, түрлі идео­логиялық және саяси доктриналарды, он­ың ішінде дін атын бүркенетіндігін де айта кеткен жөн. Осы ретте дін атын жамылған халықаралық терроризмнің терроризм эволюциясындағы аса қауіпті үрдіске айналғанын ерекше ескерген абзал.

Әдетте, осыған дейін саяси терро­ризм­нің түпкі мақсаты зорлық-зомбылық жасауға емес, белгілі бір мәселелерге қатысты қоғамдық пікір қалыптастыру мақса­тымен бұқаралық ақпарат құрал­дарының назарын өзіне аударуға бағыт­талатын. Ал қазіргі күндегі дін атын жамылған терроризм үшін дін талаптарына сай орындалатын күш көрсету мен зорлық-зомбылықты қасиетті парыз дәрежесіне дейін көтеру басты орынға шығып отыр. Осыған байланысты көптеген ғалымдар кез келген діни бағыттағы фундаментализм, түптеп келгенде, экстремизммен және терроризммен шектесіп жататындығына сенімді.

Осы жерде әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да діни экс­тре­мизм мен терроризмге қарсы күре­суде белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақталғанын айта кетуіміз керек. Біздің елімізде жаһандық деңгейдегі мәселеге айналып отырған осынау зұлым­дыққа құқықтық тұрғыдан да, ұйым­дастырушылық және ақпараттық тұр­ғыдан да қарсы тұрудың әдістері мен тетіктері пысықталды. Елімізде оннан астам экстремистік және террорлық ұйымдардың қызметіне тыйым салынды.

Дегенмен, соңғы 2-3 жыл ішінде Таяу Шығыстың жекелеген елдерінде, оның ішінде Сирия мен Иракта орын ал­ған оқиғалар әлемде экстремистік жә­не тер­рорлық идеологияның шын мә­нін­де жаңа түрінің қалыптасып келе жат­қанын көрсетіп отыр. Халықаралық сахнада ИШИМ құбылысының пайда болуы әлемдегі діни радикализмге қарсы күре­судің осыған дейін қалыптасқан әдіс­терінің белгілі бір дәрежеде әлсіздігін байқатты.

Бұның басты себебі басқа экстре­мис­тік ұйымдарға қарағанда ИШИМ иде­ологиясының нысаны әлемнің бар­лық мұсыл­мандарына бағытталып отыр­ғанында және аумақтық тұрғыдан шек­телмегендігінде болып табылады. Бас­қаша айтқанда, оның мақсаттары белгілі бір жеке мемлекетте үстемдік құру үшін шағын аумақтық шекаралармен шек­телмейді, керісінше, оның мақсаты жаһан­дық сипатқа ие және әлемдегі барлық мұсылмандар үшін ортақ қасиетті кітапты өз түсінігіне сай түсіндіруге тұғырланады.

Біз ИШИМ мысалында халықаралық терроризмнің таралуының келесідей үрдістерін байқауымызға болады.

Біріншіден, терроризм шынында да бүгінгі күні халықаралық сипат алып келе жатқанын және ол әртүрлі елдер­ден шыққан айтарлықтай көптеген аза­маттардың террорлық әрекетке белсенді қатысуынан көрініс тауып отырғанын мойындауымыз керек. Бұған мысал ретінде, сарапшылардың мәліметі бойынша, Сирия мен Ирактағы ИШИМ қатарында 80-нен астам елдердің өкілдері бар екендігі және әлемнің көптеген аймақтарында әрекет ететін террорлық топтардың ортақ ұрандарды басшылыққа алып, бір тудың астына бірігу деректері мысал бола алады.

Екіншіден, халықаралық террорлық ұйымдар өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басуда. Бұл олардың жеке қаржы-экономикалық, ақпараттық және басқа да жүйелері бар квазимемлекеттік құры­лымдар құруынан көрініс табады. Яғни, террористер айтарлықтай қаржылық және материалдық ресурстарды иеленіп отыр.

ИШИМ қолында, сонымен қатар, бұрынғы террорлық ұйымдарда болмаған тағы бір артықшылық бар – ол жаңа үлгідегі ақпараттық және әлеуметтік технологияларға ие болуы және оны кеңінен пайдалануы. Атап айтар болсақ, ИШИМ террорлық ұйымы кәсіби негізде құрылған ақпараттық агенттікке ие және өзінің үгіт-насихат және жақтас жинау жұмыстарына интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Осы ретте, олардың хабар тарату және үгіт-насихат жұмыстары әлемнің бірнеше тілінде жүргізілуде және әлеуметтік ортадағы мақсатты топтарға нақты бағытталып отыр. Бұл, өз кезегінде, ИШИМ терроршыларына әлемнің әр түкпіріндегі көптеген адамдарды өзінің ақпараттық кеңістігіне тартуға орасан зор мүмкіндіктер беруде.

Үшіншіден, біз соңғы уақытта, өкі­нішке қарай, терроризм идео­лог­тары­ның конфессиялар арасында, тіпті, кон­фе­ссиялар ішінде де белгілі бір дәре­жеде алауыздық тудыра алғанын атап өтуіміз керек. Бұған бүгінгі күнде Сирия мен Иракта орын алып отырған сүннит­тер мен шииттер арасындағы ашық қақ­тығыстарды және мұсылман емес қоғам­дарда исламофобияның қалыптасуы ай­қын мысал бола алады.

Бұл мәселедегі ең өкінішті жағдай – ол дін негіздерін енді танып, өмірдің оң-солын бажайлай қоймаған жас ұрпақтың осынау террорлық ұйымдардың қатарын толтыратын топқа айналуы дер едім. Яғни, өмірлік тәжірибесі жоқ өскелең ұрпақ террорлық ұйымдардың теріс иделогияларының салдарынан «таза ислам» насихатының тұзағына түсуде. Сондықтан жоғарыда аталған күрделі мәселелер әлемдік қоғамдастықтан және әрбір мемлекеттен өз елдерінің ішінде және халықаралық деңгейде діни экстремизм мен терроризмнің себептері мен оған түрткі болатын жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған пәрменді тетіктерді жасақтау міндетін алдыңғы қатарға қойып отыр.

Қазақстанда осы мақсатта Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соның аясында әрбір мемлекеттік орган өз құзыретіне сәйкес осы індетпен күресуге бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырып, жетілдіре түсуде.

Елімізде орталық және жергілікті дең­гейдегі мемлекеттік органдардың діни экс­тремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жұмыстарын үйлестіріп отыратын Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы жұмыс істеуде. Бұл орталықтың үйлестіруімен мемлекеттік органдар өзгеріске түсіп отырған жаңа ха­лықаралық жағдайларға сай экстремистік және террорлық ұйымдарды анықтау және олардың қызметін тоқтату бойынша тиісті тәжірибе жинақтап, халықаралық ынтымақтастықты арттыра түсуде. Сәй­кесінше, елімізде терроризмге қарсы кү­ре­судің заңнамалық базасын құру және же­тілдіру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді.

Радикалдық сипаттағы діни идея­лар­дың таралуына және азаматтарды экстремистік және террорлық топтардың қатарына тартуға мүмкіндік беретін ішкі факторлардың алдын алу мақсатында Дін істері комитетінің, жергілікті әкім­діктердің, сарапшылар қауымдастығы мен діни бірлестіктердің бірлескен күшімен ақпараттық-түсіндіру және алдын алу сипатындағы жұмыстарды қамтитын кешенді іс-шаралар іске асырылуда және үнемі жетілдірілуде.

Бұлардың ішінде азаматтардың дін­танулық және құқықтық сауа­тын көтеру, олардың бойында зайыр­лы құндылықтарды және теріс идео­логияларға қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыру, Интернет желісінен экстремистік контентті табу мен бұғаулау, азаматтардың елімізде және шетелдерде діни білім алу мәселелерін реттеу, экстремистік әрекеттері үшін жазаларын өтеп жатқан және экстремистік ағымдардан зардап шеккен жандарды оңалту, жастардың арасындағы теріс идеялардың жетегіне еріп кету мүмкіндігі жоғары топтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің шешімін табуды өзектендіру, дәстүрлі діндерге діндар тұрғындар арасында алдын алу және теологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға көмек көрсету мен осы қатардағы басқа да көптеген іс-шараларды ерекше атап өтуге болады.

Біздің ойымызша, қазіргі кезеңде мем­лекеттік органдар мен азаматтық қо­ғам институттарының негізгі кү­ші Қа­зақ­станның көпұлтты және көп­конфес­сиялы халқының ауызбіршілігі мен жара­сымдылығын сақтау мен елімізде діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарына жұмылдырылуы тиіс. Осы ретте, жоғарыда айтылып өткен әлемдегі ахуалды талдау мемлекетішілік және мемлекетаралық күш-жігерді біріктіру арқылы ғана ха­лықаралық терроризмге пәрменді түрде қарсы күресу мүмкін екенін көрсетіп отыр. Демек, осы мәселені кешенді шешу бүгінгі күнде халықара­лық коопера­цияны және әлемнің жетекші елдері тарапынан терроризмге қарсы күресу шаралары бойынша ортақ ұстанымдарды қалыптастыруды талап етеді.

Сондықтан, Қазақстан мен Ресей бас­шыларының көтеріп отырған бастамалары уақыт талабына жауап береді және осы тұрғыда халықаралық қоғамдастықты терроризмге қарсы күресте күш біріктіруге ша­қырған үндеуі болып табылады.

Демек, біздің ойымызша, жоғарыда айтылған мәселелер желісінде терро­ризмге қарсы күресуде ортақ идеялық-теориялық тұғырнама әзірлеу, халық­аралық деңгейде терроризмге қарсы бағытталған нақты шаралар әзірлеу және іске асыру, ислам дінін бүркеніп жүр­ген террорлық ұйымдар тарапынан орын алып отырған адамгершілікке жат әрекеттердің себебінен туындайтын исламофобияны еңсеру форумның маңызды міндеттері қатарынан орын алуы қажет.

Мемлекет басшыларының көтерген осы бас­тамасы қордаланып қалған халық­аралық сипатқа ие терроризм мәселесін тез арада шешуге мүдделі әлемнің басқа елдері тарапынан да қолдау табады деп сенім білдіруге болады.

Ғалым ШОЙКИН,

Мәдениет және спорт министрлігі

Дін істері комитетінің төрағасы.

http://egemen.kz/