Әлемнің көптеген жоғары оқу орнында қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен тілі оқытылады. Ендігі жерде Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен шетел университетіндегі аталмыш кафедралардың жұмысы мен тыныс-тіршілігін тұрақты түрде таныстырып отырмақпыз.
Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыру, шетелдегі жоғары оқу орындарымен байланыс орнату. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдіргісі келетін жастарға бағыт-бағдар беру.
Венециядағы «Ка Фоскари» университеті – Италиядағы көне оқу орындарының бірі. Университет 1868 жылы ашылған және әдепкіде экономика ғылымы мен кейбір батыс және шығыс тілдерін тереңдетіп оқытатын Италиядағы бірінші бизнес-мектеп ретінде құрылған. Уақыт өткен сайын жоғары санатты мамандарға деген қажеттілік артты, соған орай оқытатын тілдердің де саны ұлғайды. Экономикалық бағыттар саласы көбейді. ХХ ғасырдың басы Ка Фоскари қызметін қайта түлеткен уақыт болып саналады. 1928 жылы мектеп Италия Ұлттық Білім беру министрлігінің басқаруына ауыстырылады. 1934 жылы мектеп директоры ректор деп атану құқығына ие болды. Ал 1935 жылы мектеп экономика және бизнес факультетін ашып, толыққанды университетке айналған.
Қазіргі таңда Ка Фоскари – ең жоғары оқыту сапасына кепіл беретін үдемелі ғылыми жобалар мен инновациялық зерттеу бағдарламалары жүзеге асырылатын заманауи университет. Оқу орны барлық деңгейдегі, итальян тіліндегі, сонымен қатар ағылшын тіліндегі курстарды ұсынады: 15 бакалавриат, 30 магистратура, 32 шеберлік курсы өтеді. Бұдан бөлек аспирантурасы тағы бар. Курстар оқу несиелері есебіне оқылатын жаңа Summer school-ды, сондай-ақ итальяндық және шетелдік оқытушылардың лекцияларына қызығушылық танытушы итальяндық, шетелдік студенттер мен кәсіпқойларға арналған факультативті қосу қажет.
Соңғы уақытта Венециядағы Ка Фоскари университеті экономикалық және гуманитарлық ғылымдарды оқытатын Италиядағы ең үздік университеттердің бірі деп мойындалып отыр. Университет оқытудың жоғары сапасын және талапкерлердің оқуға түсу процесінің мобилділігін ұсына отырып, шетелдік студенттер арасында кең танымалдылыққа ие. Халықаралық деңгейде Ка Фоскари университеті көпжылдық мінсіз атағы бар жоғары санатты мекеме болып саналады. Қазіргі таңда университетте ең алдымен төрт негізгі бағытты – экономика, шетел тілдері және әдебиеті, жаратылыстану, гуманитарлық ғылымдарды қамтып, шамамен 20 мың студент білім алып жатыр. Бұл ретте мәдени салалардағы әртүрлі бағыттар белсене дамып келеді.
Университетте 30-дан астам шетел тілдері оқытылады, Италия үшін сирек кездесетін тілдерді, мысалы, армян және әзірбайжан тілдерін үйрететін курстар ұсынылады.
Осыған байланысты 2015 жылдан бастап Университеттің Азия және Солтүстік Африка бойынша Зерттеу департаментінің жанынан қазақ тілін, тарихын, Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін үйрететін курстарды ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл ұсыныс 2013 жылдың наурыз айында СІМ арқылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жіберілді. 2013 жылдың мамыр айында аталмыш министрлік тарапынан «Ка Фоскари» университетін ведомствоаралық уағдаластық сатысында тұрған мәдениет және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық бағдарлама жобасына енгізуді мақсатқа сәйкес деп есептейді «деген жауап келді.
Бұдан басқа, аталған оқу орны Қазақстанмен мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастыққа әзірліктерін білдіреді:
– қазақстандық студенттер үшін «Болашақ» бағдарламасына қатысу;
– Университтегі көрмелер мен мәдени іс-шаралар арқылы қазақ мәдениеті мен көркемөнер мұрасын алға бастыру;
– қазақстандық университеттермен ынтымақтастық туралы келісім арқылы студенттер, оқытушылар алмасу бойынша бағдарламалар;
– Қазақстанның тарихы, экономикасы және саясаты жөніндегі зерттеу жобаларын жүргізу;
– археологиялық қазбалар жобалары бойынша (студенттердің, ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен) қазақстандық университеттермен ынтымақтастық, археология саласындағы бірлескен жобалар;
– Қазақстанның тарихы бойынша бірлескен жобалар және. т.б.
Сонымен қатар қазірдің өзінде Ка Фоскари университетінің Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Тараз Мемлекеттік Университеті сияқты қазақстандық ЖОО-лармен ынтымақтастық тәжірибесі бар екендігін де атап өткен жөн.
http://www.aikyn.kz/