АЛТЫНОРДА
Новости Усть-Каменогорска

ҚАБАНБАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Өскеменнен шыға берісте Қабанбай батыр ескерткіші орнатылған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ақпараттық орталығы хабарлады. «Ұлт-азаттық көтеріліс батыры Қабанбай батыр ескерткіші салтанатты түрде 7 мамырда ашылады. Ескерткіш Өскемен қаласынан шыға берісте орнатылған», — делінген жексенбіде таратылған хабарда.

Мүсін қоладан соғылған, ал оның биіктігі 6,2 м. Мемориалдың ашылу салтанатында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және патриоттық концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Ескерткіштің ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Секен Тұрысбеков, Камал Абдрахманов, сондай-ақ ҚР мәдениет министрлігінің өкілдері қатысады.

Кабанбай Каракерей — XVIII ғасырдағы қазақ батыры, әйгілі қол-басшы. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады —  ҚазТАГ.

Дуанабай Жолдасбек

http://www.aikyn.kz/