Астана. 29 қаңтар. Baq.kz – Белгілі әнші Қайрат Нұртас сотқа шақырылмақ. Ол Алматыдағы «Прайм плаза» сауда үйіндегі тәртіпсіздікке қатысты куәгер ретінде түсініктеме береді. Кеше осы оқиғаға қатысты сот процесі жалғасты. Бұл жайында 7 арна хабарлады.
Еске салайық, Алматы қаласының ішкі істер департаменті тәртіпсіздік кезінде 29 көлігіміз талқандалып, 19 млн. теңге шығынға баттық деп отыр. Енді бұл қаржыны айыпталып отырған жігіттерден өндіртіп алмақшы. Сондай-ақ сол күні күзетті күшейтуге тартылған 57 сарбаз да зардап шегіпті. Және әскери бөлімнің 1 млн. теңгеге жуық мүлкі бүлінген. Мұнан бөлек үстел, орындықтары, ыдыстары қираған кафе қызметкерлері де шығындарын есептеп, сотталушылардан 1 млн. теңге өндіріп алуға бекініп отыр. Бірақ бұл қаражаттың бәрін кімнің өтейтіні әзірге белгісіз.
Бұл ретте Әуезов ауданы прокурорының аға көмекшісі Алмас Момбеков: «Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзушы, үкімет өкіліне, қоғамдық тәртіпті қорғау өкіліне, міндетін атқарушы адамға қарсылық көрсетумен бірге денсаулығына зиян келтіруші арнайы бейімделген заттарды қолдану арқылы бұзақылық жасаған», — дейді.
Бүгінде 5 айыпталушы өздерінің сол күні бұзақылық әрекеттер жасағанын мойындаса, екеуі тағылған айыптан бас тартып отыр. Егер соттталушылардың кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
http://baq.kz/kk/news/42783