Қайрат Түнтековтың есепшоттары соттың шешімімен тоқтатылды. Оған себеп болған әншінің 2012 жылдың желтоқсанында көлігін соққан қызға қарызын қайтармағандығы. Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Түнтеков Нәзира Есенаманова есімді азаматшаның меншігіндегі Toyota Land Cruiser 100 көлігін өз көлігімен соғып кеткен болатын. Осы оқиғадан кейін әнші 40 күн қамауға алу жазасы тағайындалып және 2 жыл 9 айға көлік жүргізу куәлігінен айрылған болатын. 40 тәулік қамауда болған Қайрат, жазасын өтеп шыққан соң жәбірленушіге өтемақы төлеймін деп уәде берген еді. Алайда, әнші бұл уәдесін бүгінге дейін орындамаған. Қайрат Түнтековке қарызды өз еркімен төлеуге мүмкіндік берілгенімен, ол өтемақыны уақытында төлемеді. Қазір әнші есепшотындағы тыйымды алып тастауға тырысуда. Бірақ, Қайраттың есепшоты тек қарызды өтегеннен кейін ғана ашылады. Жәбірленуші тараптың мәлімдеуінше, Қайрат апат барысында келтірілген 30 мың доллар шығынның 25 мыңын өтеуі қажет екен. Бұған дейінгі кездесулерде әнші бой көрсетпеген, оның атынан Қайраттың әкесі мен арт-директоры ғана келіп жүрген. Қайрат Түнтеков алдағы уақытта да кездесуге келмейтін болса, оған іздеу жарияланатын болады деп жәбірленуші қыздың өкілі Зүбайда Асқарова.
Әнуарбек Әсел
http://turkystan.kz/