Бүгін Астанада 24 жастағы қала тұрғыны Әліби Жұмағұловтың соққыға жығылуына қатысты қоғамда ерекше назар аудартқан іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Сот осы іс бойынша негізгі айып тағылғандардың бірі – жергілікті ірі кәсіпкер Қайрат Жамалиевті қылмыстық кодекстің «адамды заңсыз бас еркінен айыру», «ірі көлемде бопсалау» және «жыныстық сипаттағы күш қолдану» баптары бойынша айыпты деп танып, 13 жылға бас еркіндігінен айырып, бүкіл дүние-мүлкін тәркілеуге үкім етті. Ол жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады.
Жамалиевпен бірдей айыптар тағылған тағы бір сотталушы Арман Әбілтаевтың да мүлкі тәркіленіп, өзі 12 жылға сотталды. Ал Жамалиевтің көлік жүргізушісі, «бопсалау» және «адамды заңсыз бас еркінен айыру» айыптары тағылған Анатолий Прибытков сегіз жылға түрме жазасына кесілді.
Айыпкерлердің үшеуі де сот процесі кезінде өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.
«Іске қатысты адамдардың жеке басы жайлы ақпараттардың көпке жарияланып кетпеуі үшін» жабық есік жағдайында өткен сот үкімін бүгін жариялаған кезде БАҚ өкілдерінің қатысуына судья рұқсат етті.
Сәуір айында Астана тұрғыны Нұрлан Жұмағұловтың 24 жастағы ұлы Әлібидің аяусыз соққыға жығылғанын айтып, әлеуметтік желіге ұлының видеосы мен суреттерін жариялап, көмек сұраған жазбасы қоғамда наразы пікірлерге ұласып, жұртшылық бұл істің «коррупциясыз» тексерілуін талап еткен еді. Бұл оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істі қарау барысын ішкі істер министрі жеке өз бақылауына алғаны туралы хабарланған. Полиция әуелі Қайрат Жамалиев пен Анатолий Прибытковты, кейінірек іздеу жариялаған Арман Әбілтаевты ұстап, қамауға алған.
http://www.azattyq.org/