Елдігіміз еңсе түзеп, халқымыз Тәуелсіздік тұғырына көтерілген тұста желтоқсаншылардың ерлігі тарихтан ойып тұрып орын алды.
Біреулер бұл оқиғаны «Қозғалыс деп атау керек!» десе, енді бірі «Бұл – нағыз көтеріліс!» деп баға берді. Қалай десек те, қазақтың ширығып тұрған жастары намысқой, өр тұлғалы ел екенімізді паш етіп кетті.
Сол тұстары:
Жиырма бірде жасым бар,
Қайрат деген атым бар.
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең, атыңдар! – деп шырылдаған 21 жастағы Қайраттың үні қазірде ХХІ ғасырға дейін жетті. Жалпы, 21 жас, ХХІ ғасыр дегеннен шығады. Қайраттың өміріндегі нақ осы 21 санына қатысты түйдектелер тарихи құндылықтар баршылық. Мысалы, 21 санына қатысты түзілген Қайраттың тағдырын тізбектеп көрелікші: Қайрат 21 жасында, сот алдында 21 күн нақақтан-нақақ күйіп, тас түрменің 21-камерасында, 21 мамыр күні бақилық болған. Ал оның тұп-тура бес жыл өткен соң 21 ақпанда ақталуы, кездейсоқтық па әлде тағдыр ма?!
Бұл ретте белгілі журналист Қайым- Мұнар Тәбей «Қазақтың желтоқсаны» атты кітабында: «Қайрат 21 жасында, 21 мамырда Семей түрмесінде, оның 21-ші камерасында қаскөйлікпен өлтірілді. Өлтірген кім? Әрине, қасындағы бұрын алты рет сотталған кәнігі қылмыскер Леонид Власенко болуы әбден мүмкін. Алайда ол да оңай ұйғарым. Олай дейтініміз, сол бұрынғы коммунистік империялық жүйенің біреудің қолымен от көсеуге бейім болғаны айтпаса да түсінікті. Иә, Қайраттың тағдырына байланысты күні бүгінге дейін анықталмай келе жатқан жұмбақ жағдайдың бірі де осы», – дейді. Жалпы, Қайым-Мұнар Тәбей мырзаның айтуынша, Қайратқа сол кездегі билік тарапынан жасалған қысастықтың ешқайсысын кездейсоқтық дей алмаймыз. «Тіпті, басқасы-басқа, оның мүрдесінің қайда жерленгені көп уақытқа дейін белгісіз болып келсе, ол немқұрайдылық емес, ол – нағыз қысастықтың тап өзі».
Абзалында, Қайрат ғұмыры қысқа болса да, қазақ халқының санасында туған ұлтының азаттығы, тәуелсіздігі жолында қандай батыл қадамға болса да баруға қабілетті, ержүрек азамат ретінде сақталып қалды. Қайраттың тағдырына қатысты түзілген 21 санынының өзі бұларды айқындай түсетіндей. Мәселен, сан атаулыға ерекше мән беретін астролог ғалымдарымыздың пайымдауынша, 21 санының өзі Қайраттың мінез-құлқын айшықтап тұр.
Айсәуле ШАЯХМЕТОВА, астролог-ғалым:
– Астрология ғылымы санға үлкен мән береді. Ғылымға сенсек, әрбір санның өз мәні, энергиясы бар, біз оны сезбеуіміз де мүмкін. Мысалы, 8 санын көлденең қойсаң, шексіздік белгісі пайда болады. Сондықтан қазір көптеген елдерде 8 саны «байлық-бақыт» белгісі деп те аталып жүр. Ал барлық жақсы нәрселер жұптан тұрады деп есептейтіндіктен, 21 саны да сәтті санға жатады. 2 мен 1 саны жұптасып келетіндіктен бұл сандар көшбастаушылық қасиетті, тұрақтылықты, бірлікте болуды айқындайды. Сондықтан адам өміріндегі 21 саны осындай айтулы белгілерден сыр береді. Қытай елінде айдың 21-інде туылған адамдарға ерекше құрмет көрсетіліп, оларды барынша әспеттеуге тырысады. Аңғарғанға, Қытай елінің біздің эрамызға дейінгі аты аңызға айналған билеушілері Яо билеуші мен Шунь билеуші ергеу (наурыз) айының 21-інде дүниеге келгендігі туралы тарихтан белгілі. Сандарға айрықша көңіл бөлетін Қытай халқы айдың осы жұлдызында туған адамдар билікке, көшбасшылыққа отырса қуанады». Сондықтан мұндай санның алар орны ерекше.
Сөйтіп, 21 санының сыры көшбасшылыққа, бірлікте болуға, тұрақтылыққа бастайтынын мамандар да растап отыр. Ендеше, сандар сырының өзі Қайраттай асқақ рухты ұлымыздың қасиетін одан әрі айқындай түсіп отырған жоқ па?
Жалпы, қазақ – тәуелсіздік жолында толарсағынан су кешіп, «ұрпағымды бодан қылмаймын» деп жауымен бел шешіп айқасқан күрескер халық. Сол күрескерліктің қалыптасқан көрінісін Желтоқсан құрбандары айшықтап та берді. Олар тәуелсіздік тұғырына қонуымызға өзіндік сара жол салды. Сол күнгі оқиғаны бойына жиып тітіркенген алаңға бұл күні Тәуелсіздік монументі қойылып, дербестігіміздің таңы атты. Желтоқсаншылардың ерлігін ұлықтап, ұлтымыздың мерейі өсті. Азаптың тезіне түскен 86-ның қыршындары ақталып, қазақтың рухы одан әрі асқақтай түсті. Бұл күні еуропалықтар Қазақстанды «ТМД елдері бойынша бойына тұрақтылықты серік еткен ел» деп бағалап отыр. Осы тұста біз де қарап қалмай, экономикасы дамушы елдердің қатарына қосылу үшін бірқатар игі шаралар атқардық. Мемлекетіміздің экономикалық-саяси-әлеуметтік қадамдарының айшықтала бастағанын жалпақ жұртқа әйгілеу мақсатында «бәсекеге қабілетті елу елдің сапына енеміз» деп жатырмыз. Әлем жаһандану үрдісіне ілесіп жатқан кезеңде қарап қалмай, көшке ілесуге барымызды салудамыз. «ХХІ ғасырды технологиялық даму ғасыры» деп ұрандаған дамушы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, технология саласының да тілін табуға ұмтылып жүрміз. Десек те, қазақтың тындырған ісінен тындырары көп екенін, Тәуелсіздігіміздің буыны қатайып, бұғанасы беки түскенімен, әлі де жетпеген жетістіктеріміз бар екенін мойындау керек.
Түйін
Біз жыл сайын Желтоқсан оқиғасы қарсаңында Желтоқсан жайлы тың деректер іздейтін болдық. Қоғамда: «Желтоқсан оқиғасы зерттеушілер тарапынан әлі жан-жақты сараланбаған» деген пікірлер де аракідік айтылып қалады. Күнделікті күйбеңмен жүріп, Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын әлі де толық дәрежеде бағалап үлгермегінімізді, бұл оқиғаға қатысты әлі де маңызды зерттеулердің қажеттігін біз мойындауымыз керек. Рас, жыл өткен сайын жасындай жалт еткен Желтоқ-сан жарқылы уақыт қойнауына сіңіп, алыстап бара жатыр. Кешегі 21 жасында мерт болған Қайраттардың ерлігін ХХІ ғасыр ұрпақтары да жыр қылып толғаудан жалықпас. Тек белгілі тараптан қаһармандар ерлігін на-сихаттау жағы өзіндік биігіне жетсін дейік.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kayrattyin-omrndeg-21-sanyi-nen-aykyindaydyi-48260/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі