АЛТЫНОРДА
Новости

Қайсар Қабдолдаұлы, «Алшы» киностудиясының директоры: Мақсатымыз қазақ киносын әлемге таныту

Бейжің. 22 сәуір. BAQ.KZ – Қазақтың кино өнерін өркендету және Қазақ киноларын Қытайдың базарына шығару мақсатында Бейжіңде «Алшы» атты қазақ киностудиясы ашылды.  

Қытай астанасында тұңғыш ашылған қазақ киностудиясы наурыз айында жұмысын бастаған болатын. Жас режиссер Қайсар Қабдолдаұлы басшылық еткен шағын студияда қытай және қазақ ұлтынан құрам тапқан алты маман қызмет жасайды. Режиссерлік саламен айналысқанына төрт-ақ жыл болған Қайсардың бұл бастамасын құптайтындардың қатары молаюда. «Сауға» атты фильмімен Бейжіңде өткен Қытай студенттер кино фестивалінің алтын жүлдесін жеңіп алған Қайсардың кино саласындағы ойын білу үшін сөзге тарттық.
Оның бұл киностудияны құрудағы мақсаты қазақ киносын шетелге таныту екен.
— Қазақ киносының дамуына бір кісілік үлесімізді қосу біз сияқты мамандардың міндеті деп білемін. Сол жүкті арқалай отырып «Алшы» киностудиясының тұсауын кесіп отырмыз. Ондағы мақсатымыз қазақ киноларын миллиардтар елінің базарына салу арқылы ұлттық фильмдерімізді әлем халықтарына таныту болмақ. Сондай-ақ, екі ел мәдени айырбасының дамуына үлес қоспақшымыз. Алдағы уақытта «Қазақфильм» өнімдерін қытай тіліне аударуды да көздеп отырмыз.
Қазақстандық кинолардың техникалық жағына көңілі толмайтын жас режиссер кино саласы бойынша қытайлардан үйренеріміз көп екенін де жасырмады. 
— Қазақстанның кино өнімдерін қалт жібермей қарап отырамын. Қазіргі таңдағы қазақ киноларының түсірілу техникасы көңіл көншітерлік жағдайда емес. Десе де, соңғы кездері шыққан «Келін», «Шал» фильмдері барлығымызды қуантып жүр. Жалпы, Ермек Тұрсыновтың туындылары жоғары техниканы қолданады, философиялық мәні терең. «Келінге» көп сөгіс айтылғанмен қысқа ғана екі сағаттың ішінде тілсіз, тек қана көріністің көмегімен соншама философиялық ой қорыту үлкен шеберлік деп есептеймін. Қытайдың кино түсіру техникасы өте жоғары деңгейде дамыған. Біздің олардан үйренеріміз мол. Осы реткі Бейжіңде өтіп жатқан кинофестивальде «Қазақфильм» өнімінің Қытай көрермендеріне жол тартуына да көмегімізді тигізіп жатырмыз. Осы арқылы араға сара жол сала отырып, Қытайдың кино өнерін меңгерсек деген үміттемін.
Қазақ киноларындағы жұтаңдық Қайсарды да жабырқататын көрінеді. 
— Қазақ тарихына, өміріне қатысты түсірілген кинолар қазақты соншама жұтаң, жабайы етіп көрсетуге құмар. Кейіпкерлердің киімдерінің өзі көнетоз, ортасы тозыңқы болып тұрады. Шынтуайтына келгенде, өрісте малы мыңғырған, өнерден кенде емес сері халық болғанбыз ғой. Қытайдың тарихи фильмдері тарихты бұрмалап қана қоймай, өздерін ұлы халық ретінде көрсетеді. Бізге де кереегі сол. «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала» қатарлы тарихи фильмдердің не айтқысы келгенін өз басым түсінбедім. Оқиға желісі тым түсініксіз.
Қайсар қазақ әртістерінің шеберлігіне де мін айтты. «Біздегі кемшілік – шынайылықтың жоқтығы»,- дейді ол.
— Қазақ актерлеріне шынайылық жетіспейді. Әсіресе жас буынның кинода ойнау шеберлігі тартымсыз. Жастар жағы жанымен, тәнімен беріліп кейіпкерді шынайы сомдаудан гөрі жеке бастарының танымалдылығына мән береді. Олардың мақсаты – мейлі кәсіби актер болсын, болмасын киноға түсіп көп көзіне көріну, ақша табу.
Әзірге «Алшы» киностудиясының қоржынында бірнеше жарнамалық жоба және шағын фильмдер бар екен. Болашақта көлемді көркем жобалар мен Қытайда қазақ киносының апталығын өткізіп, қытай тілінде қазақ фильмдерін түсіруді өз міндеттеріне алып отырған орталықтың асығы алшысынан түсе берсін дейміз біз де!

 

Майгүл СҰЛТАН, BAQ.KZ