Әлемдік дағдарыс басталғалы алаяқтардың саны артып, мемлекетаралық қылмыстың деңгейіне жетті. Адамдарды алдап ақшаларын алу үшін немесе банктердің, мемлекеттік қазынаның қаржысын иемдену үшін олар небір айла-тәсілдерді ойлап табады. Алаяқтық әрекеттерге қатысты ашылған қылмыстарға сараптама жасаған Бас прокуратура республикада тіркелген алаяқтық қылмыстардың 68,4 пайызы алдап ақша алуға байланысты, 6,1 пайызы ұялы телефон арқылы жасалған, ал қалғаны көлік құралдары, жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдаға бағытталған, деген тұжырым жасады.
Бас прокуратураның сараптамасы нәтижесіне қарағанда, осы жылдың 9 айында республика аумағында жасалған алаяқтық фактілері бойынша қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өсіпті (көрсеткіш 28372-ден 31595-ке дейін көтерілген. «Барлығы 5561 адам қылмыс жасады, солардың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 2279 (3044) адам тартылды, 3280 адам ақталмайтын негіздемелер бойынша қылмыстық істі тоқтатуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды» деп көрсетеді Бас прокуратура.
Қылмыс құрбандары, әдетте, халықтың еңбекке жарамды бөлігінің өкілдері, қарт адамдар, көп жағдайда әйелдер болады. Зардап шегушілердің көпшілігін заң жағынан сауатсыз, сенгіш, тез ақша табуға ынталы және басқа да адами факторлармен сипаттауға болады, осыны алаяқтар пайдаланып кетеді. Алаяқтардың алдап-арбап ақша алу схемалары көп жағдайда бір типті болып келеді және оларды жасау тәсілдері жылдан жылға тура сондай болып қайталанып отырады. Бас прокуратураның сараптамасы бойынша алаяқтық жасаудың барлық тәсілдері мен амалдарын түрлеріне қарап бөлуге болады: қарызға алу арқылы ақша қаражатын иемдену– 30%, орындау мақсатынсыз шарттық міндеттемелерді жасасу – 13 пайыз, несие ресімдеу – 7, жылжымайтын мүлікті сату – 6, телефон арқылы алдау – 5; жұмысқа орналастыру сылтауымен алдау – 4, жер учаскелерін сату – 2, «жалған» пәтерді жалға беру – 1 пайыз.
Мысалы, биылғы тамызда Астана полициясы қызметкерлері қазақстандықтарға ойдан шығарылған Англия корольдік банкінен кепілсіз несие алуды ұсынған алаяқты ұстады. Осылайша, ол өңірлерде филиалдарын аша отырып Астанада «Респект» ЖШС-ін құрып, 2012 жылдың қарашасынан бастап 2013 жылғы желтоқсанға дейін оның компаниясы «Bаnk of Kingdom» британдық банкімен келісім бойынша төмен пайыздық мөлшерлемеде 1 мың еуроға дейін кепілсіз несие беретіні туралы презентациялар жасаған. Алаяқ өз өкілдері арқылы әр азаматтан 75 000 теңге көлемінде алғашқы жарналарын алып, несие беру бойынша шарттар жасайды. Содан кейін оны шарт жасасқан адам таба алмай, орнын сипап қалады. Алдын ала деректер бойынша алданғандар саны 300 адамнан асып кетіпті. Бұлардың әрқайсысы 75 мың теңгеден алаяқтың қалтасына өз қолдарымен салып берген. Қазіргі уақытта Ішкі істер миистрлігінің Тергеу департаменті осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеуді өткізіп жатыр.
Сондай-ақ, ІІМ Тергеу департаментінде 2011-2013 жж. аралығында екінші деңгейлі банктерде несиелерді ресімдеу арқылы алдап, қымбат тұратын автокөліктерді ұрлаған 3 қылмыстық топқа қатысты бірнеше қылмыстық істі қозғады. Олардың қылмыс жасау схемасы әдеттегідей: сенгіш, аңқау азаматтар атына автонесиелерді ресімдеп, сол ақшаға алған автокөліктерді алаяқтар алыпсатарлар арқылы жақын шетелдерге шығарып сатып отырған. Осылайша бұлар жалпы сомасы 1 миллиардтан астам теңгені құрапйтын 66 автомашинаны жоқ қылып жіберген. Ал автокөлік несиесін рәсімдеген адамдар банкке ақша төлеуге мәжбүр болып отыр. Осындай схемамен алдау арқылы алып кеткен 67 автомашина иелерінің арыздары бойынша Алматы қалалық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады. Зардап шегушілерге 357 млн теңге зиян келтірілген.
Осындай фактілерді келтіре отырып Бас прокуратура тұрғындарды алаяқтық әрекеттердің құрбаны болмас үшін сақ болуға шақырады. Ол үшін:
— тым төмендетілген бағамен және оны кейін беру шартымен жылжымайтын мүлікті және жер телімдерін сату-сатып алуға байланысты күмәнді операцияларға қатыспаңыз;
— белгісіз біреулер полиция қызметкері деп өзін таныстырып, туысқаныңыздың ұсталғаны және оны босату туралы мәселені дұрыс шешу үшін қоңырау шалып отырған адамның телефон нөміріне белгілі бір соманы аудару қажет дегеніне сенбеңіз;
— белгісіз біреулер далада ұялы телефон арқылы қоңырау шалуды сұраған кездегі алаяқтық әрекеттерден сақ болыңыз — олар сіздің мүлкіңізбен жасырынуы мүмкін;
— қарыз алушының орнына несиелік міндеттемелерді ішінара немесе толығымен өтеу шартымен банктен несиені ресімдеу арқылы «жеңіл ақша» алуға алданбаңыз;
— өз қызметін тек салымшылар қаржысы, соның ішінде ыдыс-яқ, парфюмерия, тұрмыстық техника және т.б. сату есебінен іске асыратын түрлі қаржы «пирамидаларына» қатыспаңыз, деп кеңес береді.
Есіңізде болсын, адамдарды алдап-арбап өмір сүретін қулар коммуникативтік қасиеттерді жақсы меңгерген. Олар адамдардың іші-бауырына кіріп кетіп, төзіне баурап алады, тығыз байланысқа түсе біледі, сенімділік пен аяушылық тудыра алады. Олар қажет болған жағдайда көздеген адамының жанынан табылады, өз жоспарын жүзеге асыру үшін қолайлы сәтті бірден біледі. Бұл жағынан оларды адамның ойындағысын дөп басатын «психолог» деуге де болады. Сондықтан қолыңыздағы ақша, мүлік жағына келгенде мұқият болыңыздар, сақтық танытыңыздар, өздеріңізді алдап кетуге жол бермеңіздер, деген кееңс береді құқық қорғау органдары. Кез келген алаяқтық әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыз.