АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразов: ҚАТЫП ҚАЛҒАН «ҚАТАЛ» ПРОКУРОРЛАРДЫҢ ДӘУІРІ ӨТКЕН

1368417185_foto-prokurora-oblasti-g.t-Прокуратура қызметкерлері желтоқсан айының басында төл мерекелерін атап өтуге дайындалып жатыр. Осы төл мерекесі қарсаңында Алматы облысының прокуроры Ғабит Миразовты сөзге тарқан едік.

 – Ғабит Төреұлы, бүгінде Сіз елге танымал, артыңызға игілікті із қалдырған абыройлы азаматсыз. Сізге алдымен облыс прокуроры ретінде емес, жеке басыңызға қатысты сұрақтар қойғым келеді. Әдетте, бала кезінен белгілі бір мамандық иесі боламын деп армандаған адамдар өз саласының озық мамандары болып шығады. Прокурор болуды бала кезіңізден армандап па едіңіз?

– Әр адамның, баланы болсын, ересек болсын өз арманы бар. Менің ойымша, өмірінде армандамайтын адам болмайды да шығар. Әрине, бәріміз де балалық шақта өзімізге ұнайтын мамандық иесі болуды армандадық. Біріміз ұшқыш, екіншіміз дәрігер, ұстаз болуды армандадық. Өзіме келсем «өскенде прокурор боламын» деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол кезде маған жақын адамдардың ішіндегі ешқайсысы құқық қорғау органдарында, заң саласында қызмет істемеді, ондайлар болса мүмкін прокурор мамандығының не екенін түсіндіріп, осы қадағалаушы мекемеге бар деп айтар ма еді. Өмір бойғы кәсіпті таңдау – өте маңызды мәселе деп ойлаймын. Барлық болашағың сол таңдауға байланысты.

Дұрысын айтқанда «заңгер» деген мамандықты Кеңес Одағының қарулы күштері қатарында Ауғанстан Демократиялық Республикасындағы шектеулі әскер құрамында жүргенде таңдадым. Бұл таңдауды жасауыма әскери міндетімді өтеп жүрген кезде куә болған жағдайлар, әсіресе ауған халқының тіршілігі себеп болды десем артық айтқандық емес: айналаңның бәрі соғыс зардаптары, өртенген техника, қираған үйлер… Сонымен қатар халықты қанаған ұлттық және діни ұғымдар, тұрғындардың көбісі сауатсыз болды, олардың табынатыны жергілікті молдалар мен ақсақалдар болды. Осындай жағдайларды көргеннен кейін мен заңгерлікті таңдап, қарапайым азаматтардың құқығын қорғауға шақырды ма деп ойлаймын.

80-ші жылдардың ортасында  жоғары оқу орнына оқуға түсу өте қиын болды, еліміздегі маңдай алды оқу орындарының бірі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсу үшін жас түлек арасында үлкен конкурс болатын еді. ҚазМУ-ға оқуға барар алдында Алматы облысындағы «Эталон» зауытында дәнекерлеуші болып, сонан соң Алматы сәулет институтының физика кафедрасында зертханашы болып жұмыс істей жүріп бір жыл дайындық курсын өттім. Жоғарғы оқу орнына сәтті түсіп кетуіме әскери қызметте болғаным, әсіресе «интернационалист-әскер» деген атағым мен еңбек стажымның көп көмегі тиді. Әйтпесе ол кезде «қызыл аттестатың» болмаса мектеп бітіре салысымен студент атану өте қиын болды.

 

– Қай сала болмасын қызмет сатысымен көтерілу оңай емес, талай қиыншылықтардан өтуге тура келеді. Осы таңдауыңыз кейіннен көңіліңізден шықты ма?

– Мамандығың өз көңіліңнің шығып тұруы қызмет барысында өте қажет, яғни жақсы көретін ісің саған бір қанағаттанарлық сезім беріп тұруы керек. Егер «басқа» кәсіпті таңдаған болсаң өмір бойы рухани азық әкелмейтін іспен араласқан болып есептеледі. Жақсы көретін жұмысың – қанаттанып жұмыс жасап, шаршамайтын, оған жұмсаған уақытың да білінбейтін  нәрсе деп ойлаймын.

Өзімнің кәсіби өмірбаянымнан айтып кетсем, мақтанды демеңіз, мен қызмет баспалдақтарын 1991 жылы Алматы қаласы Москва ауданында прокурор тергеушінің көмекшісі болып бастадым, 1996 жылдан бері 5 жыл бойы Алматы қаласы басқармасының бастығы және аудан бастықтарының орынбасарлары лауазымдарында қызмет атқардым, сол кезде Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Тергеу комитеті (ГСК) бастығының орынбасары ретінде жұмысқа шақырған, бас тарттым. 2000 жылдың басында Балқаш ауданымен Қапшағай қаласында  прокурор болып қызмет атқардым, 6 жыл бойы Алматы облысы прокурорының орынбасары болып тапжылмай отырдым. Одан кейінгі 4 жылдың ішінде екі облыс прокурорларының және көлік прокурорының бірінші орынбасары, ҚР Бас прокуратурасының жеке департаменттерінде басшы болдым. Осы кездерде ҚР Әділет министрлігінің КУИС төрағасының орынбасары лауазымдарына шақырған болатын, бармадым. Мұнымен мен 25 жылдан астам прокуратура органдарында істеген еңбек өтіліме ештеңе жетпейді, бір кезде таңдаған «прокурор» жұмысын ешнәрсемен ауыстырмайтынымды көрсеттім деп ойлаймын.

– Заңгер мамандығын таңдаған жас қызметкерлерге өз тәжірибеңізден қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

Жас мамандарға кеңес ретінде айтарым, өз қызметімдегі көрген-білгендерім –  30 жасқа дейін әлі де бойыңда «жастықтың буы» қайнап тұрады, өмірің әлі де тәжірибе жинақтауға жеткілікті, сондықтан барлық құқық қорғау жүйесінің кәсібі қызықты және бірдей болып көрінеді, ал 30 жылдық тәжірибе жинаған соң таңдаған мамандығыңның, прокуратура қызметінің маңыздылығын, қажеттілігін, оның құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіруші және беделінің жоғарылығын түсіне бастайсың. Менің көптеген әріптестерім кезінде отбасы жағдайына немесе материалдық себептермен прокуратура органдарынан басқа жаққа ауысып жатты, алайда уақыт өте келе олардың біразы сол жұмыстарындағы жоғары жалақыға қарамастан кейін қайтты. Себебі ол жұмыстан осы прокуратурадағыдай рухани қанағат ала алмады деп ойлаймын.

–  Ғабит Төреұлы, көңіліңізге келмесін, прокурорлар туралы сонау Кеңес уақытында қалыптасып қалған түсінік бар – прокурор өмірі күлмейтін қатал, қара формадағы жазалаушы адам. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі прокурорлардың қызметі қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз?

–  Менің ойымша, өткен жылдардағы қатып қалған «қатал» прокурорлардың дәуірі өткен. Еліміз егеменді болып, тәуелсіздік алған кезден бастап азаматтардың көзқарасы, жалпы тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірі өзгергендей, түбегейлі басқа жаққа бет бұрды деп есептеймін. Елбасының жоспарлы түрде  жүргізіп келе жатқан – «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050», «Ұлт жоспары-бес институционалды реформаларды жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламаларын жүзеге асыру қоғам мен мемлекеттің түбегейлі өзгеруіне жетелеп келеді. Мемлекеттік органдардың, атап айтқанда прокуратура органдарының қызметіндегі мақсаттары мен міндеттері, жұмыс әдістері өзгерді, қызметтеріндегі бағыттар бұрынғы Кеңес одағындағыдай жазалаушы емес, құқық қорғауға баса назар аударып отыр. Осының дәлелі ретінде «Бизнеске тірек» жобасын айта кетейін. Бұл жобаның негізгі мақсаты шаруашылық субъектілерінің қызметіне қол сұғуға шұғыл түрде әрекет ету болып табылады. Әрбір аудан, қала, облыстық прокуратурада кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын жедел топтар құрылды, БАҚ-тарда «сенім телефондары» жарияланды. Әрқилы заң бұзушылықтар туралы азаматтардан келіп түсіп жатқан арыз-шағымдар мен өтініштерді талдаудың өзі халық арасында біздің беделіміз арттырып,  заңға сүйене отырып азаматтардың құқығын қорғауда нақты көмек бере алатын мекеме екенін дәлелдеп отыр. Сонымен қатар прокуратура органдары бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп халыққа заңды түсіндіру бойынша тығыз жұмыс жасауда, әрбір облыстық прокуратурада ведомстволық сайттар бар, оған электрондық құжат айналымы енгізілген, кез-келген азамат жүгіне алады.

– Прокурор мырза, әр басшының өзіндік басқару тәжірибесі, ұжыммен жұмыс істеу тәсілі бар. Сіз өзіңізді қандай басшымын деп ойлайсыз? Қарамағыңыздағы қызметкерлермен қандай қарым-қатынастасыз?

 Мен басқару жұмысындағы ашықтықты жақсы көремін. Ұжымдағы әр қызметкердің кәсіби біліктілігін, жауапкершілігін, ашық-жарқындығын, шыншылдығын және тәртіпке бағыныштылығын бағалаймын. Прокуратура органдары қадағалаушы қызмет ретінде құқық қорғау бағытындағы барлық салаларға дайын кадрлар жіберетін шеберхана секілді. Біздің органдардан соттар да, адвокаттар да, заңгерлер де шығып жатады. Бізде бірінші күннен бастап қызметкерлерге заңды қатаң сақтау қажеттілігін талап етеміз. ҚР Бас Прокуратурасының нормативті актілеріне сәйкес әрбір қадағалаушы органның қызметкері күнделікті жұмыста өзінің міндетін мүлтіксіз орындауы керек. Өз басым маңызды мәселелер бойынша ұжымның пікірін тыңдағанды жөн көремін, осының нәтижесінде салиқалы шешімдер қабылданады. Біздің қадағалаушы қызметтің ерекшелігіне орай қарамағымдылармен жұмысты тапсырма беру, ұсыныс, кеңестер айту, сондай-ақ сапалы және шұғыл жұмыстарды көтермелеу түрінде жүргіземін.

         – Заң саласының погон таққан қызметкерісіз ғой, шыныңызды айтыңызшы, кейбір қызметкерлеріңіздің бойынан орынсыз олқылықтар, кешірілмейтін кемшіліктер табылып жатқан жағдайда жақсылап тұрып «сыбаған» кезіңіз болды ма?

– Мұндай жағдай, басшының өзін-өзі ұстай алмай, қызметкерін «сыбап алуы» – өзіне сенімділігі шамалы басшыларда болады. Иә, еш жасыратыны жоқ, қарамағымдағылармен қатал сөйлесетін кездерім де болады, бірақ ешқашан адамның жеке басына, оның намысына тиіспеймін, мәдениетсіз сөздер айтпаймын. Әрине, қызметкерлердің ішінде «жақсылап» айтқанды түсінбейтіндері болады, ондай кезде дұрыс бағытқа салып жіберуге тырысамын, сондай-ақ ұжымды басқаруда қолданылатын тәртіптік жаза қолданамын, болмай бара жатса, қызметкердің кәсіби біліктілігін анықтау үшін кезектен тыс аттестаттауға жіберемін. Жалпы, қазіргі заман басышысына ашу-ыза деген лайық емес деп есептеймін. Мен тегі кекшіл емеспін.

– Ғабит Төреұлы, әр адамның бойында өз ерекшелігі, қызығушылығы болады. Қолы бос кездерде сүйікті істерімен айналысады…

– Қызметіміздің ерекшелігіне қарай біз кабинеттің «тұтқынымыз»,  сондықтан сәті түсе қалса табиғат аясына кете қалуға асығып тұрамыз. Мен өзім белсенді демалыстың, қимылдың адамымын, тауға жаяу шыққанды, қаз-үйректерді аулағанды жақсы көремін. Әлбетте, телевизордың немесе компьютердің алдына жатып алып, «Охота и рыбалка» арнасы арқылы таңғажайып табиғаттың аясына сүңгіп кетуге де болар еді. Бірақ біз табиғаттан алшақтап барамыз, сондықтан сыртқа шыққымыз келіп тұрады. Қызметіме байланысты мен прокурор екенімді мүлдем ұмытуға қақым жоқ. Сонда да болса бұдан бұрын да айтқанымдай, табиғатты, спортты жаным сүйеді, жаяу серуендегенді, атқа мінгенді ұнатамын. Облыс прокуратурасы ұжымын отбасыларымен бірге табиғат аясына жиірек алып шығуға тырысамын, таза ауада спорт шараларын ұйымдастырамыз, кейбір әріптестерім ән айу, музыкалық аспаптарда ойнау және тағы басқа шығармашылық қырларына көрсетіп жатады, ал жалпы алғанда мұндай шаралар ұжымды ұйыта түседі.

Өз басым Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов, Жақсылық Ысқақұлы Байтұқбаев, Мұхтар Әкебайұлы Жөргенбаев сықылды тәжірибелі прокурорлармен істес болғаным үшін тағдырыма ризамын. Олардың әрқайсысы маған өмірімде де, қызметімде де үлкен тәжірибелерін бойыма сіңірді. Олардың жинаған практикалық дағдыларымен бөліскені туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Дегенмен спортқа құмарлығын айтып кетпесе болмас, әсіресе футболды жақсы көретін Ерғали Серікбайұлынан көп үйрендім. Е.С.Мерзадинов басшылық еткен  ұжымдарын спорттық шараларға барынша тартуға тырысады, бұл қасиет ұжымның прокурорлық негізгі қызметтерін орындау кезінде бірлікке және топ болып бір кісідей жұмыс істеуге  ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта жұмыстан қолым босай қалса футбол ойнаймын, сонымен қатар спорттық жарыстарға ұжымның бәрінің қатысуын қамтамасыз етуге тырысамын.

– Ауғанстанда екі жыл әскери борышыңызды атқардыңыз. Әскери қызмет өмірге көзқарасыңызды өзгертті ме?

– Әскер – бұл  өмір мектебі, ол жерде азамат өзінің конституциялық парызын өтейді. Мектеп жасымда мен қағылез, бұзақылау болғанмын. Соған қарап ұстаздарым мен туралы бұзық, тәртіпсіз адам өсіп келе жатыр деген пікірде болуы керек, алайда әскери өмір маған көзқарасымды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Мен өз еркіммен аудандық әскери комиссариатқа барып, Кеңес Одағының қарулы күштеріне қызмет етуге жазылдым. Жауынгерлік міндеттерді адал орындағаным үшін «Ерлігі үшін», «Интернационалист-жауынгерге ризалықпен Ауған халқынан», «КСРО ҚК 70 жылдығы» төсбелгілерімен марапатталдым. Жасыратыны жоқ, Ауғанстандағы әскери қызметтің бірінші айында қорқыныш сезімі болды, ол шын соғыс, жау оғының ысқырығы, жарылыстар, қасыңдағы жолдасыңның қаза табуы және т.б. Біраздан соң бәріне үйреніп кетеді екенсің,  нағыз соғыста жүргеніңді сезініп, бір рух пайда болады.

Меніңше, әскерге 18 жастан шақыру дұрыс, себебі бұл жас азаматтың физиологиялық тұрғыда толыққан шағы, батырлық та, ержүректілік те осы кезде, бойыңдағы күш-қуатты шығаруға мүмкіндік туады. Әскер дегеніміз өзі бір шағын әлем, зор кеңістіктің кіші моделі. Сондықтан да әскери өмірді — өмір мектебі деп атайды. Алайда, Ауғанстанда бірге болған кейбір жолдастарым кейін азаматтық өмірге бірден кіріге алмай, өздерін ерекше ұстап, бұрыс өмір сүруді бастады. Кейбіреулері араққа салынды, кейбіреуі бұрыс жолға түсіп, ауыр қылмыстар жасады. Бірақ мен үшін қарулы күштер қатарында жүргенде қалыптасқан қасиеттер өмірімде де, кәсіби қызметімде де көп көмегін тигізді.

– Ғабит Төреұлы, жуырда Президенттің Жарлығымен Сізге 3 дәрежелі әділет кеңесшісі шені берілді. Сөз жоқ – бұл Сіздің кәсіби біліктілігіңізді көрсететін өте жоғары баға. Бірақ бұл соңғы жетістігіңіз емес шығар деп ойлаймын, себебі алдыңызда әлі де алмаған биіктер бар емес пе?

– Тілегіңізге рахмет! Осы жерде «Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды» деген сөз еске түседі. Өмірімдегі маңызды  сәттің бірі – менің қалай «Ғабит» деп аталғанымды сөз еткім келіп отыр. Менің әкем Төре Миразұлы, Ұлы Отан соғысының ардагеріы, панфиловшы, әйгілі  қолбасшы Бауыржан Момышұлының қол астында соғысқан. Мен туғаннан соң күндердің бір күнінде Бауыржан Момышұлы мен Ғабит Мүсірепов біздің ауылдың шетіндегі «Берікқара» деген жердегі демалыс үйіне демалып жатыпты, ал әкем сонда орманшы екен. Бауыржан Момышұлы біраз әңгімеден соң әкеме ұлыңа ұлылығы менен кем емес, қазақ жазушысы,  қоғам қайраткері, Қазақ ССРі Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтың атын берсең деп ұсыныс айтады. Әкем жолдасының сөзінен соң ойланбастан мені солай атапты. Кейінгі жылдары Жоғарғы оқу орнына түсерде, прокуратураға жұмысқа кірерде маған Бауыржан Момышұлының ұсынысымен Ғабит Мүсіреповтың есімі берілгені жайдан-жай емес екеніне көзім жетті.

Өзімнің кәсіби жолымда жүктелген міндеттерімді мүлтіксіз орындауға тырыстым, соның ішіндегі ең маңыздысы мен үшін бөтен адамдардың проблемаларына түсіністікпен қарау еді, себебі мен өзім қарапайым отбасында, өмірдің небір қиыншылықтарын көріп өскенмін. Менің сіңірген еңбектерім зая кетпей ел бастап отырған ағалардың көзіне ілініп, лайықты орын тапқанына қуанамын, себебі осындай жоғары шенге қол жеткізу үшін көп еңбек ету керек. Әйтпесе маған таныс аға буындардың көбісі аға әділет кеңесшісі болып көп жылдар бойы отыр, құрметті зейнетке шыққандардың ішінде де жоғары дәрежелі шен алмағандар бар. Маған мемлекеттік 3-ші дәрежелі әділет кеңесшісі шенін бергенде қуанышымда шек болмады, генерал болу – бұл зор бақыт.

– Прокурор мырза, Қазақстанда көп әйел алу туралы мәселені біраздан бері қозғап жүрген азаматтар бар. Бұл әңгіме тіпті Парламентке дейін жетті. Заң қадағалау органы бұған қалай қарайтынын білгісі келетіндер де аз емес…

– Әрине, біздің еліміздің Ата заңы бойынша өзімізді зайырлы мемлекет ретінде жариялап отырмыз ғой. Мен Конституцияда жазылған қағидаларды жақтаймын. Тереңге бармай-ақ қояйын, Құранмен рұқсат етілген діни құқықтарды айтпағанда, мен өздерін толықтай қамтамасыз ете алатын әлекетіне қарай бірнеше жанұяны ұстап отырған адамдарды кездестірдім. Барлығын өз мойнына алған және олар өздері қабылдаған шешімге өздері жауап бере алады деп ойлаймын. Ал қоғамдағы алатын орныны үшін немесе «модаға» еліктеп, ешқандай материалдық мүмкіндігі болмаса да бірнеше әйел, тоқал алып жүрген еркектер жөнінде бұлай айта алмаймын. Әрине, мұндай отбасылар көп ұзамай ажырасып, жатады, ең қиыны – балалар тауқымет тартады. Олардың жарасы өмір бойы жазылмайды, олар өздерін сатып жібергендей, тастанды ретінде, дүниенің бәрі өзінен теріс қарағандай күй кешеді. Оның үстіне жанұяның шырқы бұзылған жұптар ортақ балаларының күтімі үшін алынатын алимент төлейтіндердің қатарын толтырады, ал олардың ішіндегі төлемейтіндері қаншама. Бұл дұрыс емес.

– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Әкем Төре Миразұлы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, К.Жуковтың атынан «Ерлігі үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейлі 8 медальмен марапатталған. Үйге 1945 жылдың желтоқсан айында оралды, майданда жарақат алған, 2-топ мүгедегі еді. Анам, Зухра Қыдырқызы, 1943-1944 жылдары Кавказ халықтарына қарсы жүргізілген репрессия кезінде жанұясымен Қазақстан өңіріне жер аударылған болатын, олар Жамбыл облысы Майтөбе ауылында тұрған. Ол кісінің де көрмеген қорлығы жоқ, бірақ соғыс кезіндегі жоқшылыққа қарамастан Қазақстан жұрты оларды құшақ жая қарсы алып, бауырына басты.

Анам мен әкем өткен ғасырдың 40-шы жылдарының соңында кездескен, әкем анамның келісімімен алып қашқан, себебі кавказдықтардың мінезі мен салттарына жүгінсе, анам тек өзінің ұлтына ғана тұрмысқа шығуы тиіс еді. Әрине, анамның туыстары өздерін көп күттірмеді, қарындастарын ұрлап кетті дегенді естіп, менің әкемнің үйіне басып кіреді, бірақ ол жерден ешкім табылмапты. Кейіннен екеуінің әңгімесінен білдім, менің анамның нәзік болғаны сондай әр қазақтың үйінде сандықтың үстіне жиналып тұратын көрпелердің арасына тығылып қалған екен. Біздің отбасымызда 7 бала болдық, ата-анам 50 жыл отасып бақытты ғұмыр кешті, анам кенеттен қайтыс болып кетпесе әлі де жұптарын жазбас еді.

– Прокуратура қызметіндегі басшылыққа алынатын басты қағида қандай?

– Қадағалау қызметінің басшылыққа алатын басты өлшемі – кез-келген прокуратура қызметкері әртүрлі бағыттағы заңдылықтардың орындалуын қамтамасыз ету, яғни әлеуметтік-экономикалық саладағы қылмыстық процесстің сотқа дейінгі кезеңдерінің, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің, шұғыл-іздестіру қызметінің және т.б. заңға сәйкестігі. Бөлімшелердің күнделікті қызметіндегі маңызды бағдар есептік көрсеткіштер болып табылады. Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, талдау жұмысы анықталады. Сонымен бірге қадағалау қызметі жүргізілген тексерулер сапасының көрсеткішіне, олардың санын «қуалаудан» аулақ болуы тиіс.

         – Әңгімеңізге рахмет, Ғабит Төреұлы! Алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!