АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Алтай төсіндегі табиғи қорық….

озеро_КаракольОсы күнге дейін жер бетінде сирек кездесетін жабайы жануарлар мекендейтін талай табиғи орталар адамдардың араласуымен жойылып кетті. Тіпті тұқымы құрып бара жатқан түз тағыларын қорғау үшін арнайы құрылған қорықтар мен табиғи парктердегі фауна мен флораға мына жаһандану заманында үлкен қатер төнуде. Бүгінде ұшы-қиыры жоқ Бетпақ даланы мекендейтін киіктердің бір мезгілде мыңдап қырылуын соның бір көрінісі деп түсіну керек. Алайда, еліміздегі мемлекет қарауындағы он шақты табиғи парктер мен қорықтарда жабайы жануарлардың жүздеген, өсімдіктердің мыңдаған түрлері қорғалады.

Қазақстанның табиғи мұраларының бірі – еліміздің шығысындағы Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы. Бүгінде қорық табиғаттың зертханасына айналған. Қорық жасайтын қолайлы жер іздеген табиғатты жақсы білетін, осы саланың ірі зерттеуші ғалымдары кезінде осы жерді лайықты деп тауып, білгілеген екен. Қорықтың бас маманы Виктория ПАППЕНФУТТЫҢ айтуынша, өткен ғасырдың 80-жылдарында қазіргі қорықтың орнында шаруашылық нысандары тұрған. Линей беткейлері мен Көксу жоталарында ағаш дайындау өндірісі болды, Таулы Алтайдың Көксу және Гонный асулары арқылы Моңғолиядан бері қарай мал айдады. Борсық жазығының жоғары жағында, Үлкен және Кіші Тұрғысын сайларында жазғы кездерде мыңдаған ірі қара мал мен жылқылар жайылып жүретін, ал ормандарда аң аулау кәсіпорындары жұмыс істейтін. Ақ бұлақ, Амелин, Новздеркин өзендері бойынша орманшылардың үйлері, бал арасын ұстайтын омарталар тұратын. Кедр жаңғағын, жеміс-жидек, саңырауқұлақ жинаушылар да осы өңірді жайлады. Сексенінші жылдардың аяғында ғылыми қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері Алтай өңіріндегі әлі бүліне қоймаған табиғи кешендерді, жан-жануарларды, өсімдіктер дүниесін қорғау үшін қорық ұйымдастыру туралы Үкіметке өтініштерін айтты.

185689900

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің нұсқауына сәйкес «Казгипроград» жобалау институтының ұзақ келісімнен кейін 1990 жылы Батыс Алтай мемлекеттік қорығының жобасы жасалды. Сөйтіп, осы жоба бойынша 1992 жылы 3 маусымда қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен жалпы аумағы 56078 гектар жерді құрайтын Батыс Алтай мемлекеттік қорығы құрылды. Ал 2008 жылы Үкіметтің қаулысымен қорықтың аумағы тағы 30044 гектарға кеңейтілді. Қазіргі кезде оның жалпы аумағы 86122 гектарды құрайды.

Қорық Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында орналасқан, Ресей шекарасымен шектеледі. Оған жаз кезінде автокөлікпен, ал қыста тек қарда жүретін мотошанамен ғана баруға болады. Батыс Алтай мемлекеттік қорығы Қазақстан заңына сәйкес, республикалық маңыздағы ерекше қорғалатын табиғи аймаққа жатады. Ол мемлекеттің меншігінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және жануарлар әлемі комитетіне қарайды. Оған ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) мәртебесі берілген.

Салыстырмалы түрде алғанда, қорық құрылғаннан бергі қысқа мерзімнің ішінде флора мен фаунаға инвентаризаия жасау бойынша өте маңызды ірі жұмыстар атқарылды. Жануарлар мен өсімдіктер түрлерінің абсолюттік саны бойынша біздің қорық Ақсу-жабағылы мен Алматы қорықтарынан ғана сәл кейіндеу. Қорық аумағында Кедровое және Щербаков деген екі әдемі көл бар. Оған ондаған кішігірім өзендер келіп құяды. Қорықтағы құстар фаунасы 157 түрді құрайды, оның ішіндегі 120 құс түрі ұя салады. Жойылып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 6 түрі қорықты мекендейді. Олардың ішінде аққұтан, бүркіт, сапсан, боз тырна, балобан және үкі ұя салады. Батыс Алтай мемлекеттік қорығы аумағын қазіргі кезде жануарлардың 55 түрі мекендейді. Айыр тұяқтылардың үш түрі – бұлан, марал және елік қысқа қарай қар аз жақтарға ойысады. Бұлан бұл жаққа ұзақ уақыттан кейін, 70-ші жылдары қайта оралды, ал марал соңғы оншақты жылдардың ішінде пайда болды. Бұрыннан тұрақтап қалған түз тағыларының түрлері көп – қоңыр аю, сілеусін, тиін, жанат, бұлғын, ақ қоян, күзен сияқты аңдар осы өңірді баяғыдан мекендейді. Герпетофауна, ихтиофаунаға жататын жәндіктердің Қазақстан қызыл кітабына кіретін түрлері де жеткілікті. Қорықтың аумағындағы өсімдіктер белдеулері – жапырақты орман, қараағашты тайга, қарашыршалы тайга, алпі және субальпілік жайылым және таулы тундра болып бөлінеді. Флоралық байлықтары бойынша Батыс Алтай мемлекеттік қорығы Қазақстандағы қорықтардың алдыңғы қатарында. Зерттеулер барысында қорық аумағында саңырауқұлақтың 237 түрі (оның үшеуі Қазақстанда жоқ түрлер) анықталды. Сондай-ақ, қорық аумағында 18 алтай эндемиктері, 70 астам реликті өсімдік түрлері өседі, – дейді Батыс Алтай мемлекеттік қорығының бас маманы Виктория ПАППЕНФУТ.