АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Америкалық қымыздан балмұздақ жасамақ

Дэвид (1)Қазақстанға бірінші рет келіп, қымыздың дәмін алғаш татқан америкалық аспаз қымыздан балмұздақ жасауға ойы кетті.

Алматыда өтіп жатқан The Good Lifeдеп аталатын аспаздық фестивальға әлемнің түпкір-түпкірінен ас әзірлеудің асқан шеберлері, тәтті тағамдардың түр-түрін жасайтын кондитерлержиналды. Бұлардың әрқайсысы жаңа тағамдардың алуан түрін ойлап тапқан өз ісінің мамандары. Солардың ішіндегі америкалық кондитер Дэвид Кэмпбеллдің бұл іспен айналысқанына 18 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде ол талай фестивальдарға қатысып, талай марапаттарға ие болған. Өзі ұзақ жылдар Лос-Анжелестегі Providence ресторанында қызмет еткен. Қазіргі кезде Дэвид Кембэлл 450 номері, 8 аутлеттері мен мейрамханалары бар The Ritz-Carlton отелінде шеф-кондитер болып жұмыс істейді екен.

Америкалық аспаздың фестивальда қандай жүлдеге ие болатынын кім білсін, бірақ ол қазақстандықтарға қазірден бастап ұнап қалды. Республикалық баспасөзге берген сұхбатында Дэвид Кембэлл осы уақытқа дейін еліміздегі бірде-бір аспаз-кондитердің түсіне де кірмеген тың ойды айтты.  Мұхиттың арғы жағынан келген кондитер қазақтың қасиетті сусыны – қымыздан балмұздақ жасамақшы ойы бар екенін ортаға салды. Бұл бастаманың иесі Қазақстанға келгеніне бір-екі күн ғана болған осы Дэвид Кембэлл болып қалатын шығар. Ол қымыздың дәмін де бұрын татып көрмеген екен, бірақ оған бірден ұнаған сияқты. Сөйтіп, осы сусыннан балмұздақ жасау керек екен деп шешіпті.

Дэвид Кембэллдің сүйсініп жейтін асы салат көрінеді, сондықтан ол негізінен еттен жасалатын қазақтың ұлттық тағамдарына аса тәнті бола қоймаған сияқты. Фестивальге басқа елдерден келген оның әріптестері Қазақстандағы сырдың (ірімшік) Чечил деген түрі қатты ұнағанын айтқан екен, бірақ оның ұлттық тағамға қатысы жоқ екенін естігенде көңілі ортайып қалыпты. Бірақ қазақтың ұлттық тағамдарының ішінен өзіне ұнаған кейбір мәзірді кітапшасына жазып немесе жадына сақтап Америкаға жеткізетін ойы бар. Ең бастысы, қымыздан жасалған балмұздақтың рецептімен бөліссе жақсы. Егер балмұздақтың жаңа түрі «қымыз-балмұздақ» патенттеліп,  нарыққа шығып жатса, оны Ritz-Carlton желісі арқылы сатып алатын шығармыз.