Америкалық мамандар 2009 жылы наурызда орбитаға шығарылған «Кеплер» ғарыштық телескопының көмегімен біздің галактикадағы биологиялық өмір сүру үшін жағдайлары бар тағы тоғыз экзопланетаны тапты. Астрономдар осы планеталарда тіршілік иелері болуы мүмкін деген тұжырым жасап отыр. Сонымен «Кеплер» телескопының көмегімен ашылған, Жердегі адамдардың болашақта қоныс тебуіне болады деп ғалымдар топшылап отырған планеталардың ұзын саны 21-ге жетті.
Принстон университетінің қызметкері, жобаға қатысушылардың бірі Тимоти Мортонның мәлімдеуінше, «Кеплер» телескопының Жерге жіберген мәліметтері бойынша ғалымдар аспан кеңістігінде бұрын белгісіз болған 1284 жаңа планета барын анықтаған. Олардың 550-інің жоғарғы қабаты Жердікі сияқты қатты екен, ал тоғыз планета тіршілік аумағы деп аталатын кеңістікте орналасқан, яғни өзінің жұлдыздарынан суды сұйық күйінде сақтайтын температураны ұстап тұруға мүмкіндік беретін қашықтықта тұр. NASA алдағы уақытта бұл планеталарға Джеймс Уэббтың 2018 жылы орбитаға шығарылатын жаңа телескопы арқылы егжей-тегжейлі зерттеулер жүргізбекші.
Ғалымдардың ғарыш әлемін шарлап, адамзат болашақта бақытты өмір сүретін жаңа планета іздеп жатқандарына біраз уақыт болды. Бәлкім ондай планета табылып та қалар. Өйткені Жер планетасына адамдар сыймайтындай жағдайға жетті. АҚШ халық санағын жүргізу бюросының мәлімдеуінше, 2016 жылдың 1 қаңтарында Жер бетінде өмір сүретін адамдардың саны 7,3 млрд болыпты. Бұл осы жылға жасалған болжамның шамасынан 78 млн адамға көп екен. Ілгеріректе жасалған болжамдарға қарағанда 2020 жылға қарай Жер бетіндегі адамдардың саны 10-20 млрд болуы керек еді. Ал 2050 жылға қарай Индияда — 2 100 000 000, Қытайда — 1 700 000 000, АҚШ-та — 460 000 000, Индонезияда — 370 000 000 адам өмір сүретін болады деген болжам бар. Бұндай болжамдар әр елде халық саны қандай қарқынмен өсіп келе жатқандығына қарай есептелген. Мысалы АҚШ халқы бір жылдың ішінде 2,47 млнға, ал 2010 жылғы санақтан бергі уақытта 14 млн адамға өсіпті. Қазіргі кезде Қытайда – 1,367 млрд, Индияда – 1,252 млрд адам өмір сүріп жатыр. Одан кейінгі орындарда Индонезия, Бразилия, Пакистан, Нигерия, Бангладеш мемлекеттері тұр. Халық саны 142,423 миллионды құрайтын Ресей 9 орында. Одан кейінгі – жапондар. Егер осы қарқынмен адамзат көбейе беретін болса планетамыз тозып, әлемде жаппай ашаршылық басталып, оның арты ғаламат соғысқа айналуы мүмкін.
Планетамызды мекендейтін халықтар ешқашан да біркелкі жақсы тұрған емес. Миллиондаған адамдар соғыстың зардабын тартты, аштық, жоқшылықты бастан өткеруде. Соның салдарынан тұтастай халықтардың басқа елдерге жаппай қоныс аударуы етек алды. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның мәлімдеуінше, алдағы уақытта Жер бетіндегі халықтың саны өсе
түседі, 2050 жылға қарай 9,7 млрд адамға жетеді. Ал халықаралық мигранттардың үлесі осы қалпында қалатын болса олардың әлемдегі саны 321 млн адамды құрайды. Болжам бойынша, қарулы қақтығыстарға, жоқшылыққа, теңсіздікке, климаттың өзгеруіне байланысты халықаралық мигранттардың саны көбейе түспесе азаймайды.
2015 жылы халықаралық мигранттар мен босқындардың саны 244 млнға жетті. Бұл 2000 жылмен (173 миллион) салыстырғанда 41 пайызға көбейген, деп көрсетеді Пан Ги Мун өзінің баяндамасында. Әлемдегі ең ірі көлемдегі миграциялық дағдарыс былтырғы жылы ЕуроОдақ елдерінде болды. Негізінен Сириядан және осы аймақтағы тағы басқа елдерден шыққан босқындар Эгей теңізін кесіп өтіп Еуропаға келе бастады. Тек өткен жылы мұнда миллионнан астам босқындар келген. Олардың 850 мыңы Түркия мен Грекия елдері арқылы өткен. Босқындардың басқа маршруттары Солтүстік Африка, әрі қарай Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өту болып табылады. Кішігірім қайықтармен ұлан-ғайып теңізден өту оңай емес, көбіне трагедиямен аяқталады. Екі күннің ішінде, 30 сәуір мен 1 мамырда Ливиядан Италияға шыққан 113 босқын суға кетті. Ал 18 сәуір күні Мысыр жағалауында бортында 400 босқын бар кеме суға батты.
Жаппай етек алған халықаралық миграцияға не себеп болып отырғанын бүкіл әлем біледі – Солтүстік Африкадағы саяси тұрақсыздық, аштық, зорлық-зомбылық. Климаты жайлы, топырағы құнарлы деп саналатын Еуропаға ағылған босқындар легі толастамаса енді оншақты жылда онда да адамдар симайтын болмақ. Сондықтан жер жәннаты Жерұйықты галактиканың басқа планеталарынан іздеген дұрыс та шығар. Сол үшін дамыған елдер әлемдік озық технологияларды осы мақсатқа пайдалануда. Қытай сияқты кейбір елдер Айға адам жіберіп, зауыттар салмақшы. Ал егер биологиялық тіршілік көзі бар жаңа планета табылып жатса Жер бетіндегі жарты халық солай қоныс аударуға дайын.