Кеше Алматыдағы Park View Office Tower бизнес орталығында сарапшылар қауымының қатысуымен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы: жаһандық қатерлерге қазақстандық жауап» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты мен Алматы қалалық әкімдіктің Ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелдің жұмысына еліміздегі ғылыми-зерттеу және мемлекеттік құрылымдардың жетекші сарапшылары, экономистер, тәуелсіз саясаткерлер, аналитиктер, бизнес қауымдастықтарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Негізгі спикерлер – Алматы қалалық әкімдіктің Ішкі саясат басқармасының басшысы Саясат Нұрбек, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаев, Шекаралық ынтымақтастық қауымдастығының өкілі Марат Шибұтов, «БЕЛКАМИТ» БК АҚ президенті Павел Беклемишев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Дария Мұхамеджановалар болды.
– Бізге Президент Жолдауындағы айтылған проблемаларды тек қана қайталап шығу емес, осы жағдайларға нақты анализ беру және әрі қарай дамуға болжам жасау, тәуекелді азайтатын немесе керісінше пайдалы тиімділікті күшейтуге қабылетті нақты жасалатын қадамдарды ұсыну маңызды. Біз, осы сарапшылар қауымы тек мемлекет үшін, әртүрлі министрліктер мен ведомстволар үшін ғана емес, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері және әлеуметтік басқармалар үшін басым бағыттардың қызметін құрып, ойластыра алады деген сенім артамыз, — деді өз сөзінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің жетекшісі Мәдина Нұрғалиева.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің таяу болашақтағы негізгі даму бағыттарын анықтап, айшықтайды. «Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда» деп әлемдегі жағдайды ашып айтты Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Қарқын алып келе жатқан жаһандық дағдарысты – бүкіл әлемдік экономикадағы өсімнің баяулауы, саяси факторлардың қысымы, террористік қауіп-қатерлер мен қақтығыстарды есепке ала отырып, Қазақстан өзінің қуатты өзгерістер жасайтын шынайы жауабын дайындап қойды. Дағдарысқа қарсы стратегия аясында белгіленген кешенді құрылымдық өзгерістер, экономикалық қиындықтарды жеңу бойынша алдын алу соққысы ретінде қарастырылады.
– Біз қазір дамудың жаңа кезеңіне кіргелі отырмыз: 5 институционалдық реформа, 100 нақты қадам және 80 жаңа заң пакеті. Сондықтан сарапшылар қауымдастығының рөлі айырықша өседі деп ойлаймын, өйткені мұнда үлкен ойлау вакуумы бар. Қазіргі кезде сарапшыларға басты бағыттарды сауатты түсіндіру қажет. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз заңның өзгеруі жағдайында барынша салмақты өмір сүретін боламыз, және бұл біздің әрқайсысымыз қосатын жалпы үлесімізді талап етеді, — деді Алматы қалалық әкімдіктің Ішкі саясат басқармасының басшысы Саясат Нұрбек.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Юрий Булуктаевтың айтуынша, дағдарыстан тез шығу үшін таяу онжылдық ішіндегі алға қойған мақсаттарымызды іске асыруымыз керек. Жыл сайынғы экономикалық өсімді 5 пайыздан төмендетпеуді жүзеге асырамыз. Жыл сайын экономикаға салынатын инвестицияның көлемін 10 млрд доллардан асыруымыз керек. Республика бойынша 660 мың жұмыс орындарын ашып, еңбек өнімін екі есеге арттыру керек. «Қазақстанда жасалған» деген брендпен жасалатын тауарлар сапалы, жайлы, әдемі және арзан болуы тиіс. Елбасының Жолдауында айтылған осы қағидаларды бұлжытпай орындасақ әлемдік дағдарыстар бізге сезілмеуі де мүмкін, деген пікірлер айтылды жиында. Демек, әлемдегі экономикалық дағдарысты айналып өтуге толық мүмкіндігіміз бар екен.