Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіндегіИндустриялық дамужәне өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру мәселесі бойынша техникалық кеңес өткізді. Кеңеске Департаменттің жауапты қызметкерлерінен басқа Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, Энергияны үнемдеу және электроэнергетиканы дамыту институтының мамандары, Қазақстан энергоаудит қауымдастығының өкілі, сондай-ақ, Алматыдағы ірі кәсіпорындардың энергетиктері қатысты.
Энергия тиімділігі саясатын іске асыру қазіргі кезде өндірісті, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық және көлік секторын жаңартудың негізгі құралдарының біріне айналып отыр. Энергияны үнемдеудің тиімді саясаты еліміздің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жаңа инновациялық технологияларды енгізуге, ғылымның белсенді дамуына ықпал етеді. Осыған байланысты «Энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заңға өзгертулеренгізілген болатын. Сол өзгертулер мен толықтырулар бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізімге (МЭТ) кіретін субъектілер (мемлекеттік мекемелерден басқа) 2016 жылдың 26 маусымына дейін энергоаудиттен өтуі тиіс және бұдан былай жыл сайын 1 наурызға дейін энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде МЭТ операторы, өңірлікқұзырлы органдар мен жергілікті атқару органдарына есеп беретін болады. Бұл мәселе үнемі бақылауда тұрады.
Қыркүйектің 4 күні Инвестициялар және даму министрлігі Әлемдік банкпен бірлесіп «Қазақстанда энергетика тиімділігін арттыру» жобасын бастағанын ресми түрде жариялады. Жобаны жүзеге асыру аясында – мектеп, балабақша, аурухана сияқты мемлекеттік және әлеуметтік ғимараттарда, сондай-ақ көшелерді жарықтандыруға жұмсалатын энергияны пайдалануды қысқарту бағытындағы жұмыстар жоспарланды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында ғимараттардың жылу жарық және жылу жүйелері, есік-терезелері ауыстырылып жылыту жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты Департаментте энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру саласын бақылау және салааралық қадағалау бөлімі ашылды. МЭТ-ке берілетін мәліметтердің дұрыстығын, Энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру бойынша заң талаптарының орындалын қадағалайтын мемлекеттік құзырлы орган осы бөлім болып табылады.
МЭТ мәліметтеріне сәйкес Алматыда 347 субъект бар екен. Олардың 134 – мемлекеттік, квазимемлекеттік – 133 субъект, заңды тұлға – 80 субъект, соның ішінде 48 денсаулық сақтау, 142 білім берусубъектілері, мемлекеттік басқару және әкімшілік қызмет көрсету – 34. Бұлар заңға сәйкес өздеріндегі энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру жөніндегі ақпараттарды беруі тиіс. Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Арман Әбілхайыровтың айтуынша қазіргі кезде 347 субъектінің ішінде 177-і ғана ақпарат берген екен, қалған 170 субъект әлі күнге дейін заң талабын орындамай отыр. Сонымен қатар, Заңның 16 бабы, 4 тармағына сәйкес, мемлекеттік мекемелерден басқа МЭТ субъектілері бес жылда бір рет энергоаудиттен өтіп отыруы тиіс. Қазіргі кезде Алматыда 12 субъект қана энергоаудит жүргізіпті. Қалғандары үндемей отырған көрінеді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 293бабы бойынша міндеттелген энергоаудиттен өтуден жалтарған немесе оған кедергі келтірген МЭТ субъектілерге айыппұл салынады (шағын кәсіпкерлік – бес, орта кәсіпкерлік субъект – он айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал ірі кәсіпорындар – 200 АЕК айыппұл төлейді).
– МЭТ субъектілерінің барлығына келесі жылдың 26 маусымына дейін энергоаудиттен өтуге кеңес береміз, – дейді Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Арман Әбілхайыров, – МЭТ субъектілерінің басшылары кәсіпорындағы энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыруды үнемі бақылауда ұстап отыруы керек. Жыл сайын наурыз айына дейін энергияны үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп береді. Егер бұл талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылады. Кәсіпорын басшыларына осыны ескертеміз.