АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҚАРАҒАНДЫДА ШТИРЛИЦТІҢ «ІЗІ» ҚАЛҒАН

1433036280_bezymjannyjjКеңес Одағының әйгілі барлаушысы полковник Максим Максимович Исаевты халық «Көктемнің он жеті сәті» атты кеңестік сериалдағы кейіпкер, СС штурбанфюррері Макс Отто фон   Штирлиц арқылы жақсы біледі. Оның өткен өмір жолы әлі күнге дейін көпшілікке құпия. Штирлицтің соғыстан кейінгі жылдары Қарағандыда айдауда болғанын да ешкім біле бермейді.

         СС штурбанфюррері Макс Отто фон   Штирлицтің ойдан шығарылған әдеби кейіпкер емес, бұл өмірде болған шынайы тұлға екенін білеміз, бірақ ол ұзақ жылдар басқа атпен жүрді. Максим Максимович Исаевтың бүркеншік аттары әр жылдары (Всеволод Владимирович Владимиров, доктор Бользен, Юстас) әртүрлі болды. Штирлицтің аты аталғанда СС формасы өзіне жарасқан, сымдай тартылған, маңғаз, түсі суық кеңестік барлаушыны көзімізге елестетеміз. Алайда, Штирлицтің персонажы – бірқатар кеңестік барлаушылардың жасаған ерліктерінің жиынтығы және көркем фильм болғандықтан онда біраз қайшылықтар бар. Ондағы шынайы барлаушылардың прототиптері әлі күнге дейін «ашылған» жоқ. Аты аңызға айналған кеңестік барлаушы Штирлицтің прототиптері бірнеше – Шандор Радо, Рихард Зорге, Вильгельм Леман, Анатолий Гуревич т.б. Солардың бірі – Норман Бородин Сталинің қаһарына ұшырап, соғыстан кейін Қарағандыда кесілген мерзімін өтеген.

Жақында Штирлицтің, дәлірек айтқанда оның прототиптерінің бірі Норман Бородин 50-ші жылдардың басында Қарағандыда шығатын «Социалистическая Караганда» бөлім редакторы болып қызмет еткендігі анықталды. Орыс тілінде шығатын облыстық газет қазір «Индустриальная Караганда» деп аталады. Осы басылым мұрағатындағы құжаттарының ішінде мынандай бұйрық сақталыпты: «С сего числа временно зачислить на работу в качестве старшего литработника редакции тов. Нормана Михайловича Бородина. Оклад по смете. Редактор газеты “Социалистическая Караганда” Я. Муляр”. Из  приказа за № 78 от 31 мая 1952 года». Осындай адам жұмысқа қабылданған, алайда ол туралы басқа архивтік құжаттар жоқ.

Тарихшы Александр  Колпакидидің мәлімдеуінше, 1948 жылы Норман Бородин Мәскеуде жүргенде бір мәселемен келіспеушілігін айтып Сталинге хат жазған екен. Содан бастап ол Сталиннің қырына ілінеді. Көп ұзамай оның әкесі Михаил Бородин-Грозенберг қамауға алынады. Лениннің досы, барлаушы, АҚШ-та коммунистік партияны құрған Михаил Грозенберг Лубянканың түрмесінде жатып қайтыс болған. Сол кездерде Норманның өзі де жауапқа тартылады, бірақ оның жазасы жеңіл болды. Оны Қарағандыға жер аударады, Қазақстанда Норман фотожурналист болып қызмет істеді. Қарағандыдағы шахтерлердің өмірінен, ауылдарға шығып фоторепортаждар жасаған. 

 Өлке танушы Юрий Попов «Социалистическая Караганда» басылымының қызметкері Норман Бородиннің 1951-52 жылдары түсірген суреттері жарияланған газет нөмірлерін жинаған екен. Бірақ ол жай адам емес қой, артына ештеңе қалдырмаған. Штирлицтің бейнесін жасаған Юлиан Семеновтың қызы Ольга кинодағы актер Тихонов ойнайтын Штирлиц пен Бородиннің түрлері өте ұқсастығын айтады. Соған қарағанда фильмнің режиссері Лозионова мен сценарийдің авторы Юлиан Семенов «Семнадцать мгновение весны» (Көктемнің он жеті сәті) фильміндегі басты кейіпкерді Бородиннің архивтегі суретіне қарап таңдаған сияқты. Ольга Семенованың айтуынша, әкесі Норман Бородинмен 60-шы жылдарда Мәскеуде кездескен екен. Норман Бородин оған өзінің басынан өткерген астыртын барлау жұмысының көптеген детальдарын әңгімелеп берген. Норман Францияда көп жыл қызмет еткен, баласы сол жақта дүниеге келіпті. Әйелі босанатын кезде орысша айқайлап жібере ме деп Норман қатты қорыққан екен. Бұл деталь «Көктемнің он жеті сәті» кітабына сол күйінде енгізіліпті.

         ІІ дүниежүзілік соғыстың алдында шет елдерде астыртын барлау жұмысында жүрген көптеген кеңес агенттері елге шақырылып, репрессияға ұшырады. Ұлы Отан соғысынан кейін де бірқатары қудаланды. Штирлиц прототиптерінің бірі, немістердің ішінде жүрген кеңестік барлаушы Шандор Радо да елге оралғаннан кейін Норман Бородин сияқты істі болып, қамауға алынды. Штирлиц – Норман Бородин Қарағандыда көп тұрған жоқ. Сталин өлген соң Мәскеуге қайтқан. Бір кездерде репрессияға ұшыраған көптеген сыртқы барлау қызметкерлері осы тұста ақталып, айдаудан қайтып келіп жатты. Бірақ олардың жеңісті жақындатуға қосқан үлкен еңбектері елеусіз қалды, өйткені саяси барлау жұмыстарының барлығы дерлік аса құпия грифімен ұзақ уақытқа жабылды.