Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жақында құрылған күнін атап өтеді. Осы кәсіби мерекелері алдында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Мұхаметқали САТОВПЕН әңгімелескен едік.
– Мұхаметқали Құсайынұлы, алдымыздағы жаңа жылдың алғашқы күндері өздеріңіздің төл мерекелеріңізді атап өтесіздер. Бұрын Ішкі әскерлер деп аталған Ұлттық ұланның шыққан тегі әріде жатқан сияқты, осы әскер түрінің тарихынан және қандай мақсатта құрылғаны туралы хабардар ете кетсеңіз?
– Жақында халқымыз елдіктің мерейін асқақтатар Тұңғыш Президент күнін тойлады. Қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Жарлығына қол қойғаннан бастап жазылады бастады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін қабылданған бұл реформалық шаралар бағамының тарихи құндылығын айтпасақ да түсінікті. Өйткені, азат мемлекет ретінде өз отауын өзі көтеріп, түрен жолын тыңнан салған есті елдің ең бірінші қамдар ісі де ол халқының тыныштығы, құқықтың тәртіптің сақталуы, әділеттілік пен конституциялық талаптардың үстем құруы болып табылды. Осы жолда Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз тоқсаныншы жылдардың соқтықпалы-соқпақсыз ауыр кезеңдерінде етең-жеңін жинап, дамудың даңғыл жолына түсе алды. Заман өзгерді, ел түледі, қазақ елі көркейді. Мұның барлығы да әрине, оңай келген жоқ. Ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігін сақтау, тыныштықты қамдау, өндірістегі өркенді істерге жол ашудың барлығы да елін сүйе білген, елдікті бекемдей білген Ұлт көшбасшысының ерен еңбегінің жемісі.
Жылдар жылжып, заман ұсынған жаңа талаптарға сай болу үшін мемлекеттік органдарға, оның ішіндегі күш-қуат құрылымдарына да жаңа міндеттер жүктелді. Әрине, оның барлығы да халқымызды бүгінгі күннің өзінде дүбірлі дүниені дүр сілкіндіріп отырған лаңкестік, экстремизм, қару-жарақ саудасы, есірткі трафигі сынды адамзатқа төнген ортақ қауіп-қатерлерден қорғану үшін жасалған нақты қадамдар болып табылады. Осының аясында үстіміздегі жылдың басында «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Тыныштықтың тұғырында тұрған күш-қуат құрылымына Заң аясында жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды.
– Қазіргі кезде Ұлттық ұланға қандай міндеттер жүктелген?
– Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан ел мен Елбасы сенімін адал ақтап, тәуелсіздігіміздің баяндылығы жолында жеке құрам жұдырықтай жұмылып қызмет атқарып келеді. Ұландықтар бүгінде ел аумағындағы барлық түзеу мекемелерінің, аса маңыздағы стратегиялық нысандардың сенімді күзетін қамтамасыз етеді, сотталушыларды айдауылдауды жүзеге асырады. Ең бастысы, ұлттық қауіпсіздіктің негізгі тармақтарының бірі қоғамдық қауіпсіздікті, туған еліміздің әр қаласындағы құқықтық тәртіп пен тыныштықты қадағалап, қамтамасыз етеді. Мұның сыртында, жаңа Заңның талаптарына сай Ұлттық ұлан арнайы бөлімшелерінің халықаралық бітімгерлік операцияларына жұмылдырылатыны, еліміздің шекара шебін қорғауға тартылатыны, төтенше жағдай кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысатындығы сынды тың міндеттемелері бар.
Елбасы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұстан бастап-ақ еліміздің қорғаныс саласына айрықша назарын аударып, қуатты Армиямызды құруда жеке қамқорлық пен ұдайы бастамашылық танытып келеді. Оған Мемлекет басшысының осы жылдар аралығында тікелей тапсырмасымен офицерлік құрамды білікті мамандармен жасақтау, әскерді басқару жүйесін жетілдіру, жаңа заманауи қару-жарақ үлгілерімен қамтамасыз ету, мұнан өзге материалдық-техникалық базасын жетілдіру бойынша жүргізілген ауқымды реформалық жұмыстар нақты дәлел. Осы бағытта таратып айтатын болсақ, тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының басшылығы тарапынан әскеріміздің әлеуетін жетілдіру бойынша атқарылған ауқымды істерді тізбектесек талай кітапқа арқау болары сөзсіз. Өйткені, тәуелсіздік жылдар әскеріміздің қуаты еселеп артты, елімізбен бірге әскеріміз де даму, өрлеу жолынан өтті. Қазіргі таңда ішкі қауіпсіздікті қырағы қадағалайтын құқықтық тәртіп әскері жүйесінің құрылғандығы осы жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
– Ішкі әскерлердің Ұлттық ұлан деп аталғанына көп бола қойған жоқ. Ішкі құрылымдарға қандай өзгерістер енгізілді? Офицерлер қандай оқу орындарында дайындалады?
– 2013 жылы әскерді басқару тетігі жаңа заманауи жүйеге көшіріліп, бұрынғы бригадалық қалыптан еліміздің төрт өңірінде басқарылатын өңірлік қолбасшылық жүйесі негізінде құрылды. Әскери мамандарды дайындау мен әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру қорғаныс жүйесін жетілдірудің басты басымдылықтарының бірі. Бұл бағытта да жылдар бойы еңселі еңбек атқарылды. Мәселен, 1997 жылы Елбасының Жарлығымен құрылған Петропавл әскери училищесі бүгінде Әскери институт мәртебесіне көтеріліп, халықаралық деңгейде кадр даярлайтын бірегей оқу орнына айналды. Қазір мұнда бауырлас Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтары да әскери білім алуда. Өзара тәжірибе алмасу мен екіжақты ынтымақтастық саясатының арқасында біздің әскери кадрларға қазір Ресей, Белорусь және Түркия елдерінде білімдерін жалғастыруға жол ашылды. Мәселен, 2011 жылы он алты әскери қызметшіміз Түрік Республикасы Жандармериясының офицерлік біліктілікті арттыруға арналған «коммандос» курстарында оқып, елге оралды. Ал үстіміздегі жыл Әскери институттың сегіз үздік оқушы курсанты Түркия елінің Құрлық әскерлері институтындағы Жандармерия факультетінде тәлім алуда. Білім жарқын болашақтың кепілі. Олай болса, алдағы уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы өркениетті елдерінде білім алушы жастарымыздың алған білім мәйектерін отандық әскери оқу орнында таратып, игілікке жаратар күндері де алыс емес деп білейік.
– Қорғаныс министрлігінің оқу орындары Ұлттық ұланға кадрлар дайындай ма? Сардарлар академиялық білім алу үшін қайда барып оқуы керек?
– Кадрларды дайындау бағытында айрықша атап өтер және бір жайт, ол 2010 жылы Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Ішкі әскерлер факультетінің ашылуы. Қорғаныс саласы ғылымының қуатты қайнар көзі саналатын бұл оқу орнында офицер кадрлар академиялық дәрежедегі білім алады. Бүгінгі таңда аталған университеттегі үздік факультеттердің санатында осы Ұлттық ұлан факультеті орныққанын ауыз толтырып айта аламыз. Білім алу саласына бойлай отырып, әскери қызметшілеріміздің біліктілігін шыңдайтын, оқытып-үйретуге қатысты жасалған жағдайлардан тысқары өтіп кетуге болмас. Осы орайда 2014 жылдың мамырында Алматы облысының Заречный кентінде арнайы мақсаттағы бөлімшелеріміздің әдістемелік дайындығына арналған Орталықтың құрылысы жүзеге асырыла бастаған болатын. Бүгінгі таңда бұл нысанның негізгі дайындық орындары пайдаланылуға беріліп, маңызды міндеттемелерді атқаратын арнайы бөлімшелеріміз жаттығу шараларын жүргізуде. Дайындық орталығы заманауи халықаралық талаптардың барлығына да сай келеді. Нысанның құрылыс жұмыстары алдымыздағы 2016 жылы толықтай аяқталып, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, сондай-ақ өзге де елдіміздің күш-қуат құрылымдарының арнайы жасақ өкілдерінің таптырмас дайындық орнына айналмақ.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылы тамыз айында Астана әуежайының маңында Ұлттық ұланның жаңа әуе базасының құрылысын салуға арнап салтанатты түрде капсула қойылғандығын атап өтуге болады. Бұл да әскеріміздің әлеуетін жетілдіру мақсатында қолға алынған жұмыс. Өз кезегінде құқықтық тәртіп әскерінің арнайы әуе базасының болуы бұл еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнген кез келген қауіп-қатер түрінің жедел алдын алып, оған қарсы тосқауыл қою әрекеттерін жылдам әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді.
– Жасақтың қару-жарақпен жасақталу деңгейі қандай?
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан әскерімізді материалдық-техникалық қамтамасыздандыруға баса назар аударылып келеді. 2013 жылы Ішкі әскерді 2017 жылдарға дейін дамыту мен жетілдірудің арнайы бағдарламасы қабылданды. Бүгінгі таңда бұл құжаттың аясында қабылданған шаралардың арқасында, еліміздің түпкір-түпкіріндегі барлық әскери бөлімдеріміз бен құрылымдарымыз жаңа техникамен, соңғы үлгідегі қару-жарақ, қорғаныс құралдарымен жарақтандырылуда. Мәселен, 2013 жылы авиатехника паркі «АН-74ТК-200» ұшағымен, сондай-ақ көпфункционалды «МИ-171-Е» тікұшағымен толыққан болатын. Қазақстанда жинақталып, жасалған «Урал» және «КамАЗ» сынды ауыр жүк көліктері мен «Түн-12» дабыл қаққыш қондырғыларымен қазір барлық әскери құрылымдарымыз жасақталған. Жалпы алғанда, әскер құрамының керекті құрал-жабдық, техникалық қамтамасыздандырылуы артқан сайын қызмет ету сапасының жақсаратыны сөзсіз. Бұл ең алдымен қауіпсіздікті бекемдеуімізге, ішкі қорғаныс саласының лайықты деңгейде жасақталуына мүмкіндік береді.
– Мұхаметқали Құсайынұлы, үнемі полигондардағы жаттығуларда, сыртта жүретін, қызмет орындары жиі ауысатын әскерилердің өмірінде әлеуметтік жағдайы маңызды орын алады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарының атқаратын міндеттері тікелей осыған бағытталғандықтан бұл сұрақты Сізге жиі қоятын шығар, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері әлеуметтік жағынан қалай қорғалған?
– Осы жылдар аралағындағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығының арқасында Отан қорғаушы азаматтарымыздың қызмет атқаруына лайықты жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерін тиімді шешу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Осы мақсатта жыл сайын әлеуметтік маңыздағы нысандардың құрылысы қолға алынып, әскер игілігіне беріліп келеді. Атап өтсек, 2013 жылы Қызылорда және Ембі, 2014 жылы Тараз, Леңгір, Жаңғызтөбе және Жаңаөзен қала-кенттеріндегі әскери бөлімдерімізге арнап жаңа үлгідегі әскери қалашықтар тұрғызылды. Бұл нысандарда адамның толыққанды қызметті үшін барлық жағдай қарастырылып, офицер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арнап салынған тұрғын пәтерлер мен жатақханалар бұл аймақтағы баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Елорда іргесінде Ұлттық ұланның жеке бригадасына арнап салынған әскери қалашық салынды. Бұл – көрсе көз тоярлық, айтса айтуға тұрарлық жаңа үлгіде бой көтерген әскери нысандардың бірі. Өткен жылы пайдалануға берілген қалашықтың ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, әскери ұжымға Жауынгерлік туды табыстаған болатын. Мұндай заманауи үлгі талаптарына сай салынған әскери қалашық ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішкі әскерлері құрылымында да жоқ екендігін мақтанышпен атап өткім келеді. Мұның барлығы да еліміздің қауіпсіздіктің қалқанына айналған Ұлттық ұланның әлеуетін, күш-қуатын арттыруға бағытталған нақты қадамдарын көрсетеді.
– Әскери салалардың қай-қайсысында болмасын басқаларға үлгі болатындай істерімен ерекшеленетін бейбіт күннің батырлары болады. Араларыңызда мемлекеттік наградаларға ие болғандар бар шығар?
– Алмас қылыш асынып, бес қаруы сай болғанмен ердің бойында ұлттық рух, кеудесінде айбынды жүрек болмаса, ол нағыз ел қорғайтын азамат бола алмайды. Елдікті қорғаушы әскердің рухы қашанда сергек әрі биік болуы тиіс. Бұл мәселеге Ұлттық ұланда өте мұқият мән беріледі. Соңғы бес жылдың өзінде Ұлттық ұланның 27 әскери қызметшісінің жан алысып, жан берісердей қысылтаяң сәтте ерге тән ерен ерлік көрсетіп Елбасының қолынан жоғарғы мемлекеттік наградаларды алуын, орден-медальдарға ұсынылуын жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан дәстүрлі әскери тәрбиенің жемісі деп білеміз. Мәселен, оқ тиіп жараланып, ажал аузында тұрса да Маңғыстау облысындағы қамау орындарынан аса қауіпті қылмыскерлердің қашып кетпеуіне жол бермеген Ұлттық ұланның қайсар жауынгері Ербол Отарбаевтың ерлігін бүгінде дүйім ел біледі. Ербол биылғы жылы Ұлттық ұлан Әскери институтын бітіріп, лейтенант шенін алды. Оның бұл жанкешті ерлігі жаңа қазақстандық патриотизм тәрбиесінің өзегіне айналды, оған қарап қаншама өскелең жастарымыз бой түзеп өсіп келеді.
Ал осыдан екі жыл бұрын тағы осындай оқиға болды. Бірнеше жерінен ауыр жараланса да, қауіпті қылмыскердің сытылып кетуіне жол бермей, жанындағы қаруластарын ажал оғынан құтқарып қалған әскери қызметшіміз сержант Жандос Баянбаевтың ерлігі де Отанды сүюдің жарқын үлгісі. Бұны тарих толқынында қаншама мәрте жаумен алысып, ар мен намысын таптатпай, ел қорғауды ұлы мұрат етіп қоя білетін ата-бабаларымыздың жауынгерлік ерлік дәстүрлерінің лайықты жалғасы деп түсінуіміз керек. Арамызда жүріп айбынымызды асырған осындай азаматтардың ерлік жасап, Елбасының қолынан ІІІ-ші дәрежелі «Айбын» ордендерін алуы әскеріміз үшін зор мақтаныш.
– Ішкі әскерлердің тарихында мұндай жағдайлар көп болған шығар?..
– Жалпы, Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихы тағылымды ерлік дәстүрлеріне толы. Өткен күнні ңтарихына көз жүгіртер болсақ, Ішкі әскер жауынгерлерінің 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында көрсеткен ерлігі ұрпаққа ұран, елге мұра. Сол бір қантөгісті қысылтаяң тұста бауырлас тәжік елінің топырағында бітімгерлік миссияға сәйкес әскери міндеттерін атқарып жүрген жауынгерлеріміз мұздай қаруланған моджахедтердің шабуылына тап болған. Бабаларымыздың батырлық рухынан қуат алған қаһарман ұландарымыз сол жерде ерліктің үлгісін көрсетті. Сол ұрыста ер атына сай, абыройына дақ түсірмей қаза болған 17 ұланымыздың есімдері біздің мәңгілік жүрегімізде. Есіл ерлерді елі ұмытпайды, ұландарын ұлықтайды. Олардың барлығы да Елбасының арнайы Жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталып, есімдері тәуелсіздік жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Батырларымыздың жарқын бейнелерін мәңгілік есте қалдыру, ерлік істі өнегеге айналдыру, қазақстандық патриотизмді жастарымыздың бойына сіңіру мақсатында Елордамыздағы Отан қорғаушылар алаңына тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 жауынгерге арнап ерлік аллеясы ашылып, мемориалдық тақта қойылды. Ал үстіміздегі жылы көктемде батыр ұландарымызға арналған ескерткіш Шымкентте де бой көтерді. Осы орайда «Митрафильм» киностудиясының қолдауымен «Қазбат» деректі фильмінің түсірілгендігін атап өтуге болады. Сондай-ақ, әскерімізде 2009 жылдан бастап мемлекеттік мән мен маңыздағы ақпараттарды еліміздің түпкір-түпкіріндегі барлық әскери бөлімдерінің ұжымдарына талдап-таратып түсіндіру міндеттемелерін атқаратын ақпараттық-насихат тобы құрылып, жұмыс істеп келеді. Ал еліміздің жүрегі – Астана төрінде жыл сайын өтетін әскери әндер алауы – Гала-концерт, «Әскери керней» байқауы, Ұлттық ұлан Бас Қолбасшысының Кубогі үшін жекпе-жектен өткізілетін халықаралық деңгейдегі жарыс дәстүрлі шараларға айналып үлгерді.
– Ұлттық ұланның жүріп өткен жауынгерлік жолдарын насихаттайтын, абыройын асқақтататын идеологиялық жұмыстардың басында өзінің отырсыз, полковник мырза, сөзіңіздің қорытындысы ретінде не айтар едіңіз?
– Қорыта айтқанда, Ұлттық ұлан – тәуелсіздігіміздің тірегі, елдігіміздің қырағы қорғаны. Азаттық туын жықпай, жоғары ұстау ел қорғаған ерлерге сын. Мемлекет басшысының жіті назарымен алдағы уақыттары да қорғаныс саласы лайықты дами беретіні сөзсіз, өйткені, біз тарихтан жау іздемеген халық болсақ та, өзіміздің асыл мұраттарымызды жан аямай қорғауды ұғынған ұлы елміз. Бүгінгі әлем елдері небір жайттарды бастан кешіп отырған қымғуыт заманда, замана ұсынған жаңа қауіп-қатерлер өткелінен елді аман алып өтуді, дамудың даңғыл жолын көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында және одан тармақталған кешенді 100 нақты қадам Ұлт Жоспарында жаңа нақты міндеттер қойылып, мақсаттар айқын, межелер жоспарланды. Осы игі істерді жүйелі іске асыруда, еліміздің басты бақыты – бірлік пен тыныштықты қорғауда өзге де мемлекеттік органдардың қатарында Ұлттық ұланның жеке құрамы да барлық күш-жігерін, қайрат-еңбегін аянбай жұмсай беретін болады демекпін.
– Әңгімеңізге рахмет, қызметіңізге табыс тілейміз!