АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ

скачанные файлыАлтын Орданың біртіндеп әлсіреуі Жошы ұлысының оңтүстігінде Ақ Орда, Моғолстан мемлекеттерінің құрылуына себеп болды. Ақ Орданың азулы хандары Орыс пен Барақтың ұрпақтары XV ғасырдың 20-шы жылдадан кейін де сақталды. Бұл тұста Алтын Орданың аумағында, ішінде ең ірісі, Әбілхайыр хандығы бар, бірнеше ұлыстар құрылған. Қазақ хандығының құрылуына осындай жағдайлар негіз болды.

Әбілқайыр ханның саяси қарсыластарының ішінде 1459-1460 жылдары одан бөлініп шыққан Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар болды. Өз жұрты мен жақтастарын бастап бұлар көрші Моғолстан жеріне бет алды. Моғолстанда басқарып отырған Есен-Бұға хан Керей мен Жәнібекті және басқа сұлтандарды қарсы алып, оларға Моғолстанның батысындағы Шу, Қозыбасы ің жағалауларын еншілеп берді. Әбілхайыр хан өлгеннен кейінгі аласапыран заманда Жәнібек пен Керей сұлтандардың жанына келіп қоныстанушылар көбейді. Олардың саны екі жүз мыңдай адамға жетті.

Қазақ тарихы Жәнібек пен Керей сұлтандардың Алтын Ордадан бөлінуінен емес, одан көш ілгері басталады. Алтын Орданың және оның орнында пайда болған мемлекеттік құрылымдардың тарихын білмей, қазақ хандары династиясының қалай қалыптасқанын, олардың үрім-бұтағын жіліктеу мүмкін емес. Хантау тауы алқабында Жәнібек сарай деп аталатын биік мұналары бар үлкен қорғанның, XV ғасырда салынған басқа да қорғандардың үйінділері бар. Хантау тауының шығыс етегінде «Хан сарайы», «Хан қорасы», «Ақсүйектер ордасы» деп аталатын күйдірілген кірпіштен салынған сарайлардың орындары жақсы сақталған.

c992443d20e689f012406abaa121a2a6XV ғасырдың екінші жартысында – XVІ ғасырдың басында қазақ халқы осы күнгі атауды қабылдады. Сол кездердегі тарихи деректерде «мамлакат-и қазақ» «ұлыс-и қазақ» деген терминдер жиі кездеседі. Қазақ мемлекеті өзінің белгіленген аумағы, этникалық құрамы бар дербес ел болып сол кезде қалыптасты. Тарихи деректерде Керейден кейін билік басына Бұрындық хан келгені айтылады. Бұдан басқа бірнеше сұлтандардың есімдері жазылған. Солардың ішінде Жәнібектің ұлы Қасым сұлтан ерекшеленеді. Қасым сұлтан Балқаш көлінің жағалар мен Қаратал өзенінің бойын иемденген, Жаныш сұлтан мен оның бауыры Таныш, Жаныштың ұлы Ахмад сұлтан Қара-Абдал деген жерді жайлапты. Бұл сұлтандар ұлысты құрайтын қазақ тайпаларын басқарды. Ал сұлтандар жоғарғы қанға бағынышты болған.

kipchyakiДешті Қыпшақтың оңтүстік аумағын жаулап алмақшы болған Әбілқайыр ханның ұрпағы Мұхамед Шәйбани ханмен соғыста қазақ әскерлерін басқарған Қасым ханның тарихта алатын орыны ерекше. Мұхамед Хайдардың «Тарих-и-Рашидиінде» Бұрындық бас хан болып саналғанмен Қасым сұлтанның билігі жоғары болғанын айтылады. Мұхамед Хайдардың жазғанына қарағанда, Қасымның артынан ерген халықтың саны миллионның үстінде болған екен. Жауынгерлік жорықтарда жолы болғыш Қасымды басқа сұлтандар да, елдің игі жақсылары да үнемі қолдап отырған. Әрбір жорықтан кейін Қасым күш алып, беделі халықтың алдында арта түсті. Елді басқарып отырған заңды ханның беделі болмағандықтан Қасымның хан атағы болмаса да іс жүзінде оны халық басшы ретінде танып, хан көтерді.

Көп ұзамай Бұрындық хан елден безіп кетті, алыстағы Самарқандта қайтыс болды. Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың басын біріктіріп, толықтай билігін жүргізді. Бұл қазақ елінің көтеріліп, өркендеген кезі болды. Қасым хан өмірден өткеннен кейін Қазақ хандығында сұлтандар арасында тартыстар басталды. Әкесінің орнына отырған Қасымның ұлы Мамаш сұлтан билікті ұстай алмады, өзі де көп тұрған жоқ, дуние салды. Одан кейін таққа отырған Әдік сұлтанның ұлы Тахир ханның тұсында Қазақ хандығының күші қожырап, біршама әлсіреді. Ол билік жүргізген алғашқы жылдарда-ақ қазақтар ноғайларға жеңіліп, Жайықтағы жайылымдарынан айырылды.

Бұл сәтсіздік Тахирға бағынышты халықтың санын күр азайтты. Тарихи деректерде «Төрт жүз мыңнан астам түтін бір мезетте одан теріс айналып, жоқ болды» деп жазылады. Тахир өлген соң билік оның інісі Бұйдашқа бұйырды. Ол да тақта ұзақ отыра алған жоқ, 1534 жылы биліктен кетті. XVІ ғасырдың ортасында Қазақ елінде ішкі экономикаға, әлеуметтік, саяси факторларға байланысты қатты күйзеліс басталды. Мемлекеттегі дағдарыс халықаралық жағдайға бірден әсер етіп, қазақтың жеріне көз алартушылар көбейді. Қазақтар отырған жеріне әрең ие болатындай жағдай туды.

Қазақ хандығының сыртқы саяси тегеурінін қалпына келтіру жұмыстары XVІ ғасырдың екінші жартысында билік басына келген Хақназар ханнан басталады. Хақназар хан елде мемлекеттік басқару жүйесін, әскерді күшейтетін бірқатар ұтымды реформалар жасады. Осы тұста Қазақ хандығы Сырдария жағалауындағы шұрайлы жерлерді алуға қатты назар аударды. Сол маңдағы қалаларды алу үшін қазақтар шәйбанидтермен, одан кейін аштарханидтермен соғыс жүргізді. Қазақ хандары күшті көршілердің ортасында отырып екіжақты саясат жүргізудің арқасында ірі өңірлерді ұстап қалды. XVІ ғасырдың соңғы ширегінде Қазақ хандығы мен Шәйбанидтер арасында бітім жасалып, екі арада жан-жақты қатынастар орнады. Шәйбанид Абдаллах хан ІІ қазақтардан әскери, саяси көмек күтті. Ол осы күшті, әсіресе қарсыластары жайлаған аудандарда өзінің билігін жүргізуге пайдаланғысы келді. Қазақтар мен Бұхар хандығының бейбіт өмірлері 1579 жылға дейін созылды. Хақназар хантуралы 1580 жылдан кейін ешқандай дерек жоқ. Ал оның немере інісі Шығай ұзақ өмір сүрген екен, 80 жасында қайтыс болған. Бірақ ол туралы да деректер аз.

XVІ ғасырдың соңында қазақтар мен шәйбанидтер Дешті Қыпшақ даласын бөлісе алмай, бітіспес жауға айналды. Бұл қазақтар үшін өте қиын кез еді. Бұл тұста орыстар Сібірге қарай жылжып, батыста Волганың бойымен Астраханьға дейін жеткен. Ондағы көшпенді ноғайлардың (маңғыт) бері ығысуы, башқұрттардың оңтүстікке бет бұруы, ойраттардың шығыстан батысқа ойысуы, оңтүстіктегі шаатайлық моңғол хандарының қысым көрсетуі, шәйбаниттердің Түркістанды жайлап алуы тағы басқа жағдайлар жиналып, қазақтарды Жетісу өңіріне көшуге мәжбүрледі.

XVІІ ғасырдың бірінші жартысында қазақ сұлтандарының арасынан бір-біріне алакөз бірнеше топтар шықты. Оларға 1598 жылы ресми түрде хан атағын алған, Түркістанды басқарған Есім хан, Тұрсын, Абулай, Заде хандар басшылық жасады. 1613 жылы Имамқұлы хан қазақ сұлтаны Тұрсынды Ташкенттің әміршісі етіп тағайындады. Бірақ артынан Тұрсын хан Аштарханидтердің тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып, өзінің ақшасын айналымға шығарды, сөйтіп баж салығын, жер салығын өзінде қалдырды. Осындай жағдайдан кейін Тұрсын сұлтан Есім ханмен бірге өздеріне қарасты қазақ және қырғыз ұлыстарын ертіп Қырғызстан асуға мәжбүр болды. XVІ — XVІІ ғасырлардың оқиғаларын баяндайтын тарихи деректер қазақ пен қырғыз арасында одақтық қатынастар болғанын көрсетеді. XVІІ ғасырдың басында қазақтар мен қырғыздар бірлесіп Аштарханидтердің саяси ісіне араласады. 1661 жылы олардың бірлескен әскерлері мен Аштарханидтер арасында ірі шайқас болған.

XVІІ ғасырдың басында қазақ хандары Моголстанның шағатаидтарымен одақ құрады: Тұрсын – Жәркент және Қашқардың ханы Абд ал-Ләтифпен (Апақ), Есім – Чалыш және Тұрфан әміршісі Абд ар-Рахим ханмен одақ болады. Тіпті, Есім хан, қазақ хандарының барлығына танымал емес кезде, Абд ар-Рахим ханның қарамағына барып, солар жағында соғысқан, деген дерек бар. Артына «Есім ханның Ескі жолы» деген заң қағидаларын қалдырған Есім хан Түркістандағы Қожа Ахмет Йассауи мешітінің жанына жерленген. Есім хан кеткеннен кейін қазақ хандарының арасында тағы да алауыздық етек алды.

XVІІ ғасырдың 30-шы жылдарында Оңтүстік және Батыс Сібірдегі геосаяси жағдай өзгеріп, 1635 жылы Ертіс өзенінің жағасында Жоңғар хандығы деген мемлекет орнады. Осы кезде Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы арасындағы ұзақ жылға созылған жер үшін қырғын соғыс басталды. Үнемі жаугершілікте жүрген қазақтар үшін күші басым жоңғарлармен соғыс өте ауыр болды. Алғашында жоңғарлармен соғыста Есім ханның ұлы Жәңгір хан шығыс түркістандық Абдаллах ханның көмегіне сүйенді. Бірақ бұл біркүндік соғыс емес, бірнеше жылға созылды.

Қазақ-жоңғар соғысы екі елді Тәуке хан мен қонтайшы Цеван Рабдан басқарған жылдары қатты шиеленісті. Тәуке ханның кішігірім шайқастардағы жеңістері соғыстың жалпы бағытына айтарлықтай өзгерістер әкелмеді. Күші басым жау ұзаққа созылған қақтығыстардан қатары сиреген қазақтарға қатты қауіп төндірді. Бұл қауіп Қазақстан мен Ресейдің арасын жақындатты, артынша қазақ жүздерін Ресей империясының құрамына кіруге мәжбүрледі.