АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ ЮНЕСКО КӨЛЕМІНДЕ ТОЙЛАНДЫ

IMG_6770Өткен аптада ЮНЕСКО-да  халықаралық «Конкорд» академиясы мен  «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы мен халықаралық «Адам капиталы институтының» бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақ хандығына — 550 жыл» тақырыбында ғылыми-көпшілік конференция өтті. Париж қаласында өткен халықаралық шараға қазақстандық делегация, Францияда тұратын қазақтар қатысты. Ғылыми конференцияда қазақ тілінде жасалған баяндамалар синхронды түрде француз тіліне аударылып отырды. ЮНЕСКО жанында шығатын халықаралық «Конкорд» журналының бір саны түгелдей Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты осы конференция материалдарын жариялауға арналатын болды. Француз басылымдарының жазуына қарағанда жалпы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып ЮНЕСКО-да өткізілген конференция Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапарымен тұстас аса маңызды іс-шара ретінде аталып өтілді.

Конференцияны халықаралық «Конкорд» академиясының президенті Г.В.Томский мырза кіріспе сөзбен ашты. Қазақстанның Франциядағы елшілігінің жауапты қызметкері, елшіліктің ЮНЕСКО-дағы өкілі Сатыбалды Бұршақов бұл халықаралық конференцияның маңыздылығына тоқталды. Елшіліктің Париж қаласындағы консулы Ғабит Сыдықбеков Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы Өмірбек Бәйгелді мұндай іс-шаралардың  Қазақстанды танымал етуге көмектесетінін  айтты, деп әңгімелейді Франция астанасында өткен халықаралық ғылыми конференцияға барған делегацияның мүшесі, республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаев. 

Францияның Пальма сыйлығының иегері, ҚР Бейбітшілік пен келісім сыйлығының лауреаты, құрметті профессор Альберт Фишлер Қазақстанның халықаралық беделі өсіп келе жатқандығына тоқталып, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен әр үш жыл сайын Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының саммиті өтетіндігін үлгі аларлық оқиға ретінде атап өтті. Конференцияның негізгі жұмыс бөлігінде тарихшы-ғалым «Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омаров  «Қазақ өркениетінің дамуы мен қалыптасу тарихы», Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Кенже Торланбаева «Қазақ хандығының қалыптасу кезеңдері», «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының  президенті Хайролла Ғабжәлелов «Көне дәуірден бергі қазақ мемлекеттілігінің даму кезеңдері», халықаралық «Адам капиталы институтының» директоры Жанұзақ Әкім «Қазақтың этникалық тарихы» (40 томдығының) «Мәңгілік Ел» идеясын дамытудағы  рөлі», профессор  Григорий Томский «Еуропадағы ғұндар тарихы мен тәңіршілдік»,  республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы, профессор Марат Тоқашбаев «Қаңлы жазуы – Қазақ өркениетінің  дәлелі», Кенесары хан қорының директоры Мұхтархан Абаған «Қазақ хандығы  қазақ халқының ХV-ХVІ  ғасырларда қанат жайған ұлы мемлекеті», Ғабиден Жәкей «Жюль Верннің «Патшаның шабарманы» романындағы Кенесары хан образы», журналист-зерттеуші Ақмарал Еркінбаева «Қазақ хандығының құрылу кезеңдері» деген тақырыптарда  баяндамалар жасады.

   
Сондай-ақ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан облысы   мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Ақмарал Ибраева, осы оқу орнының оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Зылиха Бимақанова, «Тұран-Астана» университетінің доценті, тарих ғылымының кандидаты Зәуреш Қосымбаева ханымдар өздерінің ғылыми ізденістері туралы хабарламалар жасады. Француз тіліне аударылатын бұл баяндамалар Еуропа тұрғындарын қазақ халқының тарихынан, өркениетінен хабардар ететін болмақ.

image-10-11-15-03-40-6– Қазақ ата бабаларының құрған мемлекеттің санына келесі мемлекеттерді жатқызуға болады: Шумер мемлекеті (б.з.дейін V — I мыңжылдық; Тұран (б.з.дейін III -II мыңжылдық);  Хетгстер патшалығы (б.з.дейін   II мыңжылдық.); Массагет мемлекеті және де басқа сақ тайпалары мен одақтар (б.з.дейін VII — IV мыңжылдық.); Ежелгі хорезм патшалығы (б.з.дейін II соңы — 1 мыңжылдық);  Скиф патшалығы (б.з.дейін VII — II ғасыр, Парфян империясы (б.з.дейін 245  — 226 жылдар);  Ұлы Кушан  мемлекеті (б.з.дейін 130 ж., б.з. III ғ.)  Үйсін, қарлұқ және қаңлы мемлекеті  (б.з.дейін III ғ. – біздің заманымыздағы  III ғ); Ұлы Хунна империясы (б.з.дейін III ғ. –б.з. II ғ.) ; Аландар мен сарматтар мемлекеті  (б.з.дейін ІVғ. – б.з.  III ғ.) ; Афригид мемлекеті  (біздің заманымызға дейін IVғ. – б.з. VIII ғ.); Ұлы ғұн  империясы (б.з.IV ғ.–V ғ. ортасы); Ақ ғұн империясы (Эфталиттер, IV — VI ғ); Қазар қағанаты (VI – XIIIғ.). Мұнда айрықша айта кететін жәйт, Қазар мемелекеттің атауы, ал халқы өздерін қазақ деп атаған. Аварлар мемлекеті (V — VII ғғ.);  Түркі қағанаты және Қарақан мемлекеті  ақырындап Дешті қыпшақ, Найман, Керей, Арғын мемлекеттерін құрды. Найман және Керей мемлекеті орта ғасырдың біршама карта және атластарында көрсетіледі. Осы уақытта дейін қазақ ата-бабалары толықтай тәуелсіз болды. Біраз ғасыр Қазақстан халқы  монғол империясының құрамында болды. Бұдан әрі олар 1465 жылы Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрғанға дейін  Алтын Орданың, Тимур мемлекетінің және басқа хандықтардың толық құқылы  халқының құрамы болды. Дешті Қыпшақ мемлекетіне – еуропалықтар  Куман мемлекеті деп атаған  (ку- қаз, ман -адамдар), монғол хандығы кезінде Ұлы Жошы немесе қазір Алтын
Орда деп аталған мемлекетке 9 жылдан соң 800 жыл болады.  

Қазақтарда жазу болған, қағаз шығарып (Таразда), кітап жазған. Орта жүзді қалам берде дауға қой, деген сөз содан қалған шығар. Алғашқылардың бірі болып кітапхана ұйымдастыра бастаған, мысалы Отырар кітапханасы.  Осындай өркениеттің – Қазақ өркениетінің күшінің және рухының арқасында Қазақ хандығы құрылды! Негізгі идеясы, негізгі платформасы осы болды. Мемлекет құру оңай емес, оны халық қабылдайтын, әрі сенетін, жан-тәнімен қабылдайтын, сол үшін жанын пида ететін идея болу керек.  Міне сол идеяны тудырған Қазақ өркениеті болатын. Өркениеті жоқ халық мемлекет құра алмайды — бұл аксиома!, — деп Қайнар университетінің ректоры, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Еренғайып Омаров өзінің баяндамасында қазақтың түп қазығына дейін талдап берді.

         Конференцияның бірінші күні түстен кейін қазақстандық делегация түркі ұлттарының бірлігін көксеген қазақ қайраткері Мұстафа Шоқайдың тұрған үйінің жанында салынған мешітке барып құран оқыды. Екінші күні конференция Лә-шепп қаласындағы Аттиланың мұражайында жалғасты. Сол жерде халықаралық «Конкорд» академиясының президенті Григорий Томский мырза «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының  президенті Хайролла Ғабжәлеловті, халықаралық «Адам капиталы институтының» директоры Жанұзақ Әкімді және белгілі қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіні «Конкорд» академиясының медалімен марапаттады.

         – Үлкен ағаларымыз бастаған бір топ азаматтар Францияға барып, қазақ хандығының 550 жылдық  мерейтойының бір бөлігін сонда атап өттік, — дейді – делегация мүшелерінің бірі, самбо күресінен екі мәрте Азия және Әлем Кубогының чемпионы Ерлан Алшынбаев. –  Парижде өткен ғылыми жиында Қазақстанның біртуар азаматтарынан басқа да Францияның ғұламалары да болды. Бүгінгі таңдағы еліміздің өзекті мәселелерінің бірі Қазақстан Республикасы азаматтарының пат­риоттық рухын көтеру болып табылады. Елбасы Н.На­зарбаев жылдағы Жолдауында патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөледі. Бұл қазақ азаматтарына патриоттық тәрбие бе­рудің өзектілігіне, қоғамның рухани әлеуетін ны­ғайту қажеттілігіне негізделген. Бүгінде егемендікке қол жеткізген Қазақстанның алға қарай нық басып, экономикасының гүлденуіне үлес қосатын әр жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімі болуы қажет. Осы егемендік үшін біздің ата бабаларымыз қаншама шапқыншылықты бастан кешірген. Осыншама аумақты ұстап қалу үшін қазақ батырлары, тек білек күшіне сенбей, терең ойшыл әрі керемет дипломат болған. Осы бабаларымыздың еліне сіңірген еңбегін қазақтың әр азаматы шырт ұйқыдан ояна салып, жаңылмай айтып беруі тиіс. Бүгінде сол батыр бейнелерін сомдаған талай жырлар мен аңызға толы әңгімелер жазылуда. Солардың бәрін  ертеңгі өсіп келе жатқан әрбір бүлдіршініміздің құлағына құйып, түсіндіріп отыруымыз керек. Жалпы жаумен шайқас майданын батырлық мінездің көріну алаңы деуге болады. Батырлар тек жаугершілік заманда ғана болған сияқты көрінуі мүмкін. Патриоттық, отансүйгіштік сезім туралы айтқанда да, соғыста көрсеткен ерлігімізбен мақтанып жатамыз. Осы ретте әлемнің 54 елінің аралап 48 медаль олжалаған атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов бабамыздың батырлығынын ерекше атап кеткім келеді. Міне осы батыр бабаларымыздың жеңісі суреттелген шығармаларда ердің — ел бірлігі, көптің тілегі мен мүддесі үшін қызмет еткені ерекше аталып өтіледі. Байқағаным батырлықтың жалпы образы да уақыт табалына сай өзгеріпті. Қазіргі таңда батырлық өлшемді қалай түсінген жөн? Бүгінгі бейбіт өмірдегі өрлік пен ерліктің, азаматтық пен жоғары парасаттылықтың, жалпы, батырлықтың өлшемі қандай? Бүгінгінің батырлары ішімізде жүр. Мысалы отқа оранып жатқан үйге ойланбастан кіріп кішкентай сәбилерді құтқарған 19 жасар Ринат Өтеев немесе өз басын қатерге тігіп, 6 адамнан тұратын бір үйлі жанды жалындаған үйден алып шығып ажалдан арашалап қалған Сұлтан Мерекенов батыр емей немене?  Суға батып жатқан екі қызды құтқарған 13 жасар Никита Тюкин батыр емей немене? Жастарымыз осындай париоттардан тәрбие, өнеге алуы керек. Ол үшін жастарымыз ең алдымен өзінің тарихын, бабаларының ел қорғаудағы ерліктерін білуі тиіс, деп ойлаймын.