АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН .ҚОЛТЫРАУЫН КАСПИЙДІҢ ҚЫСЫНА ШЫДАЙ МА?

крокодил 1Каспийдің қазақстандық жағалауларында таяу жылдарда қолтырауын пайда болуы мүмкін. Бұдан біраз жыл бұрын Волга өзеніне жіберілген кішкентай аллигаторлар мен каймандар қазір өсіп, саны көбейіп жатыр. Ресейлік жануарларды қорғау ұйымдары Волганың жағалаулары қазіргі кезде қараусыз жүрген экзотикалық жануарларға толып кеткенін айтып, дабыл қағуда.

         Жер бетіндегі климаттың өзгеріп, жылына бастауы жануарларға да әсер етуде. Тропикалық ыстық жерлерде жүретін жабайы жануарлар бүгінде  субтропикалық аймақтарда өмір сүре алатын жағдайға жетіп қалды. Мысалы, ресейлік ғалымдар қолтырауынның жекелеген түрлерін Волга өзенінде өсіруге бейімдеп жатыр. Саратов қаласындағы жануарларды қорғау ұйымының төрайымы Людмила Бочкареваның мәлімдеуінше, Волганың суында қараусыз қалған аллигаторлар қаптап жүр екен. «Адамдар кішкентай қолтырауында ұстап алып біраз ойнаған соң Волга өзеніне жібере салады. Волгаға кеткен крокодилдерде есеп жоқ», дейді ол «Бизнес-Вектор» порталына берген сұхбатында.

         Ауа температурасы +20 градустан төмендесе қолтырауын «қалтырай» бастайды, сондықтан қысқы кезде бұларды жылы жерлерде ұстау керек. Егер тым көбейіп кеткен аллигаторларды түгелдей қамайтын жылы жер табылмаса, күн суыта бастаған кезде олар жылы жаққа қарай қаша бастайды. Ал, Волга бойында жүрген қолтырауындар үшін жылы жақ Каспий теңізінің қазақстандық жағалаулары.  Қолтырауын өте жақсы жүзеді. Зерттеулерге қарағанда, Ява аралының батысында 1100 шақырым жерде тұрған Кокос аралына дейін айдарлы крокодилдер жүзіп барады екен. Ал Каспийдің шығыс жағалаулары таяз болып келетіндіктен қыста суы жылырақ болады. Сондықтан ресейлік крокодилдер бері қарай ауса Қазақстанның суығына бейімделіп, тұрақтап қалуы әбден мүмкін. Каспийге қолтырауын келіпті деген кейбіреулерге күлкілі шығар. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жәйт бар: Қолтырауын Жер бетінде миллиондаған жыл бойы өмір сүріп келеді. Бұл – иммундық жүйесі өте жақсы дамыған, қандай жағдайға да тез бейімделетін жануар.

         Қазақстандық эколог Алексей Гладков бұл мәселеге үстіртін қарауға болмайтынын айтады. «Қолтырауынды Волганың бойынан біраз жылдан бері кездестіруге болады. Әрине, бірде бір қолтырауын біздің қысқа шыдамайды. Бірақ ауа райы қолайлы болса бұл жануарлар өзінің үйреншікті өмір сүретін ортасы – өзендердің сағалары, батпақты жерлерге миграция жасаға мүмкіндіктері бар. Іс жүзінде Каспийдің қазақстандық жағалауларының барлығы осы өлшемдерге келеді: бұл жерлерде аллигаторлар мен каймандарға азық та, күннің көзі де, су жайылған батпақты аумақтар жеткілікті. Әзірге бұл рептилиялардың Каспий аймағының экожүйесіне бейімделіп кетеді деп қауіптенуге ерте, бірақ Жер бетінің климаты жыл сайын жылынып келеді. Оның үстіне айдарлы крокодилдер өте өміршеңдігімен ерекшеленеді және бұлар теңіздің тұзды суларын мекендейді» эколог.

Қазір жер бетінде үш тұқымдастыққа бөлінетін қолтырауынның 21 түрі бар екен. Крокодилдер – жойылып кеткен динозаврдың жақын туысы болып саналады, бұлар қазіргі құстардан 60 млн жыл бұрын өмір сүрген, ал Жер бетінде пайда болғанына 150 млн жыл болыпты. Қолтырауынның басқа жануарлардан көп ерекшеліктері бар: ол бір жыл бойы қоректенбей жата береді. Оның жүрегі планетадағы ең күрделі болып саналады, ал миы грек жаңғағының көлеміндей ғана екен. Айдарлы қолтырауын судан екі метрге дейін секіреді, ағашқа өрмелей алады. Өз өмірінде қолтырауын аузындағы 60 тісті жүз ретке дейін ауыстыратын көрінеді. Австралиялық қолтырауынның ұзындығы 5,5 метр, салмағы бір тоннаға дейін жетеді.