Коммуналдық саладағы монополистердің үстінен тұрғындар тарапынан тиісті құзырлы органдарға жиі шағым түседі. Осыған байланысты прокуратура органдары соңғы үш жылда коммуналдық қызмет саласындағы тарифтерді бекіту кезінде табиғи монополиялар туралы заңдардың қаншалықты сақталатынына, іс жүзінде қолданылуына тексеріс жүргізді.
Прокурорлық тексеріс барысында өкілетті органдардың қызметі, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді көрсететін субъектілер қамтылды. Жүргізілген тексеріс шараларының қорытындысы бойынша белгіленген тәртіп бойынша тарифтерді нақтылап бекітпестен жұмыс істеген екі жүзге жуық халыққа қызмет көрсету кәсіпорындарының заңсыз әрекеттері анықталды.
Мысалы, Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетіген ауылында 950 абонентке қызмет көрсететін «Жетіген» кәсіпорын сумен жабдықтау және су тарту қызметтерін халыққа ұсынып, осы бағытта барлық жұмыс түрлерін жүзеге асырады. Алайда, бұл жеке кәсіпорын жергілікті Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі бөлімінде тіркелмеген болып шықты. Осылайша әлгі кәсіпорын бекітілмеген тарифтермен жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсету барысында табиғи монополиялар туралы заңнаманың талаптарын бұзып отыр.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, дәл осындай құзырлы органға тіркелмей жұмыс істеп жүрген субъектілерге қатысты Алматыда — 20, Батыс Қазақстанда – 20, Ақтөбеде – 3, Қарағандыда — 2, Шығыс Қазақстанда – 1, облыстарында және көлік саласында – 146 факті анықталыпты.
Тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелердің орындалуын тексеру кезінде 40-қа жуық субъектілердің 3 млрд теңгеден астам сомаға коммуналдық қызметтерге тарифтерді негізсіз көтеріп жіберу бойынша заң бұзушылықтар анықталған. Осылайша, Алматы облысындағы «Таусамалы» коммуналдық кәсіпорны сумен қамтамасыз ету бойынша аса жоғарылатып қойылған тарифтермен қызметтер көрсеткен. Тек екі айдың ішінде кәсіпорын 1,8 млн теңге көлемінде халықтан заңсыз ақша алып, пайда тапқан екен. Прокуратураның актісі бойынша өтемдік тариф орнатылды. Сондай-ақ, Қарағанды облысының Кеңгір ауылын сумен жабдықтау қызметін жоғары бағамен жүргізіп, заңды бұзу арқылы 27,2 млн теңге сома көлемінде пайда тапқан «Қалалық автожолдарды басқару» ҚМК-нің тарифін қайта қарау туралы мәселе қойылды.
Жалпы, 1 млн тұтынушының тарифін қайта есептеу және шығынын қайтару, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері мен доминанттарды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы талаптарымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне анықталған заң бұзушылықтар жөнінде ұсыныс енгізілді.
Осындай жұмыстармен қатар прокуратура органдары азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды жүргізіп жатыр. 2015 жылдың 8 айында прокуратура органдары еңбек жалақыларын уақтылы төлеу мәселелері бойынша тексеріс жүргізу барысында 11 мыңнан астам заңдылықты бұзушылықтарды анықталды, осының нәтижесінде мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың атына 451 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді (291 ұйғарым, 127 ұсыныс, 3 наразылық, 7 заң түсіндіру, 23 ескерту), деп мәлімдеді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қадағалау актілерін қарау нәтижелері бойынша 66,4 мың адамның конституциялық құқықтары қорғалған, тәртіптік жауапкершілікке 30, әкімшілік жауапкершілікке 88 тұлға тартылды, жұмыс берушілерден 5,1 млрд-тан астам теңге өндіріліпті.
Мысалы, биылғы қыркүйек айында Ақтөбе облысының прокуратурасы мониторинг жүргізу барысында «Автопарк» ЖШС-нің жалақы бойынша қарызы бар екенін анықтаған. Ақтөбе қаласы прокуратурасының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы кәсіпорын қызметіне тексеріс жүргізіп, соның нәтижесінде «Автопарк» ЖШС-нің 997 қызметкеріне осы жылдың тамыз айы үшін жалпы сомасы 50 млн теңге көлемінде еңбек жалақылары төленбегені расталды. Осы факт бойынша прокуратура органдары кәсіпорын директорының атына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұйғарым енгізді. Прокурорлық қадағалау актісін орындау нәтижесімен осы кәсіпорын қызметкерлерінің алдындағы еңбек жалақылары бойынша берешек толық көлемде өтелді.
Осы бағыттағы өңірлік прокуратуралардың жұмысы Бас прокуратураның тұрақты бақылауында тұр.