Қазақстанда экотуризмді дамыту бағытындағы шараларды жақсарту үшін және ұзақмерзімді пайдалануға берілетін жер телімдері бойынша өткізілетін конкурсты айқындау үшін қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Қазіргі кезде ұлттық парктердің тендерлік құжаттар бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісу ережелері өзгертілуде. Сондай-ақ, бұдан былай тендерлік комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым мүшелері кіргізілетін болды.
Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) жер телімдерін ұзақ және қысқа мерзімді пайдалануға бекітіп беру жұмысы 2007 жылы ЕҚТА туралы жаңа заңға және оған қатысты нормативтік актілер қабылданғаннан кейін басталды. 2007-2009 жылдары барлық ұлттық парктер мен мемлекеттік резерваттарды туризм инфрақұрылымын дамытудың бас жоспары жасалды. Бас жоспарлар байқау негізінде мамандандырылған мекемелерде жасалып, сонымен қатар, барлық ұлттық парктер мен табиғи резерваттарда туристік және рекреациялық қызметтегі жерлер бөлініп территориялық аймақтандыру жүргізілді. Бас жоспар бойынша экожүйеге залал келтірмейтіндей етіп жеке және заңды тұлғаларға конкурс негізінде ұзақ мерзімді пайдалануға арналған жер телімдері анықталды. Әзірленген бас жоспарлар мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бекітілді. Бас жоспарда құрылыс нысандарына қойылатын талаптар бойынша көп қабатты құрылыстардың қамтылуы, табиғи ландшафтардан жасалған құрылыс материалдарын пайдалану, сондай-ақ, рекреациялық жүктеме нормалары анықталды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жер телімдерін пайдалануға беру жаңалық емес. Бұл жағдай 2007 жылы қолға алынған болатын. Тендр нәтижесі бойынша, ұлттық парктер 2008 жылдан 2015 жылға дейін ұзақ мерзімді пайдалануға жалпы аумағы 9 684.51 га, 218 жер телімін, қысқа мерзімді пайдалануға жалпы аумағы 217,11 га 114 жер телімін пайдалануға берілген екен. Қазіргі кезде жер телімдерін пайдаланушыларға қойылатын талап күшейтілмек. Енді мақсатта әрбір пайдаланушы ұлттық парктерде рекреациялық ресурстарды, келушілерді тарту жолымен туризмді дамытуға, өз жобаларын салу кезде экологиялық талаптарды сақтауға (бұрын кездескен жағдайлар сияқты жекежай салып алмауға, керісінше қонақтар мен туристерге арналға инфрақұрылымды дамытуға) міндетті.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциялары табиғат пайдаланушылардың іс-әрекеттерін жіті бақылауға ала отырып, табиғат қорғау заңнамасының заң бұзушылықтары анықталған жағдайда олар әкімшілік және басқа да жауапкершілікке тартылатынын айтып отыр. Бұл қойылған талаптарды орындай алмай жүргендер де баршылық екен. Келісімшарт міндеттемелерін орындамаған және заңға қайшы әркеттер мен санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін ұзақ мерзімді пайдалануға арналған 36 және қысқа мерзімді пайдалануға берілген 44 келісімшарт бұзылған. Дегенмен, Қазақстанның фаунасы мен флорасын сақтап қалу үшін ұлттық парктер мен табиғи қорықтарға әлі де жағдай жасап, қамқорлыққа алу керек.
– Болжам бойынша енді 100 жылдан кейін планетамыздағы фаунаның жартысы жойылып кетеді, — дейді шығысқазақстандық орнитолог Борис Щербаков, — біздің облысты құрлығымыздың шағын формасы деп атайды, мұнда – шөл, шөлейт далалар, орман, өзен, көлдердің барлығы бар. Бірақ бұл бос құрлық. Мұнда мекендейтін құстарың 350-360 түрінің жартысы қазір тқымы жойылып бара жатқан немесе сирек кездесетін құстарға жатады. Бір кездерде құстардың сайраған үнінен құлақ тұнатын өлкеде бүгін тып-тыныш. Көптеген құстарды мен көрмегелі он шақты жыл болды! Ертеректе Қара Ертістің жағалауында жүздеген мың үйрек жұмыртқалайтын, ал қазір 250-300 үйрек болса жақсы, олар да құрып барады. Соңғы 10-15 жылдың ішінде қыранның популяциясы 90 пайызға азайды.
Қазақстан Ауғанстанға, Иран, Ирак, Пәкістанға ұшатын миграциялық құстардың транзиттік аумағы болып саналады. Бұл елдерде құс етін өндіретін зауыттар бұдан ондаған жыл бұрын салынған. Оларда құс ұстау үшін арнайы жасалған үлкен торлар бар. Көктемде миграциялық құстардың 20 пайызы ғана бізге қайтып оралатын көрінеді. Ал мұнда келгенде оларды аңшылар қарсы алады. Борис Щербаков өңірлік Қызыл кітап енгізу мәселесін бұдан үш жыл бұрын көтерген, бірақ әлі күнге дейін созылып келеді. Облыстық прокуратурадағылардың айтуынша, аңшылық шаруашылықтардағы жұмыстың нашарлығынан аң-құстардың саны жыл сайын мыңдап азайып барады. Қадағалау органының соңғы тексерулері бойынша, соңғы жылдары құндыздың саны 10 мыңға, қоян – 7 мыңға, түлкі – 2 мыңға азайыпты, бұғы, құну, қырғи, бүркіт, аққу, дуадақтардың жойылып бара жатқаны анықталған. Бұл аңшылардың ісі. Мысалы, Глубокое ауданында 400 үйректі атуға квота берілген, бірақ аңшы шаруашылықтары мың үйрекке рұқсат берген. Осындай жомарттықты облыс бойынша 17 шаруашылық жасапты.
– Бұл табиғат байлығы бізге ата-бабаларымыздан қалған, – дейді облыс прокуроры Бағбан тайымбетов. – оны біз қалай пайдаланып жатырмыз? Табиғатқа кім болса сол – аңшы да, балықшы да қол салып, жойып жатыр. Аңшылық шаруашылықтары ақша жинап алады, бірақ өз міндеттерін орындамайды…
Түркіменстан, Өзбекстанда қыстаған қалың киік жылда көктемде Қазақстанға оралады. Олардың жартысы сол жақтағы аңшылардың қарауылына ілінеді. Мамырдың 18-20 аралықтарында Бетпақдаланың жазығында мыңдаған киіктер төлдейді. Осы кезді қазақтар «Құралайдың суығы» деп атаған. Сол суықтан аяқтанып, жетілетін мыңдаған құралайдың келесі жылға дейін өмір сүру-сүрмеуі белгісіз. Белгісіз аурудан жылда мыңдаған киік осы ұлы жазықта қырылып қалады. Осындай миграциялық жануарлардың санын көбейту үшін Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экотуризмді дамыту қажет. Экологиялық туризмді дамыту үшін биыл 12 ұлттық парк пен 1 табиғи орман резерватында 50 жер телімдері байқауға шығарылмақшы. Ұлттық парктерде қысқа мерзімді пайдалануға берілетін жер телімдері үшін туристік сүрлеулер мен маршруттар, дем алу алаңдарының тұрақтары, шатырлы лагерьлер, жағажайлар мен қарау алаңдары бойынша бес жыл мерзімге берілмек. Жеке және заңды тұлғалар үшін ұлттық парктерде қысқа мерзімді пайдалануға жер телімдерін алу үшін: жеке және заңды тұлғаның деректемелері, жер телімінің орналасқан жері мен алаңы, пайдалану мақсаты мен мерзімі көрсетілген өтініш; заңды тұлғалар үшін — мемлекеттік заңды тұлға ретінде тіркелгендігі туралы куәліктің көшірмесі немесе анықтама, жеке тұлғалар үшін — жеке басын куәландыратын құжат, жеке кәсіпкерді тіркеу туралы куәлігі қажет. Ұлттық парктерге келіп түскен өтініштер 15 жұмыс күні ішінде қаралады.