АЛТЫНОРДА
Новости

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ ҚАРҚЫНЫ ҚАТТЫ

84fcd06e28ff5e20113b656d894_393408088Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, браконьерлікті, биологиялық ресурс объектілерінің заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында 5-25 қазан аралығында облыс көлемінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге, экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған «Браконьер» өңірлік жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Облыстық ішкі істер департаментімен аталған іс-шараға арнайы жоспар әзірленіп, оны орындау үшін қалалық ішкі істер басқармасы мен аудандық ішкі істер бөліміне жолданды. Сонымен қатар, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасына әкімшілік полиция басқармасы, криминалды полиция, тергеу және анықтау бөліністерінің қызметкерлері жұмылдырылып, тиісті күштері мен құралдары тартылды. Осыған орай, аңшылардың жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және  аң аулау қағидаларын бұзған жағдайда оларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде немесе Қылмыстық кодексінде көзделген баптармен тиісті шаралар көрілетіндігі ескертіледі.

Айта кетерлік жайт, биылғы жылдың 9 айында Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының табиғатты қорғау полициясы құрылымдарымен экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Осы мерзімде облыс көлемінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзу дерегі  бойынша барлығы — 91 қылмыс фактісі анықталған. Оның ішінде, балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу (ҚР ҚК 335-бабы) дерегі бойынша – 2, заңсыз аңшылық (ҚР ҚК 337-бабы) дерегі бойынша – 21, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз айналысу (ҚР ҚК 339-бабы) дерегі бойынша – 31, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау (ҚР ҚК 340-бабы) дерегі бойынша – 30 заң бұзушылықтар орын алған.

Сонымен қатар қазіргі кезде Қызылорда облысы аумағында «Қару» жедел-профилактикалық шарасы жүргізілуде. «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына және ҚР Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, азаматтық және қызметтік қару иелеріне қару мен оның патрондарының сақталуына бақылау жасау мақсатында облыс аумағында биылғы жылдың  05-14 қазан және 19-28 қазан аралығында «Қару» жедел профилактикалық іс-шара өткізілуде. Жедел-профилактикалық шарасы барысында үй-жайлардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келу жағдайы, тиісті құжаттары мен сәйкестік сертификаттарының болу талаптары тексеріледі. 

«Қару» жедел профилактикалық іс-шараның І кезеңі қазан айының 05-14 күндері аралығында өтті. Онда қызметтік қаруды пайдаланатын облыс әкімдіктеріне қарасты орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелерінің, Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің аумақтық бөліністерінің, аңшылық балық аулау шаруашылықтарының қауіпсіздік талаптары тексерілген болатын. Ал 19-28 қазан аралығында жүргізілетін ІІ кезеңде қызметтік және спорттық қаруды пайдаланатын банк инкассациялары, «Қазпочта» АҚ, спорт мектептері, қауымдастықтарды, клубтарды, федерацияларды тексереді. Іс-шара барысында пайдалануға тыйым салынған ойық қарулардың бар-жоғы тексеріледі. Сонымен қатар, анықталған заң бұзушылақтардың барлық фактілері бойынша қаруды ала отырып, заңнамаға сәйкес заң бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданады.

Қызылорда облысы аумағында құқық қорғау органдары бұрын болмаған «Кортеж» деген тағы бір шараны басталды. Бұл шара той кездеріндегі тәртіптің сақталуына бағытталған. Оның мақсаты – той салтанатының автошеруіне қатысушылармен орын алатын жол апаттарының алдын алу, жол қозғалысы қатысушыларына тудыратын қауіптілікті болдырмау, көшелерде кептеліс жасап, дыбыс сигналын бей-берекет басу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін  анықтау. Бұл рейд жыл соңына дейін жалғасатын болады.

«Кортеж» рейдтік іс-шарасына Қызылорда ҚІІБ жол-патрульді полиция батальоны қызметкерлері жұмылдырылған. Расында, әсіресе үйлену тойлары кезінде көлік жүргізушілер жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіретіндей апатты жағдайлар жасайды. Рейдтің екі күні ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзған автошеруге қатысушы 23 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салыныпты.

Осындай тәртіп бұзушылықтармен күресіп жүрген полиция қызметкерлерінің өздері де кейде жәбір көреді. Қызылордада полиция қызметкеріне қатысты күш қолдану фактілері азаймай келеді, деп хабарлайды облыстық департаменттен. Осы жылдың 9 айында полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың заңды талабына бағынбау, қарсылық көрсету және күш қолдану бойынша 16 факті тіркелді. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, сотқа жіберіліпті.

Мәселен, ағымдағы жылдың 08 наурызында кешкі сағат 20.00 шамасында қала орталығындағы кафелердің бірінде қонақтардың еркін демалуына кедергі келтіріп, жайсыз жағдай туғызып жатқандығы жайлы кезекші бөлімге хабарлама келіп түседі. Хабарлама негізінде оқиға орнына жедел түрде қалалық ішкі істер басқармасының жол-патрульді полиция батальоны жіберілді. Алайда 1989 жылы туылған қала тұрғыны полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, экипаж құрамындағы взвод инспекторы, қатардағы полицейге қатысты күш қолданып, мұрын тұсынан соққы жасаған. Полиция қызметкері Облыстық медициналық орталығына қаралып, оған «мұрын сүйегінің сынығы» деген диагноз қойылған. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 1-бөлігі, яғни билік өкiлiнiң өз лауазымдық мiндеттерiн атқару кезінде өмiрiне немесе денсаулығына қауiпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сезікті азаматқа қатысты шартты түрде 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.

Дәл осындай дерек 5 сәуірінде де болған. Полиция қызметінің «102» арнасына С.Лапин көшесінде автокөліктер жиналып, түнгі тыныштықты бұзуда деген хабарлама келіп түседі. Хабарлама бойынша түнгі «Боран-5» экипажы оқиға орнына жіберіледі. Алайда белгісіз азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, бос шөлмектер, тастар лақтырып, «УАЗ» қызметтік автокөлігінің бет әйнегін сындырған.  Оқиға орнынан 1992 жылы туылған 3 азамат, 1993 және 1994 жылы туылған 2 азамат ұсталып, Қалалық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 18 сәуірінде түнгі сағат 01.00 шамасында КБИ мөлтек ауданына жауапты учаскелік полиция инспекторы жедел жәрдем дәрігерінің хабарламасы бойынша осы аумақта орналасқан бір үйге барады. Аталған үй тұрғыны 1980 жылы туылған қала тұрғыны полиция қызметкерінің талаптарына бағынбай, жерде жатқан ағашпен басынан ұрып, дене жарақатын салады. Полиция қызметкері қалалық ауруханаға қаралып, оған «бас сүйегінің жарақаты» деген диагноз қойылады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы, 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, заңды үкім шығару үшін сотқа жолданды.