АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Құралайдың суығы

EAA63A4B-2E77-4BC3-A6BA-8278F08642BD_w987_sАрқаның кең жазығы Бетпақдаланы мекендейтін киелі түз жануары – киіктер қазіргі кезде жаппай төлдеп жатыр.

Мамыр айының 18-20 күндері Қазақстан жерінде жыл сайын қайталанатын суық циклон өтеді. Үйірімен жүретін мыңдаған киіктер бұл кезде бытырап, жалқы кетіп төлдейді. Жаңа туған құралайдың шаранасы жауынның суымен шайылады, немесе қатты соққан желден жарылады. Бұл күндері міндетті түрде қатты суық жел тұрады немесе жауын-шашын болады. Арқаның жұрты «Құралайдың суығы» өтпей күн жылынбайды деп, қыстық киімдерін шешпей отыратын кез осы. Бұл күндері аяқтары тұсалған киіктерді жыртқыш ит-құстан, безбүйрек браконьерлерден қорғау үшін табиғат қорғау органдардың құзырлы қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына қарамастан дала кезіп кетеді.

Мамонттардың өмір сүрген заманынан бері талай рет жаппай қырылып, талай қалпына келген киіктер 1920 және 2003 жылдар аралығында  шектен тыс аңшылықтың салдарынан  тұқымы жойылып кете жаздаған. (Кейбір деректерге қарағанда, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында киік саны 2 млнға жеткен көрінеді). Ал 2003 жылғы санаққа қарасақ олардың саны 21 мың басқа азайған екен. 2014 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 300 мыңнан астам киік болған, оның 120 мыңы былтыр қырылып қалды, демек қазіргі кезде Батпақдалада 180 мың бас жүруі тиіс.

Сәуір айының ортасынан бастап Ауыл шаруашылық министрлігі, Қазақстан биоалуандығын сақтау қауымдастығы және «Казавиаспас» АҚ бірлесіп киіктердің Бетпақдала, Орал және Үстірт популяцияларына есеп жүргізуге кірісті. Әдетте, күзде Түркіменстан, Өзбекстан жеріне өтіп кетіп, сол жақта қыстайтын қалың киік көктемде бері қайтқанда қатары едәуір сиреп келеді. Киіктерді қорғау жұмыстарын күшейту үшін олардың миграциялық санын білу маңызды. Бұл жұмыстарды киіктер төлдейтін аумақтарда Ырғыз-Торғай және «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваттардың инспекторлары жүргізді. Жақында олар биылғы жылы түз тағыларының басы қанша мыңға көбейгенін айтады.

Орал өңіріндегі киіктерді қорғау үшін «Охотзоопром» мекемесінің Орал қаласында филиалы құрылды. Бетпақдаладағы ақбөкендер үйірлерін қорғауды Ақтөбе және Астана қалаларында орналасқан Батыс және Орталық филиалдар жүзеге асырады. Сонымен қатар, браконьерлікпен күресті күшейту үшін «Охотзоопром» базасында жол талғамайтын көліктермен жабдықталған тәжірибелі мамандардан жасақталған 6 арнайы жылжымалы топтар құрылды. Бұл топтар күн демей, түн демей рейдтерге шығып, браконьерлердің жолын кеседі. Алдыңғы жылы рейдтік шаралар барысында заңсыз киік атқан, мүйіз сатқан 79 факт ашылса, былтыр осындай 107 факт тіркелген.

Бірақ бүгінгі күні киік санын өсірмей жатқан браконьерлер емес, басқа бір төтенше жағдай болып отыр. Браконьерлікпен күрес шаралары күшейтілген соң соңғы жылдары саны тұрақталып, өсімі жақсара бастаған еді, соңғы жылдары киіктер белгісіз себеппен тағы қырылып жатыр. Қазақ киелі санайтын түз жануары жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі бар. Киіктерді сақтау альянсының деректері бойынша, қазіргі кезде Орталық Азияда барлығы 260 мыңға жуық киік қалыпты, олардың 200 мыңға жуығы Қазақстанның батыс және орталық өңірлерін мекендейді. Былтырғы 120 мың жануардың қырылуы осы кезге дейінгі тіркелген ең үлкен шығын болып саналады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктерді қорғауға қаншама қаржы, күш салып жатқанымен олардың былтырғыдай белгісіз індеттен жаппай қырылып қалмауына ешкім кепілдік бере алмайды. Өткен айдың 5-6 күні киіктерді қорғау мәселесі бойынша Ұлыбритания, Германияның сарапшылары, Қазақстан табиғат қорғау, ғылыми, кедендік ұйымдардың қатысуымен Астанада халықаралық жиын өтті. Онда өткен жылғы Батпақдаладағы киіктердің жаппай қырылуын халықаралық және қазақстандық арнайы институттардың зерттеулерінің нәтижелері талқыланды.  Қазіргі кезде киіктердің алдағы уақытта тағы да жаппай қырылуы қайталанбауы үшін ғылыми ұйымдар пастереллездің тарауына не себеп болғанын және індеттің алдын алу шараларын қарастыруда. Алайда, киіктердің неден қырылғанын әлі ешкім нақты айтқан жоқ. Демек, бүгін, ертең дүниеге келіп жатқан мыңдаған құралайлардың ертеңі қалай болары, келесі жылға дейін өмір сүру-сүрмеуі белгісіз.