АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Мүгедек балалардың құқығы қорғалды

673489_1401361701і, солардың ішінде 74 мыңын мүгедек балалар құрайды. Қазақстан Үкіметінің  2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында ақыл-ойы қалыпты дамитын балалармен қатар мүмкіндігі шектеулі балалардың да сапалы білім алуы білім саласы мамандарына міндеттелген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту  және тәрбиелеу білім беру жүйесіне жүктелсе, олардың құқықтары бұзылмауын прокуратура органдары қадағалайды.  

Өкінішке орай, республикамызда мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарына шектеу келтіретіндер де табылып жатады. Прокуратура органдары осы санатқа жататын балалардың құқықтарын қорғауды тұрақты негізде тексеріп отырады. Осы жылдың үшінші тоқсанында прокурорлық тексеру шаралары барысында денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, көмек және білім беру салаларында мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары бұзылғандығы бойынша бірқатар фактілер анықтады.

Атап айтқанда, тексеріс барысында осы санатқа жататын балаларға қатысты, оның ішінде ата-анасы тарапынан да, зорлық-зомбылық пен қатыгездік көрсету фактілері анықталды. Мысалы, Қостанай облысында 2009 жылы туылған мүгедек баланың хал-ахуалы мүшкіл екендігі анықталды. Оған жалғызбасты анасы дұрыс қарамаған, тиісті күтім көрмеген бала қатты азып кеткен, үнемі төсек тартып жататын болған.  Ұзақ уақыт бойы балаға ешкім қарамаған, ал шешесі болса қоғамға жат, теріс қылықтар жасап, өзін бетінше өмір сүрді, сол үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қысқасы, бала тәрбиесімен мүлде айналыспаған.

Тек прокуратура қызметкерлері араласқаннан кейін ғана Қарабалық ауданы әкімдігі білім беру бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы «баланың денсаулығына, өміріне қауіп төнген» деген шешім шығарып, мүгедек баланы ауруханаға жатқызды. Қазіргі уақытта баланың анасына қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi кәмелетке толмаған адамға қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы) қарастырылған қылмыстық іс жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар прокуратураның ұсынуы бойынша баланың анасын ата-ана құқығынан айыру жөнінде шаралар қолданылуда. Қарабалық ауданы әкімдігідегі Білім беру бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы кінәлі адамдарды жауапқа тарту туралы ұсыныс жасады.

444(12)Прокуратура оргнадарының тексерулері барысында 1600-ден астам мүгедек баланың әлеуметтік және оңалту көмегін алуға құқықтарына шек қойылғаны жөніндегі фактілер анықталды. Заң жағынан алғанда мұндай жағдайлар мүмкіндігі шектеулі балалардың толық құқықты қазақстандық азамат ретінде қалыптасып, қоғамнан өз орынын алуға кедергі жасайды екен.

Мысалы, Қостанай облысындағы прокурорлық тексерулер барысында 290 мүгедек бала кресло-арбалармен және протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілмеген, 21 балаға көп функционалды сигналдық жүйелер, құлақтарында мүкісі бар мен нашар еститіндерге арналған қосымша құралдар берілмеген. Маңғыстау облысында арнайы қозғалыс құралдары, протездік-ортопедиялық аяқ-киім, гигиеналық құралдар және тағы басқа құралдар тиесілі 98 мүгедек баланың құқығы бұзылған. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратураның тексеру нәтижесінде 947 мүмкіндігі шектеулі баланың гигиеналық құралдарды толық көлемде алмағандығы анықталып, олардың құқықтары қорғалды.

       Бас прокуратураның мәлімдеуінше, мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарына қатысты осындай заң бұзушылықтар Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында да анықталған екен. Прокуратура органдарының ықпал ету актілері бойынша 1 235 мүгедек баланың құқығы қорғалды. Мүгедек балаларға бюджеттен бөлінген қаржыға қол салатындар да бар екен. Мүгедек балаларды тамақтандыруға және күтуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлау бойынша Бс прокуратура бірнеше фактілерді келтіреді. Сөйтіп, Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедек балаларға арналған күндізгі уақытта емдеу орталығының директоры мен бас есепшісі осы орталықтың қоймасында сақталуы тиіс 546 105 теңге сомасындағы азық-түлікті негізсіз есептен шығарған. Қазіргі кезде осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай басқаларға сабақ болатындай фактілер жеткілікті. Олардың алды қылмыстары сотта дәлелденіп, қылмыстық жазаға тартылып жатыр. Мәселен, Шымкент қаласының мамандандырылған бөбектер үйінде 3,9 млн теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлау (азық-түліктер, шаруашылық керек-жарақтар, тәрбиеленушілерге арналған киімдер) анықталып, сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша бөбектер үйі қоймасының меңгерушісі К.Саққұлиева 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, прокуратура органдары балалардың денсаулық сақтау және тиісті медициналық көмек алуға құқықтарын бұзған көптеген фактілер анықтады. Батыс Қазақстан облысында Күшім балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі 90 мүгедек баланың жартысынан көбіне 2 жылдан бері медициналық көмек көрсетілмеген. Қызылорда қаласындағы №1 қалалық емханасында диспансерлік есепте тұрған мүмкіндігі шектеулі 114 баланың ішінде 40 пайызына дәрігерлердің жетіспеушілігі салдарынан тиісті медициналық қызмет көрсетілмепті. Атырау облысында 113 мүгедек бала сәйкес медициналық тексерумен, дәрі-дәрмекпен және медициналық оңалту жұмыстарымен қамтамасыз етілмеген. Осындай заң бұзушылықтар Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да анықталды.

balaПрокурорлық қадағалау актілері бойынша, республикада 93 мүгедек баланың денсаулығын сақтау құқығы қалпына келтіріліпті, ал 800-ден астам баланың тиісті білім алу құқықтарына шектеу қойылған фактілер анықталған.  Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде жеке оқытудың  сапасы өте нашар, қойылатын талаптарға сәйкес емес немесе мүлде өткізілмейді екен.  Бұған да келтірілетін мысалдар көп. Алматы облысында 21 балаға қажетті үйде оқыту жұмыстары мүлде жүргізілмеген. Ал оқытушыларға осы балаларды оқытқаны үшін деп 300 мың теңгеден астам қаражат төленген көрінеді. Дәл осындай құқық бұзушылықтар Атырау,  Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орын алған. Бұл облыстардағы мұғалімдер 184 мүгедек баланы «оқытқаны» үшін жалақы алып отырған. Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша бұл заң бұзушылықтар жойылды.

        Сонымен қатар тексеріс барысында 7 мүгедек студенттің тегін білім алу құқықтары қалпына келтірілді. Қарап отырсақ мүгедек балаларға бөлінетін қаражатты қымқырып, пайдаланып қалғысы келетіндер тіпті көп екен. Астана қаласында сау балаларды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақшаларда тәрбиелеу фактілері анықталды. Яғни, олардың балабақшадағы орындары сатылған. Осылайша, «Алтын бесік» көру қабілеті бұзылған балаларға арналған көру қабылетін түзету үлгісіндегі балабақшаға 51 сау бала, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған №64  «Алтын бөбек» балабақшасына 4 сау бала заңсыз қабылданған. Әрине, бұл балабақшаларға баратын балалардың ата-аналары балаларды күтуге арналған шығындарды төлеуден босатылған. Прокурорлық әрекет ету шараларымен бұзушылықтар жойылып, босаған орындарды арнайы білімге мұқтаж балалар алды.

        Басқа жақтарын былай қойғанда, кейбір арсыздар мүгедек балаларға берілетін әлеуметтік төлемақыға да қол салады екен. Кәмелетке толмаған балаларды арнайы төлемдермен қамтамасыз ету бөлігінде мынандай құқық бұзушылықтар анықталған: Қостанай облысында 15 жетім бала және мүгедек бала заңмен қарастырылған, олар пайдаланатын киім, жұмсақ жабдықтарды және төсек-орынды сатып алуға берілуі тиіс жалпы сомасы 1,6 млн тенге әлеуметтік төлемді алмаған болып шықты. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша әлеуметтік төлемдердің көрсетілген сомасы балалар мүддесіне қарай толық көлемде өндіріліп алынды. Атырау облысының Индер ауданында прокурорлық қадағалау актілері бойынша 33 мүгедек балаға толық көлемде 900 мың теңгеден артық сомада тиісті жәрдемақылар мен әлеуметтік көмек төленді. Осындай фактілер Маңғыстау және Алматы облыстарында да орын алған. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша барлығы 3,9 млн теңге сомасында жәрдемақылар мен әлеуметтік көмек төленді.

Тексеру нәтижелері бойынша прокуратура органдары жалпы алғанда 3 129 мүмкіндігі шектеулі баланың конституциялық құқықтарын қорғапты, ал олардың конституциялық құқықтарын бұзған 706 адам әртүрлі жауапкершілікке  тартылған екен, соның ішінде 11 қылмыстық іс қозғалған, араларында сотталғандар да бар. Сонымен қатар, Қазақстан Респуликасының Үкіметіне анықталған заң бұзушылықтарды, сондай-ақ оған мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныс енгізілді.

Қоғамдағы мүгедектердің жағдайы, олар бастан өткеріп жатқан қиындықтар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жүр.  Алайда, ересек мүгедектердің құқықтарын қорғауға байланысты проблемалар заңмен қаралып жатса, кемтар балалардың жағдайына тиісті деңгейде көп көңіл бөлінбейді. Бұл кемтар балалардың басындағы қиындықтарды өскен сайын еселеп жібереді. Ал ол қиындықтар жеткілікті – ол психологиялық бейімдеу мен қоғамға кіріктіру мәселелері, олардың тұлға ретінде қоғамға қажетсіз болып қалуы және тағысын тағылар. Бұл ең алдымен баланың адамзаттық ар-ожданын кемсітетін, оның толыққұқықты қазақстандық азамат болып қалыптасуына, дамуына кедергі келтіретін, кемсітетін элементтер болып табылады. Прокуратура органдары бұл жағын да қатаң бақылауға алып отыр.