АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. МҰНАЙ ТАРИХЫ КӨРМЕГЕ ШЫҒАРЫЛДЫ

cd6c601d172ea1717e5ba3fea7b32d86-bigҚазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында «Қазақстанның мұнайы және газы» атты тарихи-құжаттық көрме және дөңгелек үстел өткізілді. «Қазақстанның мұнайы және газы» тарихи-құжаттық көрмесінде мұнай-газ саласының құрылу және даму тарихын айқындайтын, сирек көрсетілетін құжаттар көпшілік назарына алғаш рет ұсынылды. 1924 жылдан басталатын құжаттар – (№5-Н) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, (№708) Қазақстан Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті, (№141) БК (большевиктер) Партиясының Қазақстан өлкелік партия комитеті мұрағаттық қорларынан алынған.

Тарихи-құжаттық көрме бес тақырыптық тараудан, республиканың мұнай және газ өнеркәсібінің дамуының негізгі кезеңдерінен тұрады. Бірінші бөлімде мұнай кәсіпшілігінің революцияға дейінгі кезеңдегі, кеңес билігінің алғашқы жылдарындағы құрылу тарихы, екінші бөлім – соғысқа дейінгі кезең, үшінші бөлім Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің құжаттарынан, төртінші бөлім Маңғыстау түбегіндегі мұнай және газ табылғаннан кейін мұнай және газ саласының дамуы туралы құжаттардан тұрады. Көрме Қазақстанның тәуелсіздік кезіндегі құжаттар топтамасымен аяқталған. 

Аталған іс шараға мұнай және газ саласының ардагерлері, Н.Ә.  Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының, «Өзенмұнайгаз» АҚ өкілдері, Қазақстан-Британ техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері, Орталық мемлекеттік мұрағаттардың басшылары қатысты. Қазақстан Президенті Мұрағатының директоры Б.Ә. Жапаров дөңгелек үстелдің жұмысына қатысушылар мен қонақтарға арналған сөзінен бұрын  мемлекет қайраткері, Қазақстан Премьер-Министрі болған Н.Ө. Балғымбаевты еске алып үнсіздік жариялау рәсімімен бастап, Тәуелсіз Қазақстанның мұнай-газ  саласының қалыптасу тарихын баяндайтын деректі фильмнің көрсетілімімен отырыстың басталатының айтып өтті.

Қазақстан аумағында тұңғыш мұнай орны 1911 жылы ашылып, пайдаланыла бастады. 1911 жылғы 29 сәуірдегі Доссор мұнай көзінің ашылуы Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің дамуының бастамасы болып саналады. Көрмедегі құжаттар алғашқы мұнай көздерінің ашылу және игерілуі туралы, темір жолдардың салынуы және елдің өнеркәсіптік орталықтарына мұнайды тасымалдау үшін алғашқы мұнай құбырын салу туралы ресми ақпараттар береді. Мұнай кәсіпшіліктерінің даму жолдары, қойылған мақсаттар, соғысқа дейінгі кездегі мұнай өндіру орындарының өзекті мәселелері туралы есептер мен баяндамалар, «Ембімұнай» трестінің басқарма бастығы Я.Лаврентьевтің Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) Партиясының Орталық Комитетінің Хатшысы И.В. Сталинге мұнай кәсіпшіліктерін тез арада техникалық жабдықтаудың қажеттілігі туралы жазған хаты ұсынылған. Құжаттарда мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері, оларды шешу жолдары көрсетілген. Құжаттардың бір бөлігі соғыс кезеңін қамтиды. Бұл майданға шақырылған мұнайшыларды алмастыру үшін әйелдерден кадрлар дайындау туралы мәлімет беретін құжаттар. Жоспарды артығымен орындау, әскери қажеттілікті өтейтін мұнай өндіру бойынша алған міндеттемелерді орындау (стахановшылар қозғалысы) жөнінде есептер. Гурьев қаласында бірінші мұнай өңдеу комбинатын (Атырау мұнай өңдеу комбинаты) салуды бастау туралы  және Орал-Ембі мұнайтасушы аудандағы жаңа мұнай орындарын одан әрі игеру туралы құжат бар. Мұнай және газ өнеркәсібінің даму тарихындағы маңызды кезең – Маңғыстау түбегіндегі мұнай және газдың табылуы. Бұл кезең де құжаттар және фотосуреттермен дәйектелген. 90-жылдарда тәуелсіз Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту арқылы мұнай өндіру саласын белсенді түрде дамыта бастады.

nefteprovod_332

Н.Ә.  Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының атқарып жатқан қызметі туралы осы қордың қызметкері Роза Асылбекқызы Рахметова баяндады. Бұдан әрі мұнай және газ саласының ардагерлері Бекбосынов Нұрлыхан Үтеуұлы, Жолтаев Герой Жолтайұлы, Оздоев Сұлтан Мажитұлы, Қуантаев Нысанбай Есеркепұлы өз саласының тарихын және келешек даму жолдарын баяндап, осы мамандықты таңдаған жастарға өз өнегесін жеткізді. Қазақстан-Британ техникалық университетінің професоры С.З. Қабдолов өзінің ғылыми зерттеулері, осы саладағы патенті туралы баяндама жасап, Қазақстандағы ғалымдар арасындағы сабақтастық туралы айтып өткен болатын. Аталған іс шараға Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның көлік басқармасының директоры Қ.С. Жүгенбаев баяндама жасап, мұнай ұңғымасынан алынған сынаманы Мұрағатқа  табыстады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев заңдар мен үкіметтік бағдарламалар қабылдап, қомақты шетелдік инвестицияларды тартты, шетелдік компаниялармен бірлестікте көптеген кәсіпорындар пайда болды, Каспий теңізінің құрлығы мен шельфінде мұнай және газ орындарының кең көлемді игерілуі басталды. Көрмеде тәуелсіз Қазақстанның мұнай және газ саласының дамуының тарихи сәттерін көрсететін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары қойылды. Қазақстанда әрқайсының қоры 1 млрд тоннадан астам мұнай орындары шоғырланған, бірінші кезекте бұл – Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған.  

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы «Қытай-Жібек жолы» ІІ Халықаралық форумда алғаш рет жарияланып, «Бір аймақ –  бір жол» бағдарламасы негізінде бүкіл Евразиялық өңірде мұнай-газ саласының одан әрі дамуының түбегейлі жаңа жолдары ашылады.  Бүгін елдің мұнай-газ саласы – ұлттық экономиканың басты сегменттерінің бірі. Осы орайда жұртшылықты Қазақстанның мұнай және газ өнеркәсібінің құрылу және даму тарихымен таныстыру, оның қойнауын игеру тарихы, жаңа мұнай орындарының ашылуы, қазіргі заманғы кәсіпорындарды салу – жалпы алғанда елді жедел индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға қызмет етеді.

Жиынды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының директоры Б.Ә. Жапаров мұрағатта Қазақстанның басқарушы органдарының 700 мыңнан аса істері сақталатынын және осы құжаттар арқылы еліміздің әр алуан саласын қамтитын осындай тарихи-құжаттық көрмелерді өткізу жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасатын айтты.