АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН . ПӘТЕР ИЕЛЕРІ ПӘЛЕГЕ ҰРЫНДЫ

pogudx21o3o170j25g.76e93706Астанадағы «7 Континент» тұрғынүй кешеніндегі жүзден астам пәтер иелерінің жекеменшік құқығын заңсыз деп табуды талап етіп «Нұрбанк» АҚ сотқа берді. Нұрбанк тұрғынүй кешеніндегі адамдар сатып алып, бірнеше жылдан бері өмір сүріп жатқан пәтерлердің банкте кепілдікте тұрғанын мәлімдеп, жылжымайтын мүлікті қайтаруын талап етуде.

Бұл даудың тамыры әріде жатыр.  Пәтерлерді сату тарихы 2012 жылы басталған. «Capital Petrol» құрылыс компаниясы мен Нұрбанк арасындағы тартыс өткен жылы сотқа жетті. Екі бұқа сүзіссе ортасындағы шыбын өледі, дегендей жақында миллион долларды бөлісе алмай жатқандардың ортасында үшінші жақ – құрылыс компаниясынан пәтер сатып алғандар пайда болды. Алайда «7 Континент» ТК тұрғындары сотта жауап беретіндердің санатында екендіктерін наурыз айының басында ғана естіді. Шағымданушы «Нұрбанк» АҚ. Банк құрылыс компаниясы кепілге қойған, бірақ оны жұртқа сатып жіберген жылжымайтын мүлікті қамаққа алуды соттан талап етіп отыр. Ал тұрғындар болса бұл іске қатысы жоқ екенін дәлелдеп бағуда, өйткені олар әртүрлі банктерден кредит алып құрылыс компаниясынан баспананы өз қаржыларына сатып алған. «7 континент» тұрғынүй кешені Есілдің оң жағалауындағы орталықта орналасқан бизнес класс тұрғын үйлері болып саналады. Салынған үйдегі пәтерлер әлдеқашан сатылып, тіпті кейбір пәтерлер бірнеше рет қолдан қолға өтіпті. Мысалы, Шыңғыс Т. бесінші қожайын екен.  Бірі «Capital Petrol» құрылыс компаниясынан сатып алса, екіншілері жеке тұлғалардан сатып алған.

Тұрғынүй кешенінің Д блогындағы 105 пәтердің дені ипотекаға алынған. Бұл пәтерлерде қазір кемінде 300-ден астам адам тұрып жатыр. Пәтерлердің иелері сату-сатып алу келісімін жасағанда жылжымайтын мүлік ешқандай кепілдікте болмаған, құжаттардың барлығы нотариуспен расталып, заңды түрде бекітілген. Қалалық Әділет департаменті мүліктің жеке меншікте екендігі жайлы куәлікті берген. Енді бірнеше жыл өткеннен кейін Нұрбанк тұрғындардың осы сату-сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп танып отыр.   «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1 бабы 1 пунктіне сәйкес,   нотариат – бұл нотариалдық әрекет ету жолымен жеке және заңды тұлғалардың заңды мүддесін және құқығын қорғауды қамтамасыз ететін, білікті заң көмегін көрсететін құқықтық институт. Егер Әділет департаментінің, нотариустың бекіткен құжаттары сотта жарамсыз деп табылып жатса не болғаны, дейді тұрғындардың құқығын қорған жүрген он шақты заңгерлердің бірі Асқар Тұяқбаев.

Банктің сотқа түсірген шағымы бойынша, «Нұрбанк» АҚ пен «Capital Petrol» ЖШС арасында 16.10.2008 жылы кредиттік желі ашу туралы келісім жасалады. Соған сәйкес кредит алушы «Capital Petrol» ЖШС-не 81 292 105,55 АҚШ доллары көлемінде қаржы ұсынылады. Несие келісімі бойынша заем алушы «Capital Petrol» ЖШС өзінің міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде Кенесары–Ғабдуллин және Баянауыл-Иманбаев көшелерінің шекарасындағы 18 қабатты К-4 Тұрғын үйге үлескерлік құқығын береді. Рәсімделген кепілдік келісімі негізінде банк соттан осы мекенжайдағы пәтерлерге меншік құқығын алып беруді сұрап отыр.

«Заңсыз сот шешімін алу арқылы Нұрбанк біздің заңды түрде ие болған мүлкімізді алып алуға әрекет етуде. Актілер біздің қатысуымызсыз жасалуда. Бәрі құпия жасалуда. Бұл бізді сот қорғанына құқымыздан айырады. Сот біздің пәтерлерімізге шектеу қоймақшы», дейді тұрғындар.

Құрылыс компаниясының менеджері  Қайрат Никишевтің мәлімдеуінше, «Capital Petrol» ЖШС ешқандай несие алмаған. «Ондай жағдайда банк ақша түскен шотты көрсетсін. Банктың алдында ешқандай қарызымыз жоқ. Біздің арамызда тек несие алу туралы келісім болған, ал ешқандай ақша аударылмаған» деп отыр компанияның өкілі. Астана сотының баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, «Capital Petrol»  ЖШС-ға 2008 жылдың16 қазанында 81,3 млн доллар, ал «Shyryn LTD»-ға сол жылдың соңында 31,2 млн доллар ақша аударылған.

– Банкке құжаттарды сотқа алып келсін деп талап-арыз қойғанбыз, бірақ құжаттардың түпнұсқасын емес көшірмесін ғана алып келді. Көшірмені қолдан да жасап алуға болады ғой. Екі ортадағы ақшаның шотқа түскенін, олардан қаржының аударылғанын әлі күнге дейін дәледей алмай отыр. Жақында ғана кепілде тұрған, несиесі бар пәтерлерге қойылған арыздар алып тасталынды, пәтерлер қожайындарына қайтарылды деп ақпарат түсті. Бірақ оның қаншалықты рас екендігін айта алмаймын. Сондықтан нақты құжатты қолымызға алмай тұрып бір нәрсе айту қиын, — дейді заңгер Асқар Тұяқбаев.

Осылайша құрылыс компаниясы мен банк арасындағы миллиондаған қаржының қайда екенін ешкім мойнына алғысы келмейді, сөйтіп бұл дауға ешқандай қатысы жоқ үшінші жақ – пәтерлерді маңдай тер ақшасына сатып алған тұрғындарды тартуда. Осындай біртүрлі, қызық үштаған пайда болды. «Нұрбанк» АҚ таратқан соңғы ақпараттарға қарағанда, олар заң бойынша әрекет етуде. «Үй қожайындарына ешқандай арызымыз жоқ, оларды пәтерлерінен айыратын да ойымыз жоқ» деп мәлімдеді. Осыдан кейін «7 континент» ТК тұрғындары сәл жүректерін басқандай болды, бірақ баспанадан айырылып қалу қаупі әлі толықтай сейілген жоқ. Құрылыс компаниясы банктің қаржысын қайтарып бере алмаса кепілдікке қойған 105 пәтерге ауыз салуы мүмкін ғой. Өткен жылғы қараша айындағы экономикалық сотта «Capital Petrol» құрылыс компаниясы жеңіліп қалған.  Енді жақында болатын сот процесі осы үлкен даудың басын ашып беретін болады.