АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.Прокуратура жылдық жұмысын қорытындылады

Даулбаев АсхатАстанада Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Мәжілісте өткен жылдың жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған бірінші кезектегі міндеттер анықталды.

Алқа жұмысына Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Президент Әкімшілігінің және Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары және Бас прокуратура жанындағы Консультативтік кеңес мүшелері қатысты. Жиын барысында қадағалау қызметінің нәтижелері талданды, проблемалық сұрақтар көтеріліп, алдағы кезеңге басым міндеттер айқындалды.

Өткен жылы прокуратура органдарының қызметі Мемлекет басшысының тапсырмаларын, барлық бағдарламалық құжаттарды заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Конституцияның талаптарын сапалы орындауға, адам құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталды. Бас прокуратура бес институттық реформаны жүзеге асыруға белсенді түрде қатысуда. Мемлекеттік басқару жүйесін, құқық қорғау жүйесін реформалау, сондай-ақ заң үстемдігі қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі прокуратураның ұсыныстары Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан қолдау тапты.

Бас прокурор Асхат Дауылбаев заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қадағалау органының жұмыс тиімділігінің басты индикаторы ретіндегі азаматтардың сенім деңгейін арттыру бойынша тиімді жұмысты қамтамасыз етуді тапсырды. Реформаларды жүзеге асыру мақсатында қабылданған заңдардың қолданылуын тиісті түрде бақылауды тапсырылды. Мемлекеттік қазынаны толықтыру және бюджет қаражатын жұмсау саласына қадағалауды күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, қадағалау тәжірибесін жетілдіру, жұмыстың камералдық әдісіне біртіндеп көшу қажеттілігі айтылды.

Қылмыстылықпен күрес жөніндегі жұмыстың ашықтығын және ішкі істер органдары жұмысына жұртшылық тарапынан бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетте жұмыс істеп тұрған ақпараттық сервисі негізінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы жасалуда (32-қадам). Қазіргі уақытта сервис барлық облыс орталықтары, Астана және Алматы қалалары, сондай-ақ 20 моноқаланы қамтып отыр. Жобаны толыққанды жүзеге асыру үшін 7 моноқала және 250-ден астам аудан орталығын қосу қажет. Оның толық қызмет етуі биылғы жылға жоспарланған.

– Қылмыстық ахуал қылмыстың тіркелуінің 13,3%-ға (341 291-ден 386 718-ге) өсуімен сипатталады. Атап айтамын, тек қана тіркелуі. Өсім 2015 жылы бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтардың қылмыстық теріс қылықтар қатарына өтуі (тіркелген 40 208 теріс қылықтың  32 544-і), сондай-ақ онша ауыр емес қылмыстар 66 пайызға, ауыр санаттағы қылмыстардың 2,8 пайызға және аса ауыр қылмыстардың 0,7 пайызға (2 150-ден 2 165-ке) өсуі есебінен болды. Сонымен қатар жағымды үрдіс ретінде ауырлығы орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар санының 8%-ға (271592-ден 249840-ге дейін) азайғанын атап өтуге болады. Қабылданған шаралар арқылы қылмыстардың ашылуы туралы мәліметтер шынайы жағдайға жақындатылды және ол ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 58,5 пайызды құрады. Қылмыстарды есепке алудан жасыру фактілері бес есеге азайған. Қылмыстық сот өндірісі шеңберіне тартылған азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау саласында қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылған тұлғалар санын 159-дан 37-ге дейін — төрт есеге төмендетуге қол жеткіздік, соның ішінде қамауда заңсыз ұстау фактілері 50-ден 10-ға дейін — бес есеге және заңсыз ұстау фактілері 79-дан 5-ке дейін – он бес есеге азайған. Кепілдің әлемдік тәжірибесі енгізіліп, олардың саны 3 711-ден 16 217-ге дейін – бес есеге артты. Осының нәтижесінде қамауға алу саны 21%-ға (12 306-дан 10 132-ге дейін) азайды және ол тек бұлтартпау шарасының өзгелері мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады, — деді жиындағы баяндамасында Бас прокурор Асхат Дауылбаев.

Коллегия ГП-15.01.2016Кінәні мойындау туралы мәміле институты да елімізде тиімді қолданылуда. Олар соттарда бір күн ішінде қаралады, жәбірленушілер мен куәларды шақырудың қажеті жоқ. Өткен жылы 3 мың іс қаралып, соның 77 пайызы бойынша үкім шығарылған екен. Сотқа дейінгі өндірісті оңайлату және Құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған жаңалықтардың бірі ретінде процесс прокуроры институтын енгізуді айтуға болады. Өткен жылы процесс прокурорлары 1200 маңызды деген қылмыстық істер бойынша процеске қатысыпты. Жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау саласында прокурорлар 4 мың азаматтың конституциялық құқықтарын қорғаған. Осындай қадағалау жұмыстарымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау қамтамасыз етіліп, шағын және орта бизнес үшін әкімшілік кедергілер қысқартылды. Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 330 мың заң бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қолданды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 15 мыңнан астам қаулының және 232 нормативтік құқықтық актіні қоса алғанда 14 мың заңсыз актінің күші жойылып, өзгертілген.

– Өткен жылы 56 мыңнан астам кінәлі адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 849 қылмыстық құқық бұзушылық бойынша сотқа дейігі тергеу басталды. 414 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтары, 270 мың кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөніндегі жұмыстар тұрақты бақылауда тұр. Қабылданған шаралардың негізінде көлемі 779 мың, кадастрлық құны 27 млрд.-тан астам теңгені құрайтын 1 148 жер телімі қайтарылды. Жалпы көлемі 1,2 млн га топырағы тозып кеткен 470 жер телімі анықталды. Осыған орай уәкілетті органдарға топырақтаың құнарлылығын қалпына келтіруді талап ете отырып заңдылықтың бұзылуын жою туралы 100-ден астам ұсыныс енгізілді. Табиғатты қорғау туралы заңнамалардың сақталуына қадағалау жүргізуге ерекше назар аударылды. Тек Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ғана анықталған экологиялық заңнамаларды бұзушылықтар бойынша «Карачаганак Петролеум Оперейтинг» компаниясының қазақстандық филиалынан 9,5 млрд теңге өндірді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында прокурорлар 14,5 мың заң бұзушылықты анықтап, жойды. 7,5 мың бизнес субъектісінің құқықтары қорғалды, ал оларды бұзғандары үшін 806 лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау мәселелері бойынша қадағалау күшейтілді. Бюджетке 92 млрд сомасында шығын өтелді. Сонымен қатар мемлекетке жалпы сомасы 45 млрд теңгенің мүлкі қайтарылды. Мемлекеттік сатып алулар саласында 6 мыңнан астам бұзушылықтар анықталды, екі жарым мыңнан астам лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.алдын алу жұмыстары барысында біз 32 млрд-тан астам теңге мемлекетке залал келтіруге тосқауыл қоюдық, — деп мәлімдеді Бас прокурор Асхат Дауылбаев.

Прокуратураның атсалысуымен Қазақстанды «түрмедегі адамдар» саны жоғары 50 елдің қатарынан шығару жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды. Сотталғандарға шартты түрде мерзімімен бұрын босату және жазаны неғұрлым жеңіліне ауыстыру тәрізді ынталандыру шараларын қолдану түрме халқының санын 8 мыңға азайтуға мүмкіндік берді және ол алғаш рет 40 мыңнан төмендеді. Бас бостандығынан айырылғандар саны 26,2 пайызға немесе 8 673-тен 6 871 адамға азайыпты. Мерзімімен бұрын босату туралы өтініштерді қанағаттандыру 70 пайызға жеткен. Нәтижесінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингінде 55-ші орынға қарай жылжыды және алдыңғы қатарлы еуропалық елдермен бір қатарға орналасыпты.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас Прокурор облыстардың прокурорларына бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау бойынша мүлтіксіз шаралар қабылдауды тапсырды.

– Тұтастай алғанда прокуратура органдары өткен жылы заңдылықты, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету жөнінде біздің алдымызға қойылған міндеттерді жемісті орындады. Енді біздер ағымдағы жылдың басым бағыттарын айқындауымыз қажет. Бірінші кезекте Мемлекет басшысы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру үшін қабылданған 59 заңның тиісті қолданылуына қадағалау жасауды қамтамасыз етуді стратегиялық бағыт ретінде анықтаймын.Сондықтан прокуратураның барлық қызметкерлерінен Президенттің бастамаларын орындауға үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етемін. Екіншіден. Құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қолдауынсыз қылмыспен және өзге де заңсыздықпен күресудің тиімді болуы мүмкін емес. Халықпен сенімді байланыс арналарын орнату жолымен жұртшылықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ете отырып «мүлдем төзбеушілік» қағидасын жүзеге асыру жөніндегі барлық жұмысты қайта қарау қажет. Мұнда жергілікті полицияға маңызды рөл беріледі. Оған қажетті ұйымдастырушылық-құқықтық көмек көрсету керек. Үшіншіден. Қадағалау алдын алу сипатында болуы тиіс. Ол үшін болжау және талдау жұмыстарын күшейту керек. Біздер заң бұзылғаннан кейін ықпал ету тәжірибесінен алшақтап, жұмыстың екпінін профилактикаға және алдын алуға ауыстыруымыз қажет. Прокурорларға заңның бұзылуы мүмкін жағдайларға және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырудың талпынысына алдын ала әсер ете отырып,  заңдылықтың жай-күйіне мониторингті күшейтуді тапсырамын. Төртіншіден. Прокуратура органдарының алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыру халықтың белгілі бір сенім деңгейі болмайынша мүмкін емес. Сондықтан әрбір өтінішті мұқият және объективті қарау біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі болып қала бермек, — деп Бас прокурор Асхат Дауылбаев нақты тапсырмалар берді.