[:kz]
Шілде, тамыз айларының ыстығында тау басындағы мұзарттар еріп, 2-3 мың биіктіктегі ойпат-сайларға жиналып көлдер пайда болады. Бұл көлдерді бақылауға алмаса ернеуінен асып, бір мезетте төмен қарай лақ ете түседі де, асау арынды өзен жолындағы ағаш, тастарды жинап қоймалжың селге айналады. Бұл тау бөктерін мекендейтін тұрғындарға өте қауіпті табиғи құбылыс.
Тау басындағы көлшіктер жыл сайын орындарын ауыстырып отырады. Кейбір жылдары халық тығыз орналасқан Алматы облысының аумағындағы Алатаудың мұзарттарынан пайда болатын көлшіктердің саны 2-3 мыңға жетеді екен. Сондықтан оларды бақылау үшін жыл сайын тікұшақпен тау сілемдерін айналып ұшып, олардың тұрған жерлерін картаға түсіріп, есепке алады. Содан кейін бұл көлшіктерге бақылау жасайды.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың тапсырмасымен министрдің орынбасары Ю.Ильин,орынбасары Р.Тауфиқов, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы С.Әубәкіров, «Қазселденқорғау» мекемесі Алматы қалалық филиалының басшысы Р.Әміржанов және Алматы құтқару қызметінің бастығы Д.ЧухонцевАлатау сілемдеріндегі сел қаупі бар Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы өзендері бассейндеріндегі ахуалды білу үшін тікұшақпен әуеден бақылау жасады. Ұшу барысында тау басында жаңадан пайда болған қар суларының көлдеріне зерттеулер жасалып, Кіші Алматы өзені бассейніндегі №6, Үлкен Алматы өзені бойындағы №13-Бис, Оң жақ Ақсай өзені бассейніндегі № 4 және № 8 көлдеріндегі атқарылып жатқан қауіпсіздік жұмыстарын барып көрді.
«Қазселденқорғау» мекемесі Алматы қалалық филиалының басшысы Р. Әміржановтың мәлімдеуінше, қазіргі кезде сел қаупін туғызып отырған № 13-Бис көліне судың деңгейі қауіпті жағдайға дейін көтерілмес үшін 5 су сорғыш (жалпы қуаты 500 л/сек) қойылыпты. Суды арнайы арнамен ағызып жіберу үшін екі шағын экскаватор жұмыс істеп жатыр. Көлдегі судың көлемі алғашқы өлшем бойынша 305 мың текше метр болған екен. Қазіргі кезде судың азаюы 2,8 метр болған. Демек, көл суының ернеуін жырып төмен ағу қаупі сейілді. Ал № 6 көлдегі жиналған қар суының деңгейі механикаландырылған тәсілмен 8 метрге төмендетілген. № 4 көлдегі жиналған алғашқы су деңгейі 198,2 мың текше метр болған екен, қазір су толған шұңқыр толықтай құрғатылыпты. Өткен жылдары тасып аққан Ақсай өзенінің жоғарғы жағында пайда болған № 8 көлшіктегі суды секундына 90 литр қуаттылықпен соратын техникалар жұмыс істеуде. Дәл қазір көлдегі судың деңгейі тұрақты деп саналады.
Тікұшақпен бақылау аяқталғаннан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, Алматы қаласы әкімшілігінің, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Алматы қалалық филиалының селге қарсы бірлесіп жасап жатқан жұмыстарына оң баға берді.
Жалпы алғанда таулы аймақтардағы сел қаупі бірнеше күн бойы толастамай жауатын нөсерлі жауындар кезінде де болады. Үлкен Алматы бассейнінде ондай жағдайлар да болған. 2006 жылы шілдеде жауыннан жиналған топансу Күмбелсу өзені бойымен сел боп ағып, Алма Арасан сайындағы жолдарды шайып, бес көпірді алып кеткен. Селдің жалпы массасы, Күмбелдің жоғарғы ағысындағы бірінші гидростансаның тұсында секундына 100 текше
[:]