Қайыржан ТӨРЕЖАН. СЕЛ ҚАУПІ СЕЙІЛЕ БАСТАДЫ

скачанные файлы (2)Биылғы жазда Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде қатты ыстық болды. Соның салдарынан Алматы облысының таулы аймақтарында сел жүру қаупі туындады. Шілденің аптабында бұл өңірде ауа температурасы 40-43 градустан жоғары болуына байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары  сел жүру қаупінен абай болуға шақырады.

 

Биылғы жылы су тасқыны облыс тұрғындарын жаз шықпай жатып қатты әбігерге салды. Ақпан айында Алматы облысының екі кенті – Мұқыры мен Қаражиденің үйлері  тәуліктеп, нөсерлетіп жауған жауын суының астында қалды. Қатты жауған нөсер жауынға еріген қар суы қосылып, ол үлкен өзенге айналған. 13 ақпанға қараған түні Талдықорғанның қала маңындағы Мұқыры кентінде дала мен тау бөктерлерінде еріген қардан аққан су республикалық Алматы-Өскемен тас жолының бір бөлігін басып қалды. Көлік қозғалысы тежелді, топан су жол бойындағы үй аулаларын алды. Қаратал ауданының Қаражиде кентінде 16 үйді су басып, 2 үй су астында қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, су тасқынының арнасын елді мекендерден басқа жаққа бұрып жіберу үшін түнімен жұмыс жүргізілді. Тасқын судың келтірген залалдарын жоюға бірнеше техника жұмылдырылып, жаңа арна қазылған, оның жағалауы құм толтырылған қапшықтармен бекітілді. Су басқан үйлердің тұрғындары эвакуацияланып, туыстарына орналастырылды.

 

Бұл қыста болған оқиға, ал жаз кезінде тосыннан келетін, адам өміріне өте қауіпті су тасқындарының көзі басқа жақтан пайда болады. Жыл сайын Алатаудың биік мұзарттарындағы қалың қармаусым айының аяғына қарай, шілденің шіліңгір ыстығы келгенде күрт еріп тау басында жүздеген кішігірім көлшіктер  пайда болады. Осы мезгілде Алматы облысының таулы аймақтарындағы өзендердің суы молайып, арнасынан асып, ағысы қатты болады. Соған байланысты мамандар тауға шыққан тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Олары бекер емес, тау өзендері жылдың осы мезгілінде арнасынан жиі шығып кетіп жатады. Мысалы, биылғы жылы 21 шілдеде Алматы облысының Талғар ауданында сел тасқыны жүріп өтті. Куәгерлердің сөзінше, су мен батпақ тасқыны көшені шайып, бірнеше құрылыстарды қиратқан.

 

images

 

Жақында Алаты облысының тұрғындарын әбігерге салған табиғат құбылысына қатысты осындай оқиға болды. 23 шілде күні түнгі сағат 03.00 шамасында Наурызбай ауданындағы Қарғалы және Қарағайлы елді мекендерінде таудан аққан су тасқыны әкелген лай жергілікті өзендердің сағасын жауып қалып, арнасынан шықты. «Қазселқорғау» мемлекеттік мекемесінің ақпаратынша, тоғанның тұтастығы бұзылмаған. Алайда, бірнеше елді мекендер су тасқыны болған аумақта қалды. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен Қарғайлы және Таусамалы ықшамдаудандарын ішінара су басты. Селдің салдарынан Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандары зардап шекті.Жолдарды су шайып, бірнеше үйлерге зақымданды. Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерлан Нұрғалиевтың мәлімдеуінше, Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзеніндегі су тасқынының көбеюі туралы ақпарат 03.00-те келіп түскен. ТЖД-нің мәліметінше, Қарағайлы және Каменка елдімекендерінде су тасқыны орын алды. Су бөгеті жарылмаған. Жақын маңдағы елді мекендердегі адамдар қауіпсіз жерге дер кезінде көшірілген. Оқиға орнында құтқарушылар, полиция, әкімшілік және ТЖД қызметкерлерін қосқанда 440 адам жұмыс істеді. Тиісті органдар төтенше жағдайдың салдарын жоюға дереу кірісіп кетті. Наурызбай ауданы әкімшілігінде және 176-мектепте зардап шеккендерді медициналық және психологиялық көмекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін қабылдау пункттері ашылды. Жолдарды, тоғандарды лайдан тазарту жұмыстары әлі жүріп жатыр, оған 836 сарбаз жұмылдырылды. Қазақстандықтар Алматыдағы селден зардап шеккендерге көмекке 50 миллион теңге жинап берді. Оны таратумен мемлекеттік құрылымның және қоғамдың ұйымдардың өкілдерінен құралған арнайы комиссия айналысады.

 

Сел қаупі Алматы облысындағы таулы аймақтарда әлі де сейілген жоқ. Синоптиктер ауа температурасының көтерілуіне және жауын-шашынның күтілуіне байланысты 4-7 тамыз аралығында Алматы облысындағы тауларда сел жүру қаупінің сақталатынын тағы да ескертті. Дегенмен, таяу күндерге арналған ауа райы болжамына сәйкес, Алматы облысынан өзге аймақтардың басым бөлігінде ыстықтың беті қайта бастайды. Қазақстанда тамыздың бірінші және екінші онкүндіктің соңында және үшінші декаданың ортасында күн салқындайды, деп хабарлады ауа райын болжайтын Қазгидромет мекемесі.

 

Демек, сел қаупі Алматы облысында сәл де болса сейілді. Бірақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оған қарамастан табиғат апаттарының алдын алу жұмыстарын жүргізе береді. Тасқын судың, селдің өзен арналарымен өтуін қамтамасыз етуге дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізу үшін ТЖ департаменті – «2015 жылы болуы ықтимал қар көшкіндеріне, су тасқындарына, су басуларға, сырғымаларға, сел тасқындарына дайындық және олардың зардаптарынан халықтың, шаруашылық жүргізуші объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және болуы мүмкін шығынды азайту туралы» Алматы облысы әкімдігінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы №37 қаулысы; Алматы облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесінің 2015 жылы тасқын судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары сияқты нормативтік құқықтық құжаттар әзірлеген. Қазір сол жоспарлар бойынша жұмыс істеуде.

 

– Су тасқыны және сел қауіпі бар өзендердегі су деңгейіне ұдайы мониторинг жүргізу үшін, облыс аумағында «Қазгидромет» РМК және «Қазселденқорғау» ММ-нің Алматы облысы филиалдарының 121 гидрометеорологиялық посты ашылды, оның ішінде  стационарлық (тұрақты) 100 бекет және  маусымдық 21 пост бар. Олардан тәулігіне екі рет мәліметтер келіп түседі. Егер өзендер деңгейінің күрт көтерілу қаупі туындаған жағдайда, халықты құлақтандыру бойынша жедел шараларға кірісеміз. Облыс аумағында су тасқыны мен сел құбылыстарын болдырмау бойынша биыл бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары М. Бигелдиевтің бекітуімен 2014 жылдың 23 ақпанында құрылған комиссия құрамы үстіміздегі жылғы 24 ақпан және 3 наурыз аралығында облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстар мен су тасқыны болу қаупі неғұрлым жоғары учаскелерге тексеру жүргізді. Өкілетті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген тексерулер нәтижесі бойынша 170 гидротехникалық құрылыстың 107-і қосымша жөндеуді және қатаң бақылауды қажет ететін құрылыстар ретінде анықталды, олардың республикалық меншігіндегілері – 10, коммуналдық меншіктегілері – 52, жеке меншіктегі гидротехникалық объектілер – 45. Сондай-ақ, су тасқыны қаупі жоғары 145 учаске анықталды, оның жалпы ауданы 8 647 шақырымды құрайды. Су басу аумағына 122 елді мекен, тұрғындар саны 78 288 адамды құрайтын 16 394 тұрғын үй, 50 өндірістік ғимарат, әлеуметтік мәдени-тұрмыстық мақсаттағы 28 нысан, 128 электр желісі бағандары, 103 шақырым теміржол және автомобиль жолдары желісі кіреді. Су қоймалары бөгетінің бұзылуына және аумақ пен елді мекендерді су басуына жол бермеу мақсатында 2011 жылдан бастап облыс аумағындағы коммуналдық меншіктегі 7 су қоймасына және 6 су торабына жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. 2012 жылдан бері экономикалық маңызын жоғалтқан 14 су айдыны мен су қоймаларында су ағызу жұмыстары жүргізілген. Бұдан басқа, 2015 жылдың су тасқыны қаіпті кезеніне дайындалу мақсатында 2014 жылы 28 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, 10,2 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны қауіпті өзен арналарының 44,9 шақырымына жағалауды нығайту, тереңдету, арнасын түзету және кеңесту жұмыстары жүргізіліп, 11,3 шақырым канал қазылып, тереңдетілді. Бұл жұмыстарға жалпы соммасы 1 млрд 051 млн 633 мың теңгеге жұмсалды. Бұдан басқа қыруар жұмыстар атқарылды. Су тасқындарының алдын алу үшін 127,7 тонна бензин және дизельді отын мөлшерінде жанар-жағармай қоры, 341 мың 132 дана қап, 6 мың тоннадан астам құм және қиыршықтас дайындалды, ұзындығы 1 мың 713,2 шақырым арық, 556,2 шақырым канал, 1530 бірлік су өткізу құбыры тазартылды, 444 мың м³ астам қар шығарылды, — дейді Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ішкі істер қызметінің полковнигі Сәбит Битаев.

 

Оның айтуынша, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Қазседенқорғау» мемлекеттік мекемемен бірлесіп биіктегі тау өзендері бассейндеріне, сел, сырғыма қауіпті учаскелерге 78 жаяу және 2 аэробақылау арқылы тексерулер жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 10 маусымдық биік таулы бақылау қосыны, ашылған. Барлық сел қауіпті өзендер бойынша 34 ақпараттық тақтайша орнатылып, 247 ескерту таратылған.

 

– Су тасқынына қарсы инфрақұрылымды салу үшін, 2015 жылдың су тасқыны кезеңінің екінші кезеңіне дайындық жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен 459 млн 999 мың теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржының: 82 млн 867 мың теңгесі Іле өзені тармағының сағасын механикалық тазартуға, 69 млн 704 мың теңгесі Панфилов ауданындағы Айдарлы ауылы маңындағы канал мен қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіруге, 53 млн 261 мың теңгесі Балқаш ауданындағы Бақанас және Ақжар ауылдары аумағынан ағып өтетін Іле өзенінің жағалауларын нығайтуға, 50 млн теңгесі «Аққайыр» каналын механикалық тазартуға, 48 млн 890 мың теңгесі Талдықорған қаласының «Агропромышленник», «Шайқорған», «Үйтас» саяжай қоғамдарының аумағынан ағып өтетін Қаратал өзенінің қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіруге, 48 млн 172 мың теңгесі «Нарын» каналын механикалық тазартуға, 43 млн 071 мың теңгесі Қаратал ауданындағы Қаратал өзені арнасын механикалық тазартуға, 20 млн теңгесі Талғар ауданының Талғар қаласындағы «Жаңа Қуат»  коттедждік қалашық маңындағы каналды тазалауға, 15 млн 141 мың теңгесі Күшік-Кәлпе МК резервтік каналын салуға, 8 млн теңгесі Іле және Қаратал өзендерінің арнасын механикалық тазарту үшін ЖСҚ әзірлеуге, 6 млн теңгесі Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінде топырақ ұстағышты салу үшін ЖСҚ әзірлеуге, 4 млн 388 мың теңгесі Талғар өзенінің оң жақ жағалауын нығайту үшін ЖСҚ әзірлеуге, 4 млн 300 мың теңгесі Талдықорған қаласы Қаратал шағын ауданы маңындағы Қаратал өзенінің оң жақ қорғаныс бөгетін монолитпен күшейту үшін ЖСҚ әзірлеуге, 2 млн 380 мың теңгесі Есік және Түрген өзендерінің арнасын тазалау және терендету үшін ЖСҚ әзірлеуге, 2 млн 370 мың теңгесі Мутная өзенінің арнасын тазалау және терендету үшін ЖСҚ әзірлеуге, 860 мың теңгесі Тышқан өзенінің арнасын тазалау және терендету үшін ЖСҚ әзірлеуге, 400 мың теңгесі Қаскелен өзенінің арнасын түзету үшін ЖСҚ әзірлеуге, 195 мың теңгесі Қырғауылды өзенінің арнасын тазалау және терендету үшін ЖСҚ әзірлеуге бөлінді, — деп департамент басшысы Сәбит Кенжеханұлы жұмсалған қаржы көлемімен таныстырып өтті.

 

Жалпы алғанда, төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға Алматы облысы әкімдігінің және аудандар мен қалалар әкімдіктерінің резервінен 179,4 млн теңге қарастырылған екен. Сондай-ақ су тасқыны және сел қауіпті учаскелерге аэровизуалды бақылау жұмыстарын жүргізу үшін әуе көлігі қызметіне және өзендер мен су қоймаларындағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі жарылыс жұмыстарын жүргізуге (15 және 30 млн теңге) 2015 жылдың облыстық бюджетіне 45 млн теңге салынған. Халықты оқыту және ақпараттандыру жұмыстары облыс аумағында тұрақты түрде жүргізілуде. Осы мақсатта теледидар, радио арқылы халықты төтенше жағдайлардан қорғануғ алдын алу туралы түсіндірмелер ұйымдастырылып, баспасөзде осы бағыттағы көптеген мақалалар жарияланған, су тасқыны мен сел тақырыбындағы 64 мыңнан астам дана буклет пен жадынамалар таратылыпты. Жергілікті тұрғындарды апатты жағдайдан қалай қорғануға үйрететін селге қатысты 153 жаттығу өткізілген. Алдағы уақытта болуы ықтимал төтенше жағдайлар туралы тұрғындарды құлақтандыру 229 электросиренасы және 225 бірлік арнайы құлақтандыру құрылғылары бар автокөліктер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, 2014 жылғы қарашадан бастап 11 эфирлік телехабар таратуды тоқтатып қойып төтенше жағдайлар жөніндегі хабарды тарату жүйесі енгізіліпті. Сондай-ақ облыс тұрғындарының Алматы облысы ТЖД БКДҚБ жедел кезекшісінің бұйрығы бойынша ұялы байланыс операторларының SMS-хабарламаларын алу мүмкіндігі бар.

 

Облыс аумағындағы аудандар мен қалалардағы 19 құрамада 2632 адам қызмет етеді, олар әртүрлі 783 бірлік арнайы техникамен, 37 дана жүзу құралдарымен, суды соруға арналған 60 бірлік мотопомпамен, 2 әуе кемесімен жабдықталған. Биылғы жылғы сел қаупі маусымын Алматы облысының құтқарушылары абыроймен өткерді. Алайда, сел қаупі сейілгенмен алдағы уақытта өрт қаупі маусымы басталғалы тұр. Құтқару қызметіндегілер үшін табиғи және техногендік апаттардың алдын алу жұмыстары жыл он екі айға жалғаса береді.