АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН. Шекара шежіресі

а.jpgр«Көршіңмен тату бол» деген қағида әр елде бар. Дегенмен, барлық саусақ бірдей емес, қатар қоныстанған көрші үйлердің де араларында келіспеушіліктер, кикілжіңдер болып жатады. Мәселен, біреудің жеріне екіншісі кіріп кететін «жер дауы» дейтін бітпейтін дау бар. Егер мұндай мәселеге әлемдік масштабпен қарайтын болсақ, бұл – мемлекетаралық соғысқа бастайтын үлкен проблема. Мысалы, Израиль мен Палестина, Иран мен Ирак, Әзірбайжан мен Армения, Ресей мен Грузия арасындағы қарулы қақтығыстардың басты себебі – жер мәселесі. Шекара проблемалары көптеген елдердің арасында болғанмен оның барлығы келіссөздер арқылы реттеліп жатады. Кезінде Кеңес үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасында да жер аумағына қатысты проблема болды. КСРО ыдырағаннан кейін оның орнында пайда болған жаңа жас мемлекеттер өзара шекараларын белгілеп, іргелерін қымтады. Әрине, мемлекеттік шекараны делимитациялау, демаркациялау оңай шаруа емес, әрқайсысы көрпені өздеріне қарай тартқан тараптар жер бөлісуге келгенде бірден келісе салған жоқ. Өзбекстан мен Тәжікстан, Қазақстан мен Қырғызстан, Қазақстан мен Ресей араларында шекараны бөлген кезде проблемалар болды. Одақтас республикалар арасындағы шекаралардағы проблемалардың барлығы дипломаттардың арқасында оң шешіліп, тігісі жатқызылды. Ал сыртқы шекара бойынша біраз уақыт шешілмей келген мәселелер болды. Мысалы, айналасында орналасқан бес мемлекет Каспий теңізін қалай пайдалануды әлі толық шешкен жоқ. Бүгінде Ресей Жапониямен Оңтүстік Сахалин және Курил аралдарын бөлісе алмай жатыр. Ресейдің көрші Қытаймен де даулы территориялары бар. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай әдетте шекара мәселесіне келгенде өз ұстанымын қатаң және бір ізбен, табанды жүргізеді. Жер аумақтарына қатысты Қытайдың жан-жағындағы барлық мемлекеттерге дерлік өзіндік талаптары бар. ХХ ғасырдың соңына дейін Қытай Халық Республикасына Сянган (Гонконг), Аомыньмен (Макао) арадағы проблеманы және батыс шекарадағы «даулы учаскелерді» реттеу керек болды. Бирмамен арадағы жер дауы шешілді, енді Қытай Үндістан, Ресей аумақтарындағы даулы учаскелерге талап қойып отыр. Қазақстан мемлекеттік шекарасын барлық жағынан заңдастарып алды, бірақ бізде де Қытай елімен шекарада даулы аумақтар болды. Алайда, ежелден іргелес отырған екі елдің арасындағы шекара бірнеше ғасыр бұрын межеленіп, әлемдік тарихтан орын алған.

 а.jpgр.jpgр

          Қазақ-қытай шекарасының қалыптасуының тарихы ХVIII ғасырдың ортасынан басталып, ХХ ғасырдың аяғында толықтай аяқталды. Бұл күрделі процесстің тарихнамасы екі жарым ғасырға созылыпты. Моңғол хандығы құлағанға дейін, ХIV ғасырдың екінші жартысынан бастап ХVII ғасырдың екінші жартысына дейін, 300 жыл бойы Қытай қазақ хандықтарымен шекаралас болған жоқ. Қазақ хандығының құрылуы сияқты саяси маңызы бар оқиғалардан Қытай тыс қалды. Қазақ хандықтары мен Қытай елінің ортасында (1635-1757 жж.) екі жақты бөліп, өзара байланыстырмаған Жоңғар хандығы тұрды. Тек ханьдарға маньчжурлік Цин династиясы билігін жүргізген кезде Қытай шекарасы қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағына бір табан жақындады. Қаракерей Қабанбай бастаған қазақ әскері жоңғарларды қазіргі қытай жеріне қарай ысырып тастағаннан кейін Цин билігі 1757 жылы Жоңғар және Жаркент хандықтарын басып алды.

Цин империясымен бірге сол тұста Орта Азияға батыстан, солтүстіктен және шығыстан Ресей империясы кіре бастады. Екі экспансияның түйісу нәтижесінде олардың арасында бірнеше мәрте келісімдер жасалып, ХIХ ғасырдың аяғында Орталық Азияның саяси картасын жасау жұмыстары аяқталды. Алайда, бұл процесс барысында сол кездегі «батыс учаскесінде» орыс-қытай шекарасын қалыптастыру толықтай біткен жоқ. Ол патшалық Ресейдің құқығына ие болған КСРО ыдырағаннан кейін, ортаазиялық кеңестік республикалардың орнында бес мемлекет  пайда болғаннан кейін де жалғасып, күні кешеге дейін созылды. Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері қазір Қытай мемлекетімен, анығырақ айтқанда Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданымен шектеседі. Бүгінде Қытай жағының ұсынысымен бұл елдер және Ресей Федерациясы ҚХР-мен шектесетін оңтүстік шекараны қайта қарап, жаңа келісімдер жасады.

Кеңес-қытай шекарасының тарихы тым тереңге кетеді. Бірақ сонда да Ресей мен Қытай аралығындағы шекара аумақтарында даулы учаскелер қазірге дейін бар. Оның себебін келтіре кетейін. Тарихи деректерге қарағанда, алғаш 1685 жылы қарашада Ресей патшасы Цин империясымен арадағы шекараны анықтап, бейбітшілік және сауда қарым-қатынасын орнату үшін, Қиыр Шығыстағы Амур бойына елшісін аттандырады. Елшінің қасына Мәскеуден 20 нөкер, 1400 күзетші мен қызметшілер еріп шыққан. Сөйтіп, 1689 жылдың 29 тамызында Нерчинск қамалының түбінде екі жақтың елшілері кездесіп, Ресей мен Цин империясының арасындағы шекара жігін анықтау, бейбіт қарым-қатынас орнату туралы келісімге қол қояды. Алайда манчьжур келісімінде өзен, тау, жер атауларын орыстар өздерінше, қытайлар өздерінше көрсеткен. Сөйтіп, бұл тарихи құжатта жер-су атаулары әртүрлі жазылғандықтан және қолдарында жергілікті аумақтың картасы болмағандықтан артынша бірқатар түсініспеуліктер туып, шикіліктер шыққан. Араға жылдар салып екі жақ Амур мен Уссури өзендері бойымен шектелетін және Уссуриден Жапон теңізіне дейінгі шекара сызығын анықтайтын Кяхтынск келісімін (1727 жылы) жасайды. Бұл келісімнің де шала жақтары болған сияқты, құжатты жаңарту үшін екі жақ қайта жиналып, 1858 жылы Аргунь келісімін жасайды. Одан кейін де, 1860 жылы Бейжіңде, 1881 жылы Петерборда екіжақты келісімдерге қол қойылды.

Алғашқы жасалған келісімдерде бірқатар қателіктер жіберілген, екі жақтың құжаттарында айырмашылықтар болған екен. Оның үстіне халықаралық заңдарға сәйкес келісімді жаңартып қайта жасау керек болды. Осылайша өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында екі жақтың шекарасын нақты анықтайтын картаға түсірілген «қызыл сызық» жасалды. Осы келісім бойынша Амур өзеніндегі 1040 аралдың 794-і Кеңес үкіметіне қарайтын болды. Бұл құжатпен Қытай-Ресей арасындағы Қиыр Шығыстан батыс дейінгі шекарасы анықталды.

Қытайдың Қазақ елімен шектесетін тұстары 1864 жылы Шәуешек хаттамасында құжатталған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Кеңес-Қытай арасындағы саяси, идеологиялық қатынастар өзгеріп, салқындық пайда болды. 1962 жылы көктемінде Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға мыңдаған қазақтар мен ұйғырлар өтті. Оған жауап ретінде қытай билігі КСРО-ның Үрімшідегі бас консулдығын және Құлжа мен Харбиндегі консулдықтарын жауып тастады. 1963 жылдың 17 мамырында қытай-кеңес шекарасындағы шиеленістерге байланысты кеңес билігі шекара бойындағы кейбір учаскелерді анықтау бойынша екіжақты келісімдер жасауды ұсынды. Шекара мәселесіне басқа да бірнеше саяси мәселелер қосылып, ҚХР 1950 жылы жасалған экономикалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі келісімнен бас тартты.

Осы кезде Мао Цзедун басқарып отырған Қытай үкіметі шекарадағы 22 учаскеге қатысты талап қойып, 1,5 миллион шаршы шақырым жер Ресейге өтіп кеткенін мәлімдеді. Оның ішінде Қиыр Шығыс, Тыва, Моңғолия, Қазақстан және Орта Азия елдеріндегі кейбір жер аумақтарына қатысты келісімдер дұрыс жасалмаған деген талас тудырды. Оның арты КСРО мен ҚХР арасындағы қарулы қақтығысқа соқтырды. 1969 жылдың 15-ші наурызында Кеңес үкіметінің Қиыр Шығысындағы Даманск аралында кеңес-қытай арасындағы алғашқы қантөгіс болды. Одан кейін сол кездегі Семей облысы Мақаншы ауданындағы Дулаты ауылының түбінде 2-10 мамыр аралығында, 13 тамызда Жалаңашкөл маңында қарулы қақтығыстар орын алып, екі жақтан да адам шығыны болды. Сол кездегі екі ел басшылары жүргізген саясат, бір-біріне деген қырғи-қабақ көзқарастың арты осындай қантөгіске соқтырды.

Қытай жағының ол кездегі «даулы учаскелер» бойынша талабы тіпті қисынсыз еді. Егер олардың айтқанына көнетін болсақ Шу-Талас өзенінен Балқашқа дейінгі аралықты, одан әрі Ертістің бойымен Алтайға дейінгі жерді беруіміз керек екен. Онда солтүстік аумақты орыстарға беріп, қазақтар Бетпақдала мен Қызылқұм ғана қалмақ. Естеріңізде болар, сол кездерде Қазақстанның сулы-нулы, құнарлы жерлеріне қытай көз алартып отырғанда, А. Солженицын сияқты ресейлік шовинистер Орталық Азияны «Ресейдің бауырында жатқан жер» деп шықты. ҚХР «даулы учаскелер» проблемасын көтеруге, көрші елдердің аумағын өздеріне қаратуға, қытай халқына үлкен қасырет әкелген «мәдени революция» себеп болды. Жетпісінші жылдары қытайлықтардың өздері «мәдени революцияны» қатты сынға алды.

Кейіннен Гобачевтің «қайта құру» заманында Кеңес үкіметі мен  ҚХР арадағы саяси қарым-қатынас түзелді. Екі жақ та шекарадағы даулы мәселелерді консультациялық жолмен шешуге дайын екендігін білдірді. КСРО ыдырағаннан кейін де Орталық Азиядағы мемлекеттермен осындай диалогтар жалғасын тапты.  Қазақстан дербес мемлекет болып бөлініп шыққан күннен бастап мемлекеттік шекараны заңдастыруды қолға алды. Қазақ-қытай шекарасының  демаркациясы 1994-1997 жылдарда жасалды, ХХІ ғасырдың басында екі жақ келісімінің құжаттары бекітілді. Қазақстан ежелгі көрші Қытай елімен арадағы «даулы учаскелердің» түйінін екіжақты шешіп, достық-ынтымақтастық қатынасты жалғастыруда.