АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.СОҒЫС БОСҚЫНДАРЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

босқынКеше Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Холокост: тарихи естелік – өміршең ұлттың негізі» атты тарихи-құжаттық көрме өткізілді. Бұл шара бүгін атап өтілетін Холокост құрбандарын халықаралық еске алу күніне орайластырылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығын мерекелеу және ұлыстар мен конфессия аралық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау аясында ұйымдастырылып отыр.

ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Вермахт әскерлері басып алған  жерлерден эвакуациясы жасалған, өмір сүріп жатқан туған өлкесін тастап алыс жақтарға көшуге мәжбүр болған босқындар тақырыбы бүгінге дейін зерттеліп жатқан тарих беттері. Сол тарихтардың бірі Холокост босқындарына қатысты. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында, 1941-1942 жылдары Кеңес Одағының батыс өңірлеріндегі халықтарды жаппай эвакуациялау шарасы – масштабы, мерзімдері, шұғыл жағдайына қарай мемлекет және оның халықтары тарихындағы үлкен қиыншылықтар, қайғы-қасырет әкелген қара дақ болды.

 Соғыс басталғаннан кейін арада бес күн өткенде, БКП (б) Орталық Комитеті мен КСРО Халық комиссарлары комитеті «Адам контингенті мен бағалы мүліктерді көшіру мен орналастыру тәртібі туралы» қаулы қабылдады. Бұл кезде КСРО-ның айтарлықтай бөлігі фашистік Германия әскерімен жаулап алған аумағында қалған. Қаулыға сәйкес, көшіру тәртібі мен көшірілетін аумақтардың кезектілігін даярлау жұмыстарымен айналысатын Эвакуация жөніндегі кеңес құрылды, адамдарды тамақпен және медициналық жабдықтармен қамтамасыз ететін эвакопунктер ұйымдастырылды.

1941 жылдың 2 қазанындағы Қазақ КСР ХКК-нің эвакуациялық бөлімінің деректері бойынша, майдан іргесіндегі аудандар  –  Ленинград пен Мәскеу қалаларынан Қазақстан жеріне 65 691 адам көшіріліпті, оның 11 931 ерлер, 28 213 әйелдер және 25 547 балалар болған. Эвакуацияланған адамдар республиканың түрлі аймақтарына: Батыс Қазақстанға (Гурьев, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары) – 14 257 адам, Оңтүстікке (Жамбыл, Қызыл-Орда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары) – 13 728 адам, Орталыққа (Қарағанды облысы) – 1 105 адам, Солтүстікке (Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) – 22 524 адам, Шығысқа (Семей, Шығыс Қазақстан облысы) – 11 443 адам, Алматы қаласына – 2 634 адам қоныстандырылған екен.  Жалпы алғанда Қазақстанға 1941 жылдың тамызы мен 1942 жылдың қаңтар айлары аралығында 386 492 адам эвакуацияланған.

Кешегі Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде ұйымдастырылған «Холокост: тарихи естелік – өміршең ұлттың негізі» атты тарихи-құжаттық көрмені Президент мұражайы «Мицва» Ассоциациясымен бірлесіп дайындапты. Көрмеге соғыс жылдарында Қазақ КСР-не қоныс аударылған халықтарды орналастыру бойынша әкімшілік органдардың қолданған шараларынан сыр шертетін архивтік құжаттар, эвакуацияланған халықтарды орналастыру жөніндегі құжаттар қойылған. Қазақстан КП (б) мен ХКК-нің «Эвакуацияланған халықты жұмысқа орналастыру және тұрмыстық қызмет көрсету туралы» қаулысының орындалуы туралы партияның облыстық комитетттерінің баяндама хаттары, ақпараттары мен мәліметтерін де осы көрмедегі құжаттардан көруге болады. Бұдан кейінгі жылдардағы тарихи құжаттар – Қазақстанға қоныс аударылған саяси эмигранттардың тізімдері және олардың материалдық жағдайы туралы облыстық комитеттермен хат алмасулар, қоныс аударылған мәдениет саласының қызметкерлері, жазушылар, кино саласы қызметкерлері мен өнер қайраткерлерінің тізімдері, қоршаудағы қалалардан қоныс аударылғандар және майдан іргесіндегі аудандардан көшірілгендердің тізімдері, қоныс аударылғандардың есеп карточкаларын тіркеу кітаптары, Қазақстан КП (б) хатшыларының атына эвакуацияланғандар жазған хаттар мен өтініштер және соларға жауаптар, сол кездегі тарихи жағдайлардан хабардар ететін басқа да  хат алмасулар да көрмеден орын алған. Көрмеде осы тақырып бойынша кітап экспозициясы көсетілді.

Шараға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар қатысып, пікірлерін айтты.