АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ЖАЛҒАН АҚША ЖАСАУШЫЛАР КӨБЕЙДІ

фальшмонеЭкономикалық дағдарыстартар кездерінде қай мемлекетте болмасын жалған ақша жасайтындар белсене іске кіріседі. Жалған ақша жасаушылықтың мәселелерін зерттеумен айналысқан атақты неміс ғалымы Гюнтер Вермуш бұл туралы «Ақшаның өзі жалған ақша жасаушылықтан бұрынырақ шықты, бірақ, олардың айырмашылығы небәрі бір-екі күннен аспайды» деген анықтама береді.

Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 9 айында республикада Қылмыстық кодекстің 231-бабы бойынша (заңсыз ақша немесе бағалы қағаздар жасау, сақтау, алып өту немесе өткізу) 2 349 қылмыс тіркеліп, оның 338-і сотқа жіберілген екен. Ал өткен жылдың осы уақытында 1 153 қылмыс тіркеліп, оның  814-і сотқа жіберілген болатын. Осыған қарап соңғы жылы ел ішінде фальшмонетшілердің 2-3 есеге көбейгенін көруге болады. Бас прокуратура жүргізген талдау барысында мұндай деректердің басым бөлігі Алматы (1 376),  Астана (404) қалалары мен Павлодар (101),  Қарағанды (89)  және Шығыс Қазақстан  (102) облыстарында тіркелген.

Бас прокуратура 2-ші департаментінің қызметкері Дәулет Тілеубаевтың айтуынша, ақша бірліктері жүйесін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау саласындағы қылмыстық жағдай күрделі күйінде қалуда және олардың жасырын болуы салдарынан ашылу деңгейі төмен болып отыр (қысқа мерзім ішінде ақша иесі бірнеше рет ауысуы мүмкін). Жалған ақша жасау әдетте жан-жақты дайындалып, терең құпияда ұсталатын, қылмыскерлер үнемі сақ жүріп, сәл ғана қауіп сезілсе жұмыстарын уақытша тоқтата қоятын қылмыс түріне жатады. Мұндай қылмысты ашу көп жағдайда кәсіпкерлер мен банк жүйесі қызметкерлерінің купюраның табылғандығы туралы уақтылы хабарлауына, жалған ақша қаражатын өткізген әрбір жер бойынша құқық қорғау органдарының тез арада әрекет етуіне байланысты.

         Прокуратураның сараптамалары нәтижесіне қарағанда, көп жағдайларда сотқа дейінгі тергеулер Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде  (СДТБТ) тіркелген жалған ақша купюрларын жасау деректері бойынша жүргізген, сонымен қатар жалған ақшаның басым бөлігі банк филиалдарында, айырбастау пункттерінде және пошта бөлімшелерінде анықталған, бұл жалған ақша сапасының жақсарғанын, дүкендерде, базарларда және т.б. орындарда қабылдап алған адамның жай қарап шығу арқылы оны жалған екенін ажыратуы мүмкін еместігін көрсетті. Жалған ақша жасау деректерінің көбеюіне заманауи компьютерлік технологияның дамуы мен тұрмысқа дендеп енуі, күрделі баспаханалық ұйымдастыру техникасының қолжетімділігі ықпал ететінін айта кету керек. Мұндай қылмыс түрі өте жақсы ұйымдастырылған, техникамен жақсы жарақтандырылған және оны жоғары табысты бизнес көзіне айналдырған топтардың қолымен жасалады. Осындай себептерден қылмыстың бұл түрімен күрес шиеленісті сипат алып отыр.

        Көбінесе ұлттық валютамыздың 2 мың, 5 мың және 10 мыңдық купюралары қолдан жасалады екен. Мысалы, Алматы қаласында бір-біріне желіммен жапсырылған,  бір беті шын, екінші беті жалған 2 бөліктен, тұратын 2 мың теңгелік 142 купюра шыққан. Жалған ақшамен ұсталған тұлғалардың барлығы дерлік есеп айырысуға жалған ақша беріп тұрғандарын білмейді. Азаматтардың айтуларынша жалған ақшаны олар базарда, дүкенде есеп айырысу кезінде немесе қоғамдық орындарда ақша ұсақтағанда алған.

        –  Белгілі қиындықтарға қарамастан құқық қорғау органдары жалған ақшаларды өткізушілерді ғана емес, оны дайындаушыларды анықтау бойынша жұмыстарды жүргізуде. Биыл Солтүстік Қазақстан облысының Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері жүргізген  шұғыл-іздестіру шараларының нәтижесінде Петропавловск қаласының аумағында қолдан жасалған 2 мың теңгелік ақша купюрасын өткізумен айналысып жүрген  2 адам ұсталды. Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің Экономикалық тергеу қызметі жүргізген шұғыл-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған ақша жасаумен айналысатын цех ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеттері тоқтатылды. Бұл топ 3 ай бойына Алматы қаласы және Алматы облысының аумағында номиналы 2 000 теңге болатын жалған ақша жасаумен, сақтаумен және өткізумен айналысып келген. Сол сияқты Жамбыл облыстық Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері жүргізген осындай шұғыл-іздестіру шаралары кезінде номиналы мың теңгелік жалған ақша жасаумен айналысатын цех анықталды. Тексеру нәтижесінде жалған ақша жасаушылардың қылмысқа қатысы анықталды, айыптау үкімі шығарылды. Қостанай облысында 1 мың теңгелік жалған ақша жасаумен, сақтаумен және өткізумен айналысып келген 3 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылды, — дейді Бас прокуратура 2-ші департаментінің қызметкері Дәулет Тілеубаев.

         Жалған ақша жасаудың ең көп тараған түрі құйма принтерлердің көмегімен жасау, өйткені осы әдіспен ақша жасау ең қарапайым әрі жеңіл деп есептеледі. Бұл типтегі принтерлер сапасы үнемі жақсартылып отырады, сондай ақ, олар бояуларды барынша дәл бере алады. Дегенмен, купюраны анықтап қараған адам, оны шын ақшадан ажырата алады. Мысалы, жалған ақшаларада ұсақ мөр, басқа да кішкентай элементтер болмайды, қағазы жұқа және көбіне суреттері жайылып, бұлыңғыр болып кетеді.

        Дәулет Тілеубаевтың айтуынша,  жалған ақша жасаушылықтың жолын кесу және ескерту шаралары ретінде, касса және басқа да ақша мен құнды қағаз айналымына қатысы бар қызметкерлерге жалған ақша жасау жолдары мен оларды қалай анықтауға  болатыны туралы нақты мағлұмат беруді дағдыға айналдыру керек. Несие-қаржы мекемелерін полиция органдарымен байланыстыратын дабыл белгі беру қондырғыларын  жүйелі тексеруден өткізу маңызды. Қылмыстың бұл түрінің алдын алу шараларының бірі, банк карталарын пайдалану арқылы есеп айырысу жүйесін кеңінен пайдалану болып табылады, өйткені бүгінде көптеген сауда орындары осы төлем түрін жүргізетін терминалдармен жарақтандырылған. Тұрғындарды жалған ақша жасаушылардан сақтандыру мақсатында құқық қорғау органдары дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, брошюралар жасап таратып жтыр. Сараптау нәтижесі бойынша Бас прокуратура Қаржы Министрлігі Мемлекетттік кіріс комитетіне көрсетілген санаттағы қылмысты ашу бойынша жұмысты жандандыру туралы хат жолдады. Жалпы құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмысы жалғасуда