АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.ЖАЛҚАУЛЫҚТЫ ЖЕҢЕТІН ЖАПОНДЫҚ ӘДІС

Жапондықтар жалқаулыққа қарсы «Кайдзен» деген тәсіл (немесе ол бір минуттың принципі деп аталады) ойлап тауыпты.  Жапон ғалымдарының пікірінше, әлемдік экot1fIjVh1d4ономикалық дағдарыс  кезінде еріншектік, жалқаулыққа жол беруге болмайды, ел экономикасын көтеру үшін халық ең алдымен жалқаулықтан арылуы керек екен. Психологтардың айтуынша, адам өміріндегі қолайсыз жағдайларға бірден бір себеп болатын нәрсе – жалқаулық екен. Ал бойкүйездік, еріншектік, жалқаулық, кертартпалық деген бізде де бар, оны жасыруға болмайды. Жаңа жылдан бастап жаңаша заңмен өмір сүреміз, еселеп еңбек етіп дағдарыстан шығуға күш саламыз деп жатырмыз. Олай болса алдымен жапондық кайдзен философиясын пайдалана отырып еңсені басқан жалқаулықтан арылуымыз керек шығар.

         Уақыт шіркін, ештеңеге қаратпайды. Дөңгелетіп әкетеді. Бірақ уақытты бағалаған адамға бір минуттың өзі оның өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Мұны жапондықтар дәлелдеп отыр.  Мәселе біздің уақытты қалай бағалауымызда екен. Мәселен, күйбең тірлік, қарбаласпен жүріп тағы бір жылды артқа тастадық. Бір жылдың ішінде әлемде көп өзгерістер болды. Ал өз басымызда қандай жақсылық,  ауыртпалықтар болды, жыл аяғында әрбір адам осыны таразыға салады. Келер жылды бұдан да табысты өткізуді армандамайтын адам бұл өмірде жоқ шығар, сірә. Жаңа жылдың алдында әрбір адам алдағы жылға нақты жоспар жасайды, алдына асқақ мақсаттар қояды. Бірақ сол ойлағандарының бірқатарыны қол жеткізе алмай немесе үлгермей жатады. Неге?

         Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Біреулер бала кезінен біреулердің айтқанымен жүреді де алдына ешқандай мақсат қойып, оған жетуге тырыспайды, ал екінші біреулер өмірден шаршайды, ештеңені өзгерткісі келмейді. Ондай кезде «қол тимейді» деп өзіміздің арамызда ақталамыз. Ал психологтар басқаша пікірде: адамзат ештеңені өзгертуге аса құлшынбайды, өйткені оған әдеттенбеген. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысуы үшін оған қалыптасқан әдет керек. Ал оның қалыптасуы үшін аз дегенде үш апта, ал максимум үш ай уақыт қажет болады екен. Не нәрсе болсын аздан бастаған жөн. Өмірді жаңа бастаған, бойларында күші тасыған жастардың талаптары таудай болады және алған бетінен қайтуы да оңай, өзгеріске бейім тұрады. Уақыт өте келе адамда өзіндік пікір, көптеген әдеттер қалыптасады, сөйтіп сол шеңберден шығуға күш-жігері жете бермейді. Тіпті өзін өзі жеңіп, жаңа бағытқа бет бұрған күннің өзінде ол өте қиынға түседі, тез жалықтырады және тез арада әдеттеніп кете алмайды. 

         Бұдан шығатын жолды жопандықтар ұсынып отыр. Кайдзен тәсілі «бір минуттық» принципке негізделген: адам белгілі бір іспен күнде бір мезгілде тура бір минут қана айналысады. Бір минут уақыт – тым қысқа, демек кез келген адам үшін оны орындап тастау оп-оңай. Жалқаулық жолыңызға кедергі болмайды. Әртүрлі сылтауларды ойлап тауып, сылбыр жүріп жарты сағатқа созатын бұл жұмысты бір минуттың ішінде жасап шығасыз. Мысалы, шет тілінде кітап оқу, ішті тарту гимнастикасын жасау, көзге массаж жасау, иоганың әдістерін қайталау сияқты жұмыстарды бір минуттың ішінде орындап отыруды әдетке айналдыру адамды сергітіп, бойына сергектік, көңілініе қуаныш ұяялатады. Шағын ғана қадамдармен адам өзін өзін жетілдіреді, үлкен нәтижеге қол жеткізеді. Бұл жерде адам өз бойындағы күшіне сенімсіздікті жеңеді, әлсіздік пен өзін кінәллау сезімінен арылады, табыс пен жеңісті сезінеді. Содан қанаттанған ол келе-келе бір минуттық істі 5 минутқа ұзартады, сөйтіп әрі қарай ұлғайта береді. Кейін жарты сағатқа дейін созатын болады, нәтиже деген осы!

Кайдзен деген ұғым жапонның «кай» (өзгеріс) және «дзен» (даналық) деген екі сөзінен құралған. Бұл менеджмент концепциясының авторы Масааки Имаи болып санаалады. Оның пікірінше, кайдзен – бұл бизнесте де, адамның жеке өмірінде де қолданылатын нағыз философия. Жапондықтар бұл стратегияны менеджмент саласында кеңінен қолданады. Қазақстанға арнайы іссапармен келген Жапон Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің сарапшысы Хаджиме Сузукидің айтуынша, кайдзен әдісін пайдалану нәтижесінде Жапонияда жаппай өзгерістер болып жатқан көрінеді. Кайдзен философиясын өндірістік процестерді, басқаруды жетілдіру деп түсіну керек. Ал бизнесте – өндірістен бастап жоғарғы басшылыққа дейін, директордан жұмысшыға дейін үнемі жетіліп, алға жылжу. Бұл жердегі негізгі мақсат – шығынсыз өндіріс болып табылады. Қазақстанда кайдзенді әлі толықтай қабылдай қойған жоқ, бірақ бұл философия Азия елдерінің барлығына дерлік кеңінен тараған.